Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов та өңірлерге барып, сайлаушылармен жүздесуді жалғастырып жүр. Кандидат табиғаттың тозуына, биосфераның бұзылуына өндіріс көлемінің өсуі себеп деп, мәселе көтеріп жүр. Өз тұғырнамасында қоршаған ортаны қорғауға қатысты шараларды көрсетуді де ұмытпайды. Үміткер осы аптада Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облысында болды.
Ал, ЕҚЫҰ демократиялық институт және адам құқықтары бюросы миссиясының басшысы Корнелия Йонкермен кездесуінде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны әңгімеге өзек болды.
Кандидат Құсайыновтың әр күні дерлік қарбалас кездесулерге толы. Өйткені, қысқа уақыт ішінде ол аймақтардағы сайлаушылардың басым бөлігіне барып үлгеруі керек.
Мәселен, осы аптада Әбілғазы Құсайынов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы миссиясының басшысы Корнелия Йонкермен кездесті. Мәртебелі мейманды үміткердің сайлауалды ұйымдастырушылық жұмыстары қызықтырды.
Айта кету керек, миссия жетекшісінің Президенттікке үміткерлермен кездесуі Әбілғазы Құсайыновтан басталды. Екіжақты әңгіме кезінде үміткер Корнелия Йонкерді республикалық штабтың жұмыстарымен таныстырды.
Әбілғазы Құсайынов, ҚР Президенттігіне кандидат:
Әр сұраққа нақты жауап берілді. Біздің аумақтағы штабтарымыз қалай жұмыс істеп жатыр? Осының төңірегінде де біраз әңгіме болды. Үгіт-насихат жұмысына көп көңіл бөлінді. Біздің қанша қаражат бөлгенімізді сұрады, әр территорияда қандай жұмыстар атқарылып жатыр, оны айтып бердік.
Таза табиғат, экологиялық қауіпсіздік туралы бағдарлама – болашақтың қамы үшін жасалған шара. Сондықтан, Әбілғазы Құсайынов ел ертеңі жастармен және ұстаздар қауымымен кездесуді де жұмыс кестесіне енгізді. Астанадағы «Тұран Астана» университетіне атбасын тіреген үміткер сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын айқындап берді.
Әбілғазы Құсайынов Сыр еліне үлкен әзірлікпен келді. Алдын ала әріптестерімен, яғни, сенімді өкілдермен Қызылордада атқарылуға тиісті сайлауалды шараларды ақылдасып алды. Жиылған жұртшылық алдында бағдарламасын байыптаған кандидат бүкіл әлемді қоршаған ортаны қастерлеудің кемшін екендігін қынжыла жеткізді.
Әбілғазы Құсайынов, ҚР Президенттігіне кандидат:
Экология мәселелері, оған қосымша өндірістік қауіпсіздік дейміз. Осы екі мәселе өте күрделі. Оның ішінде өндіріс өсіп жатыр. Соның арқасында екінші үлкен мәселе бар, ол табиғатты бұзу.
Сайлаушылар әлемдік экологияның азып-тозуына байланысты біршама жайлардан хабардар болды. Тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Кандидаттан тиісті жауаптарын алды.
Президентікке үміткер жер бетінде өнеркәсіптің дамуының кесірінен тым жиілеп кеткен техногендік апаттарды болдырмау мәселесіне көпшіліктің назарын аудартты.
Медицина колледжіндегі кездесуде Әбілғазы Құсайынов, бағдарламасында көрсетілгендей, «Табиғи ортаның қалдықтармен ластануы адамның өмір сүру сапасының нашарлауына себепші» деп пайымдады. Кандидаттың қағидаты осы. Кездесуге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының атынан келген байқаушылар да қатысып, сайлауалды шараның өту барысын жіті қадағалады.
Кандидаттың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Шымкентте белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Кандидаттың билборды қаланың бірнеше жерінде орнатылған. Ақпараттық үнқағаздар тұрғындарға таратылып, тұғырнама мәтініндегі мәліметтерге қанық болды жұртшылық.
Ерғали Қаржаубаев, кандидаттың сенімді өкілі:
Біз қоғам назарын халықаралық экологиялық мәселелерге аудартқымыз келеді. Кандидат ұстанымы бойынша, әрі қарай жұмыс істеп, жалғастарып жатырмыз.
Жалпы, адамзатты табиғи ортаны сақтауға, бүлінген биосфераны қалпына келтіруге және экологиялық мәдениеттілікке үндеген үміткер өз тұғырнамасын терең зерттеулердің нәтижесінде туған еңбек екенін айтты. Ал, оның басты қағидатын іске асыру халық қолында.
Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов ауыл тұрғындарымен жүздесуді де ұмытпады. Экологияны басты тақырып еткен тұғырнамасын үміткер Ұялыжар ауылындағы «Ынтымақ» және «Ақнұр» өндірістік кооперативінің жұмысшыларына түсіндірді.
Тұрғындар ғаламдық табиғи сын-қатерлердің туындауының себептерін сұраса, екіншісі Жерді қоршаған жасыл әлемге жасалған залалды қалай қалпына келтіруге болатынын білгісі келеді.
Әбілғазы Құсайынов, ҚР Президенттігіне кандидат:
Суды, ауаны ластап жатқан кімдер? Осы сұраққа жауап берейін. Ең бастысы - адам баласы, бұл жерге өндірісті кім құрды, адам баласы.
Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды сапары жалғасады.
Айбек ҚОБДАБАЙ