Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті

10.05.2015
Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті

Мамырдың басы – мереке. Іркес-тіркес келетін үш мерекенің де  мән-маңызы бір-бірінен кем емес. Біздің жұрт қай-қайсын да жатырқамай, жатсынбай атап өтеді. Бірлік күні. Сосын Отан қорғаушылар күні, іле-шала Жеңіс күні. Сол үш мерекенің екеуі осы аптаға түсті.

7-ші мамыр күнгі салтанат Ақордадан басталды. Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев жоғары әскери және арнайы атақтар мен сыныптық шендерді тапсырды. Және соғыс пен тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті.

Мемлекет басшысы әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарған, елдің Ұлттық қауіпсіздігі мен Қорғаныс қабілетін нығайтуда көрсеткен ерлігі, жанқиярлығы үшін бірқатар азаматқа мемлекеттік марапат табыстады.

Ұлттық армия ел Тәуелсіздігі мен тұтастығының тірегі болса, марапатқа ие болған бұл топтағылар нағыз ел қорғандары. Елбасы «Құрмет көрсетілген барлық азаматтар алған атақтарына лайық»,-деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздер мінсіз қызметтеріңіз арқылы жас буынға патриоттықтың үлгісін көрсетесіздер, мұны мемлекет жоғары бағалайды. Марапатқа  ұсынылғандар қатарында Қарулы Күштермен бірге құқық қорғау саласы мен арнайы органдардың өкілдері бар. Олардың негізгі қызметі – елдегі тыныштықты сақтау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Жеңістің 70 жылдығына орай Ақордада соғыс және тыл ардагерлеріне де құрмет көрсетілді. Елбасы бір топ ардагерге «Барыс» және «Құрмет» ордендерін тапсырды. Бүгінгі ұрпақ Жеңіс сыйлаған аға буынның алдында мәңгілік қарыздар екенін еске салды Елбасы.

Шаңгерей Жәнібеков, соғыс ардагері, «Құрмет» орденінің иегері:

Ардагерлердің елдің дамуы жолында  жеткен жетістіктеріне білдірген тілектеріне мен шын жүректен қосыламын.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

 

Хабарламаларға жазылу