Тұрғын Сыздықов Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында кездесу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғын Сыздықов Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында кездесу өткізді

19.04.2015
Тұрғын Сыздықов Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында кездесу өткізді

Тұрғын Сыздықов Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында және Астана қаласында кездесулер өткізді. Жаһандық жалпы адами құндылықтар – бейбітшілік, достық және интернационализм аса маңызды, дейді ол.

Мемлекеттер жаңашылдық пен төзімділіктің жоғары идеалдарын терең түсіне бастады, деп және бір қайырды кездесулерінде. Үміткер сондай-ақ, Қазақстан коммунистік халықтық партиясы қоғамдық дамудың біртұтас материалистік теориясы ретінде марксизм-ленинизмнің ғылыми және идеологиялық негіздеріне сүйеніп қызмет атқаратынын айтты.

Апта басында  Қазақстан Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов сайлауды бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссия өкілдеріне штабтардың жұмысы туралы әңгімелеп берді. Үгіт-насихат материалдарымен таныстырды. Алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.

Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне кандидат:

Мен мынаны айтқым келеді. Бүгінгі күнге дейін сайлау науқанына қатысты бірде бір заң бұзушылық болған жоқ. Мен сайлаушылармен кездесіп, біраз облысты араладым. Бірнеше кәсіпорындарда болдым, адамдардың тұрмысымен таныстым.

Әртүрлі мәдениет өкілдерінің арасындағы достастық бірліктің негізін нығайта түседі. Ақмола облысындағы Астраханка ауылының тұрғындарымен кездесу кезінде Қазақстан коммунистік халық партиясы ұсынған Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов осы мәселеге мән берді.

«Біз бейбітшілікте және келісімде өмір сүріп келеміз», деді ол. Қонақжайлылық, мейірбандық, отбасылық өнеге  және үлкенге деген ізет - бұлардың бәрі халқымыздың игі дәстүрлері екенін айтты үміткер.

Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне кандидат:

Бүгін әлемдік жалпы адами құндылықтар – бейбітшілік, достық, интернационализм аса маңызды. Барлық мемлекеттер жаңашылдық пен төзімділіктің жоғары идеаларын терең түсіне бастады.

Интернационализм мен халықтардың ауызбіршілігі – дүниежүзіндегі бейбітшіліктің кепілі.  Тұрғын Сыздықовтың айтуынша,  бүгінгі күні адамзат тұрақтылық пен өркендеуді мұрат тұтады, осы құндылықтарды сақтау керектігін түсінеді, ал ол үшін төзімділік идеясын ұстану керек. 

Бұл тақырып төңірегінде кандидат Тұрғын Сыздықов  Ақкөл қаласының тұрғындарымен өткен басқосуда пікір алысты. Бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы – барлық мемлекеттердің өзара әрекеттестігі екенін айтқан кандидат, осы жерде адамгершілік ұстанымдары бірінші кезекке шығады, деді. Бұдан бөлек, басқосуда үгіт- насихат жұмыстарының барысы туралы да айтылды.

Бейсенбай Мәжитов, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың Ақмола облыстық сайлауалды штабының жетекшісі:

Біздің сайлауалды штабта бес сенімді өкіл мен отызға жуық белсенді бар. Қазіргі таңда ел арасында насихат жұмыстары жүргізіліп  жатыр. Біз бұған дейін штаб мүшелеріне сайлау заңнамаларын түсіндіру мақсатында арнайы семинар өткіздік.

Фаст-фудтың зияны жиі айтылғанмен, оны қолданушылардың қатары көбейіп келеді. Бұл туралы Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінде өткізген  кездесуінде айтты. Оның пайымдауынша, бүгінгі күні артық салмақ Батыс елдеріндегі басты мәселеге айналды

Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне кандидат:

Фаст-фудтың құрамында көптеген консерванттар, ас дәмдеуіштер, бояулар мен  қоспалар бар. Мұны ғалымдар баяғыда дәлелдеген.

Қазіргі таңда жергілікті штаб өкілдері үгіт-насихат жұмыстарына белсенді түрде кірісіп, кандидат тұғырнамасын ел арасында түсіндіріп жүр.

Ниязбек Есенәлиев, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың сенімді өкілі:

Біздің штабта 5 сенімді тұлға және 20 жуық облыстық комитеттің өкілдері жұмыс атқаруда. Соның ішінде үгіт-насихат жұмыстары, насихатқа байланысты баспа өнімдерін тарату, кездесулерді ұйымдастыру, тұрғындардың пәтерлерін аралау жұмыстары бар.

Ал, Астанадағы коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлерімен кездесу өткізген Тұрғын Сыздықов өзінің сайлауалды бағдарламасында батыс мәдениетінің теріс ықпалына да  ерекше мән берілгенін жеткізді.

Батыстық азамат, - деді ол, - біртіндеп адамгершіліктен алшақтап барады. Өзгеден ерекшеленіп, өзіне назар аударту үшін барын салады. Ал, өнер болса, бизнеске айналды. Сондай-ақ, кандидат Қазақстан коммунистік халықтық партиясының қызметі жайында да әңгімеледі.  

Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне кандидат:

Алға қойылған мақсаттарға жету үшін марксизм-ленинизмді және Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының қызметін насихаттау қажет.

Айта кету керек, қазіргі таңда жергілікті штабтардың жұмысы қыза түскен. Ақпарат құралдарында, интернет желілерінде үгіт-насихат жүріп жатыр.

Марат Әубәкіров, ҚКХП Астана қалалық комитетінің бірінші хатшысы:

Біздің штабтарымыз кандидатты қолдау бойынша қажетті ақпараттық және үгіт жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар насихат материалдарын таратып,   халықпен кездесулер ұйымдастыруда.

Ел Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғаса бермек.  

Қайырхан МӘУЛЕН

Хабарламаларға жазылу