Елбасы Шығыс Қазақстан облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Шығыс Қазақстан облысына барды

12.04.2015
Елбасы Шығыс Қазақстан облысына барды

Елбасы Шығыс Қазақстан облысына барды. Өркенді өңір Өскемен мен Семейдегі бірқатар өндірістік және мәдени нысандарды аралады. Кеншілермен, дәрігерлермен, өнер ұжымдарымен, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Өскемендегі ірі өндірістің бірі – «ҚазЦинк». Мырыш, мыс, қорғасыннан бастап алтын, күміске дейін өндіретін «ҚазЦинк» - қуаты жөнінен қазір жаһандағы үздік бестің қатарында.  Бір жылда 305 мың тонна мырыш, 144 мың тонна қорғасын, 70 мың тонна катодты мыс шығарған. 10 458 адам жұмыс істейді.

Ал, Семей – мемлекеттің үнемі назарында және қамқорлығында болатын қала, қазақтың даналары мен даралары туған қасиетті мекен, құт мекен. Мемлекет басшысы Семейдегі зиялы қауым өкілдерімен кездесуде осыны меңзеді.

«Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек» деп, ұрпаққа ұлағат болар ұлы ақынның өлеңін жатқа оқыды, Президент.

Өр Алтайдың, асқақ та, асқар Алтайдың баурайында жатқан Шығыс облыста кеніш көп. «ҚазЦинк» сол бағалы кендерді игеріп, ұқсатып, шетке сәтті сатып отырған ірі серіктестік. Құрамына бірнеше зауыт кіреді.

«ҚазЦинктің» металдары бағалы, сұраныс та жоғары. Мысалы, қорғасын тозаңынан инди, талли секілді сирек металдар іріктеледі. Олар радиотехника, ғарыш технологиясына, тіпті әйнек өндірісіне де жаратылады.

Нұрақын Тыныбаев, химия-металлургия цехының басшысы:

Сирек металдарға сұраныс жоғары. Біздің өнімдер Қытай, Ресейге көп сатылады. Талдықорғандағы аллюминий зауыты да алады.   

Президент Нұрсұлтан Назарбаев зауыттың мыс қорыту цехын аралады. Қарапайым жұмыскерлердің қал-жағдайын білді, тұрмыс-тірлігін сұрады. «Еруліге-қарулы» дейді қазақ, бүгінгі металургтер бұрынғы металургке кәде-сый ұсынды. Естелік үшін.

Өскемендегі 7 мың металлург Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Оған Павлодар мен Қарағанды кеншілерін қосыңыз. Кеншілердің тынымсыз еңбегі елдің экономикасын алға бастап отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қымбатты шығысқазақстандықтар! Мен әр келген сайын аймақтың тың табыстарына куә боламын. Бес жылда өңірдегі өндірістік қуат 1,5 есеге өсті. Былтыр 1 триллионнан артық теңгенің өнімі өндірілді. Оның 83 пайызы өңдейтін өнеркәсіпке тиісті. Еліміздегі инновациялық өнімдердің бестен бірі осында өндіріледі. Баршаңызға табысты еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін.

«ҚазЦинк» жаңа технологияларды енгізіп, экологияға зиянды мейлінше азайтқан өндіріс. Табиғатты ластамау негізгі талап еді ,- деді Президент. Оған да қол жетті. Тағы бір міндет жас мамандарды тәрбиелеп, шыңдау.     

Аян Мұсулбаев, балқыту цехының шебері:

Мен ауылда туып-өсіп, осы жерде білім алып, 2010 жылдан бері зауытта металлург болып жұмыс істеймін. Құдайға шүкір, екі ұлым өсіп келеді. Мен оларға біздің Президент металлург болған, деп  мақтанамын. Металлург болу үшін, жақсы білім алып, ерінбей еңбек ету керек, деп айтып отырамын.

Теміртаудағы комбинат пен Павлодардың аллюминий зауыты кенші-металлургтері де осы шараға телекөпір арқылы тікелей қосылды. Елдегі бейбітшілік  - алаңсыз жұмыс істеп, күдіксіз күн көруге мүмкіндік беріп отыр, дейді кеншілер.

Андрей Горьковенко, кенші:

Менің шахтер болып қызмет еткеніме 30 жылдан асты. Өндіріс орны менің көз алдымда өркендеп келеді. Қарағанды облысы қарқынды дамып, еліміздің басқа аймақтарындағы аудандар да кеңінен дамуда. Мұның барлығы Сіздің қарапайым халықтың жағдайына бей-жай қарамай, қолдауыңыздың арқасында мүмкін болып отыр.

Виталий Голубенко, балқыту цехының басшысы:

Сіздің қолдауыңыздың арқасында біз Қазақстандық электролиз зауытын іске қостық. Бүгінде әлемдегі ең үздік аллюминий өнімін шығарамыз. Біз енді  тағы бір зауыт ашсақ деген ниеттеміз.

Өскемен - өндірісті өңір. Үдемелі индустриялық даму бағдарламасы арқылы былтыр 20 миллиард  теңгеге ірі-ірі 7 жоба жүзеге асқан. Енді өнер. Өскеменнің үлкен театры ашылды. Жаңа, көрікті, еңселі. Ішінде барлығы бар.

Дінмұхамед Ұябай, Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының директоры:

Болашақта аймақтан жасөспірімдер театрын ашсақ, деген жоспар бар. Театрда әртістерге де, көрерменге де барлық жағдай жасалған.

Бекзат өнердің еңселі ордасына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барды. Бұл театрда облыстағы қазақ пен орыс труппалары қоңсы отырмақ. Жиыны - 287 адам.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халқымызға ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сынды ұлыларды алып келген өңірде мұндай ғимараттың ашылуы керек еді. Сондықтан, театрдың ашылу салтанатына келіп тұрғаныма өте қуаныштымын. Қазақ, орыс театрларының қатар орналасуын да мен жақсылыққа балаймын. Себебі, біз ешкімді өгейсітпейтін халықпыз. Қазақ болып, барлық іске ұйытқы болып отырмыз. Алдымен, қазақтың бірлігі, екіншіден, көпэтносты халықтың бірлігі. Сол бірліктің арқасында еліміз өркендеп келеді.

Негізі Шығыстағы көрермен бұл өнердің ордасын көп күтті. Еңселі тетрды салу үшін 3 миллиард теңге жұмсалған.

Айдын Салбан, театрдың бас режиссері:

Жарқын күндерге бастай беріңіз,

Аманат Сізге ертеңі елдің.

Байтақ даламның байлығы асқан

Атыңды жатыр әйгі ғып дастан

Нұр-аға салған нұрлы жолменен,

Мәңгілік елдің айбыны асқан!

Өрдегі Өскеменнен сырғып Семейге өттік. Мына фабрикада печеньенің 35 түрі шығады. Былтыр ашылған.  «Даму» қоры арқылы арзан несиемен Еуропаның озық құрал-жабдықтары орнатылған. Болашақ нарық: Ресей, Түрікмен, Өзбек, Әзірбайжан және Қытай. Мемлекет өз тарапынан бизнесті мейлінше қолдап отыр.  Бейбіт елдің берекесі қашпас.

Кондитерлік фабрикада қазір 120 адам жұмыс істейді. Толық қуатына көшкен кезде 320 кісіге жұмыс бермек. Нұсұлтан Назарбаев Семейде ядролық медицина орталығына барды. Дәрігерлермен кездесті. Құралдарды көрді.

Мысалы, гамма-камера мен онкологиялық дерттің өте ұсақ ошағын анықтауға мүмкіндік беретін позитронды-эмиссионды томография. Бұл құралдар дертті дәл табады және операциясыз емдеуге мүмкіндік береді.

Мұқтарғазы Төлеутаев, онкологиялық диспансер директорының медицина сапасын қадалағау жөніндегі орынбасары:

Радиойодтерапия деген мысалы үшін, метастазға кеткен, еттерге кетіп қалған обырды қуып барып орнында жояды. Тәсілдер бұрын үлкен операция жасағанда немесе сәулелеген болса, мынау жабық түрде. Оның адамға деген эффектісі өте жоғары.

Жаңа құралдарды тиімді пайдалану үшін 87 маман жаһанның үздік клиникаларында оқып келген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дәрігердің пейілі мен дерттінің сенімі ұштасқаны маңызды екенін айтты. Науқасты жеңу сонда мүмкін болмақ.

Семей – Алаштың құнарлы да құйқалы мекені. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Абайдың Семейдегі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына барды. «Абайдың шығармашылық ортасы», «Абайтану», «Абай дәуірі» секілді залдардың экспозицияларымен танысты.

1940 жылы ашылған қорық-мұражай – дара ойшылдың өмірі мен шығармашылығын, заманын, қоғамын кешенді түсіндіретін бірден-бір орталық. 20356 жәдігер бар екен.

Семейдегі зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысына елдегі іргелі істер үшін ризалық білдірді. Президент дәл осы Абай қорық-мұражайында Шығыс облысқа жасаған сапарын қорытындылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Семей - ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтың туған жері. Қазақ үшін қасиетті жер. Сондықтан, Абайдың музейіне арнайы келіп, ол кісінің өмірбаянымен тағы бір мәрте танысып, шығармашылығына тоқталып, толғамдарын ой елегінен өткізу - бір ғанибет. 

Мемлекет еш уақытта Семейді ұмытқан емес, ұмытпайды да. Бұл аймақта біз жылу, жол мәселелерін шештік. Қазақстандағы ең үлкен көпір салынды. Орта мектептер де, зияткерлік мектептер де салынып жатыр.

Өскемендегі жұртшылықпен кездесіп, халықтың көңіл күйі жақсы екенін көріп, мен де қуандым. Халық тыныштықты, бірлікті қолдайды. Шығыс Қазақстан облысындағы жұртшылыққа шын жүректен жақсылық, береке, бірлік тілеймін.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу