Мәскеудегі шеруге Қазақстаннан Құрлық әскері әскери институтының сардарлары қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеудегі шеруге Қазақстаннан Құрлық әскері әскери институтының сардарлары қатысты

10.05.2015
Мәскеудегі шеруге Қазақстаннан Құрлық әскері әскери институтының сардарлары қатысты

Мәскеуде де дәстүрлі әскери шеру өтті кеше. Кремль тыңғылықты әзірленген. Қызыл алаңдағы шеруге Ресейден тыс он мемлекеттің әскерлері қатысты. Қазақстаннан Құрлық әскері әскери институтының 76 курсанты мен сардарлары бар.

Сырт елдерден отызға тарта мемлекеттің басшысы келді. Олардың қатарында Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Шеруде 16 мыңнан аса жаяу сарбаз сап түзеп өтті.

Ресей - қорғаныс жағынан қашанда қуатты ел. Алаңмен 200-ге тарта әскери техника жүріп өтті. «Армата» базасындағы танк, «Бумеранг» және «Курганец» атты жаңа жылжымалы әскери техника көпке бірінші рет көрсетілді.

Әуе күшінің де кемі жоқ, 140 әскери ұшақ Мәскеу аспанында қалықтады. Әскери шеру аяқталысымен отыз елден барған делегаттар  «белгісіз солдаттың» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды.

Қызыл алаңдағы әскери шеруді  2 мыңға тарта соғыс ардагері көрді. Қазақстаннан 70 жылдыққа арналған салтанатқа, еліміздің әр өңірінен 6 ардагер қатысты.

Қаратай Төлебеков, соғыс ардагері:

Қазақстандықтар соғыстың барлық  шешеуші майданына қатысты. Сталинград, Лениград, Курск доғасы, Мәскеуді қорғауға қатысты, Рейгстахқа ту тікті. Сондықтан,  біз бүгін Жеңіс парадына басымызды көтеріп, тіке қарап отырмыз.

Камали Дүйсембеков, соғыс ардагері:

Алғашқыда Мәскеудің Мытищинский ауданын қорғадық. Содан кейін Сталинградқа, сосын Украина, Қырым жерлерімен жүріп өттім. Мына жақта жолдастарымды кездестірдім. 70 жыл бұрыңғыны еске түсіріп отырмын. Елімізде, жерімізде тыныштық болсын.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу