Біздің қоғамда осындай үлкен жиындардың пайдасы қанша деген күңкіл мен ептеп қыжылы сезілетін сауал жиі аңғарылғанмен, әлемдік сарапшылар Астана форумының жылдан-жылға ауқымы кеңейіп, шымырланып келгендігін, ойды ой қозғайтынындай экономикалық түйткілдерді бірлесе шешуде тың идеялардың дүниеге келіп жатқанын айтады. Әйтпесе, кез-келген кең жиынды аса менсіне қоймайтын Нобель сыйлығының лауреаттары Астанаға келмес те еді.
Мысалы, осыдан бір-екі жыл бұрын Санк-Петербург форумына бір-ақ лауреат барғанын ескерсек, Астанаға ондап ағылатын нобельдіктердің құлшынысынан біздегі форумның беделін безбендеу қиын емес.
Бұл форумның артықшылығы – әлгі Давос форумы сияқты жабық саясат ұстанбайды. Әрі олар сықылды делегаттардың қалтасына қарамайды, ешкімнен ақы сұрамайды.
Келемін, көремін, айтамын дегеннің тілін тұсаған емес. Әрі Боао Азиялық форумындай географиялық тұрғыда да шектелген жоқ. Астана форумында Азия құрлығындағы емес, жиһандағы мәселелер талқыланады.
Тағы бір ерекшелігі, біздегі форум ақшалы компанияларға емес, ақылды ғалымдардың келуіне зор маңыз береді. Мысалы, Доминго Кавалло. Атынан ат үркитін сарапшы-ғалым. Аргентина орталық банкінің экс-президенті. Экс-экономика министрі.
Бұл кісіні аргентиналықтар әлі күнгі «ғажайып экономист» ретінде құрмет тұтады. Себебі, осыдан 20 жыл бұрын Аргентина үлкен қаржылық қиындыққа ұрынғанда, бұл кісі радикалды реформаларды қолға алып, елді экономикалық дағдарыстан құтқарып қалған.
Инфляцияны 0 пайызға төмендетіп, Аргентина песосын американ долларына тең қылған. Ол шақта Кавалло Экономика министрі болатын. Астана форумына келген атақты экономист «Аptа.kz»-ке эксклюзивті сұхбат берді.
-Доминго мырза, Аргентина халқы сізді «Экономиканың құтқарушысы» деп атайды. Дағдарысты жеңу оңай болмаған шығар?
- Аргентина өте жоғары инфляциядан көптеген жылдар бойы жапа шекті. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңы мен 90-шы жылдардың басында бізде гиперинфляция болып, оның деңгейі жылдық есеппен алғанда тіпті мыңдаған пайызға жеткені бар.
1991 жылдың наурызында экономика министрі болып тағайындалғанда, мен қымбатшылықты толық жою жоспарын жүзеге асыра бастадым. Содан кейін біздің экономика он жыл бойы тұрақты дамыды.
Он жылдың ішінде жүргізілген реформалар қарқынды дамуға жол ашты. Өсім мен тұрақтылық тұрғысынан алғанда, ол кезеңнің экономикалық саясатын аргентиналықтар әлі күнге дейін жақсы бағалап отыр.
- Дегенмен, 2001-2002 жылдардағы дағдарыс кезінде қайтадан қиын жағдайға тап болдыңыздар ғой. Қазір мысалы, Аргентинада инфляция деңгейі 30 пайызға жетті. Бүгінгі билік сонда қауқарсыз ба?
- Сол кезде біз мемлекеттік шығындарды қысқарту, бюджеттік тапшылықты кеміту арқылы экономикалық тұрақтылықты сақтауға тырыстық. Өкінішке қарай, бір үкіметтің орнын екінші үкімет басты.
Қысқасы, билік ауысып, жаңа монетарлық саясат жүргізіле бастады. Олар не істеді? Долларды песоға конвертация жасап, ұлттық валютаның құнын көтереміз деп ойлады. Бірақ, халық бұған сенген жоқ.
Тұрғындар банктердегі депозиттерін песоға айналдырғанымен, доллардың нарқы түскен жоқ. Қайта, Америка валютасы көтеріліп, песо тағы да құнсызданды. Сұмдық девальвация экономиканы тұралатып, инфляция деңгейін бір жылдың ішінде-ақ, 30 пайызға көтеріп жіберді.
Бұл – 2002 жылы болған оқиға. Содан кейін үкімет бағаны күшпен ұстауға, инфляцияны тоқтатуға тырысты. Бірақ, ол әрекеттен түк шыққан жоқ. Қымбатшылық жалғасып, халықты әбден қажытып жіберді. Жағдай біз де әлі де қиын.
-Қазіргідей дағдарыс кезінде инфляцияны төмендетіп, теңгенің бағамын ұстап тұру үшін қазақ билігіне қандай кеңес берер едіңіз?
- 2002 жылы Аргентина қолға алған монетарлық саясатты қайталамаулары керек. Егер оны қайталайтын болса, біз бастан кешкен жағдай мұнда да болып, инфляция деңгейі тоқтаусыз көтерілуі мүмкін.
Рубль девальвацияға ұшырауы сіздерге де оңай емес. Сондықтан, мен дұрыс қаржылық саясат жүргізуге, жекеменшіктен тікелей инвестиция тарту үшін реформаларды жеделдетуге, инфрақұрылымды жақсартуға кеңес берер едім.
Сонымен қатар, валюталық тұрақтылықты шама келгенше сақтауға тырысу керек. Ал, доллардан мәжбүрлеу арқылы бас тартуға болмайды. Ең алдымен, теңгені қолдану деңгейін көтеріп, оған деген сенімді арттыра түскен абзал.
-Аргентина 2007 жылы доллардан бас тартты. Нәтижесін білеміз. Қазақстан да экономикасын долларсыздандыруға көшпек. Бұл қадам дұрыс па? Жалпы, долларсыз өмір сүре аламыз ба?
- Меніңше, инфляциямен күресу үшін жақсы монетарлық менеджмент қажет. Ең алдымен, депозиттегі теңгенің пайызы доллармен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары болуы керек.
Қысқасы, доллардың қымбаттауына жол берілмесе, девалвацияның алдын-алуға болады. Егер, теңгеге девальвация қажет болса, оны асығыс емес, бірте-бірте байыппен жүзеге асырған дұрыс.
Ал, экономиканың жақсара түскені байқалған кезде инфляцияны шектеу саясатына көшуге болады. Бірақ, теңгенің тұрақталғанын және халықаралық нарықтағы қауіптің сейілгенін көру үшін, меніңше, 2 немесе 3-4 жылдай уақыт кетуі мүмкін.
-Қазақстан өткен дағдарыстардан бері экономиканы индустрияландыруға көшті. Біз таңдаған жолды қалай бағалайсыз?
- Меніңше, бұл – өсу үшін дұрыс бағыт. Индустрализацияға келсек, адам ресустары мен зауыт-фабрикаларға инвестиция тартудың маңызы зор. Сонымен қатар, көлік және логистика сияқты инфрақұрылымдардың жетілгені де өте маңызды.
Ал, Астананы қаржылық орталыққа айналдыру – Қазақстанды ілгерілету жолындағы тамаша идея. Жалпы, Қазақстанның перспективасын жоғары бағалаймын.
-Сіздің ойыңызша, Қазақстанның 30 елдің қатарына кіру мүмкіндігі қалай?
- Күмән жоқ. Меніңше, Қазақстан бір онжылдан кейін-ақ дүниежүзіндегі ең бай 30 елдің қатарына қосыла алады.
-Болжай аласыз ба? Жаһан дағдарыстан қашан шығады? Әлем экономикасын қалай оңалтуға болады?
- Меніңше, қазір ғалам экономикасы дағдарыстан шығып келеді. Дегенмен, әр жерде өсімнің әртүрлі екенін көріп отырмыз. Тағы бір айтайын дегенім, болашақта дамушы елдер ғаламдық өсімнің моторына айналады.
Өйткені, дамыған елдердегі өсім 2-3 пайызбен шектеліп отырса, дамушы мемлекеттердегі экономикалық өсім жылына 5-6-7 тіпті, 10 пайызға дейін жеткен кездер болды.
Меніңше, жетекші елдер болашақта озық технология өндіріп, әлемдік дамуға серпін беруі тиіс. Ал, дамушы мемлекеттер сол технологияны экономиканың барлық салаларында пайдалануы үшін адам ресурстарын дайындауы керек.
Дамыған және дамушы мемлекеттер арасындағы осындай байланыстар келешекте бүкіл әлемдік экономиканы өсіріп, сол өсімнің игілігін барлық елдер көре алады.
-Астана экономикалық форумы жаһанға, Қазақстанға не береді? Пайда қандай?
- Білесіз, форум дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған делегаттардың басын қосып, ғаламдық проблемаларды талқылауымен қызық. Және мұндай жиындар Қазақстанды өзге әлемге танытудың да тиімді тәсілі.
Сіздердің елдеріңіз өзінің геосаяси позициясы арқылы әлемдегі өсімге және бейбітшілікке игі ықпал ете алады. Меніңше, Қазақстан Президенті таңдаған басқару жолы осы мемлекет үшін жемісті әрі ақылға қонымды болып отыр.
-Доминго мырза, сұхбатыңызға рахмет!
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ