Сергей Плехановтың Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Не шелковый путь» атты кітабы жарық көрді
Белгілі ресейлік жазушы Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап шығарды. Сергей Плехановтың еңбегі «Не шелковый путь» деп аталады. Ол Ресей сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік қабылдау үйінде тұңғыш рет қалың көпшілікке таныстырылды.
Бұл – Мәскеудегі «Международные отношения» баспасының «Әлемдік көшбасшылар» сериясымен шығарған алғашқы кітабы. Автор Қазақстан Президентінің әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде қалыптасқан қайраткерлік жолын ғана емес, ол құрған тәуелсіз, қарқынды дамушы мемлекет туралы, жаһандық қауіпсіздікке сүбелі үлес қосқан тұлғаның рөлі туралы жазған.
Жазушы Қазақстан Президенті туралы кітапқа 15 жылын арнапты. Ол осы уақыт аралығында бүкіл Қазақ елін аралап, Президенттің үзеңгілес достарымен және Қазақ көшбасшысының өзімен де сан рет сұхбаттасқан. Кітаптың таныстырылымына Ресейдің белгілі саясаткерлері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, өнер жұлдыздары мен дипломаттар, көрнекті ғалымдар қатысты.
Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:
Бұл кітапты көптеген саясаткерлер немесе саясатқа енді араласқысы келіп жүрген жастар міндетті түрде оқуы керек. Кітаптың аты айтып тұрғандай, Қазақстан Президентінің саясаттағы жолы оңай болған жоқ.
Бірақ, ол барлық қиындықты жеңді. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлы қандай істі қолға алса да, ол үнемі халқының мүддесін ойлады. Сол үшін барлық тараппен жақсы қарым-қатынас орнатып, елінің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасады.
Виктор Садовничий, М.В.Ломоносов атындағы ММУ ректоры:
Меніңше, автор оқуға жеңіл, жақсы қабылданатын еңбек жазған. Кітапта Нұрсұлтан Назарбаевтың жүріп өткен сындарлы жолы ғана емес, оның Еуразиялық кеңістіктегі, жалпы әлемдегі қайраткерлік тұлғасы мен орны жақсы ашылған. Оны кез келген оқырман қызыға оқитыны сөзсіз.
Мен Қазақстан Президентімен бірнеше мәрте кездестім. Сонау 90-шы жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашақ» деген бағдарламаның болатынын, арнайы президенттік мектептердің ашылатынын айтатын. Қазір соның барлығы іске асты. Сондықтан, Президентке білім мен ғылымға соншалықты қамқорлық жасап отырғаны үшін алғыс айту керек.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы