Астанада жастардың форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жастардың форумы өтті

12.04.2015
Астанада жастардың форумы өтті

Астанада жастардың форумы өтті - жұма күні. Әлеуметтік желілерге кірсеңіз аңғарған шығарсыз, жастардың селфилеткен суреттері мен бақытты жүздерінен осы аптада көз сүрінді-ау.

Атырау мен Алтай, Арқа мен Аралды жайлаған тұтас елден 2 мыңнан аса жас келді. Әр саланың шылбырын қаққан олар «Елбасымен бірге – жаңа жетістерге!» деп аталатын форумға қатысты.

Әсіресе, жоспарларын талқылап, 2020-шы жылға дейін бағдарлама қабылдаған жасотандық белсенділердің жігері қызықтырады. Мәселен, Отаншылдық және тұлғалық даму; Білімге ұмтылыс; Еңбек және кәсіби даму; Берекелі отбасы.

Жастар өз бағдарын осылай төртке жіктепті. «Нұр Отанның» «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырған жиында кешенді бағдарлама, үндеу және арнайы жаңа логотип қабылданды.

Тәуелсіздік сарайында өткен мәртебелі шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Білім мен өнердің биік шыңдарын бағындарған жастар серпінді жоспарларымен бөлісті.  Жастар көкейге не түйіп қайтты?

Елбасы осы ұрпаққа айрықша үміт артады. Өйткені, бұл жастар – Тәуелсіздіктің бел балалары, бақытты буын. Тоталитарлық  жүйенің қыспағын көрмеді, коммунистік идеологияның  нұсқауымен жүрмеді. Азат елде санасы да азат өзгеше дарынды жастар өсіп келеді.  Бірі әлемді  әлі ақылымен мойындатады. Әзірден әріден ой түйеді.

Арман Сүлейменов, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

Өткен жылы  start-up студия құрдық.  Бізге батыстағы елде бар өнімді көшіріп қайта шығару қызықты емес, біз қайталанбас  білім беру қосымшаларын  әлемдік аудиторияға ұсынғымыз келеді.

Бірі  күллі  түркі әлемін  өнерімен мойындатты.

Жанар Дұғалова, әнші:

Күнделікті өмірде авторлық құқыққа байланысты түрлі мәселелерге тап болып жатамын. Осы орайда Сіз ұсынған халықтық бес реформадағы жекеменшік құқығының сақталуын жолға қоюды мен және мен сияқты менің мыңдаған әріптестерім қуанышпен қабылдадық.

Бірі  «қазақтың – тілін құрметтейік», деп қатарына  ақыл салады. 

Валерия Волошина, cтудент:

Мемлекеттік тілді білгенімнің арқасында мен Қазақ гуманитарлық заң университетінің арнайы грантын жеңіп алдым. Сондықтан, қазақ тілін еркін меңгергенімді мақтан тұтамын.

Елдің ертеңі  – осылар – «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, жас депутаттар, ғалымдар, спортшылар, кәсіпкерлер, жастар ұйымдарының жетекшілері.

«Нұр Отан» өткізген жастар форумына еліміздің әр түкпірінен екі мыңдай  делегат  қатысты.  Мұндай  басқосудың  үлкен тәрбиелік, танымдық  астары бар. Өйткені, отаншыл, мемлекетшіл жастарды тәрбиелеу аға буынның парызы болса, ертеңгі күннің жарқын болуы осы топтағы талайдың  қарымына байланысты.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жастың қуаты - білімі мен білігінде, бірлігі мен патриоттығында. Біз бабалардан мирас болған атамекенімізді Тәуелсіз ел еттік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдырып, әлемге елімізді таныттық. Қазақтың бар екенін білдірдік.  Татулықты тұрақтылықтың және тұрақты дамудың тұғыры ете білдік. Біздің жетістіктеріміздің басы - бірлік.

Бүгінде  заман ауысып, елде елеулі өзгерістер, үлкен реформалар болып жатыр.  Мемлекет  жаңа  тұрмыс құруға кіріскенде, дамыған отыз елдің қатарына  ілігуге тырысқанда жастар негізін, қайнарын ұмытпауы керек. Біз қайта-қайта оралатын таған тарих, деді Елбасы.  Жаңа буынның міндеті – Тәуелсіздіктің қорғаны болу,  қызғыш құстай қору. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақтың баласы бүгін ғана аспаннан салбырап түскен жоқ. Біздің тарихымыз - терең. Олай емес дегендердікі дұрыс емес. Еуразияны ен жайлаған, еркін билеген түрік бабаларымыз, кейін Алтын Ордамен жалғасты. Биыл ел болып 550 жылдығын атап өтетін Қазақ хандығы ұлы дала шежіресінің жарқын беттері - біздің ел болуымыздың негізін қалаған түп-тамыр.

Бірлігі жарасқан елде, руһы биік елде ғана күш болады. Ол - атом бомбалары, зымырандар емес. Мысалы, небәрі 17 миллион халқы бар Вьетнам керемет қарулы күші бар АҚШ-қа қарсы тұрып, нәтижесінде жеңіп шықты. Оларды ауыл-ауылымен қырды, бірақ жеңе алмады. Міне, Отанын сүю деген, жанын беру деген осы.

Ал,  Тәуелсіздіктің кемелдендірудің жалғыз жолы – бірлік жолы. Біріңді бірің сыйла, тарихи жауапкершілікті түсін.  Түсініп барып,  адамды  ұлтына емес, ісіне  қарап сыйлауды үйрен.  Бірлікті биік тұғырға көтер.  Елбасы жастарға қарата талай өсиет  айтты.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақ әлсіресе, өз арасындағы алауыздықтан әлсіреген. Күшейсе, бірлігімен күшейген. Сайын даламызды сақтап қалу үшін ата-бабаларымыз қанша қан төкті, тер төкті. Сондықтан, бүгінгі Тәуелсіздікті құрметтейік. Бірлігі бар қазақты ешкім алмаған. Тарих тағылымын ешқашан ұмытпау керек.

Шатақ дінге – шырмалма. Радикализм, діни фанатизм  қазақ  қоғамына  жат, дамуды тежейтін қатер. Ертеңін  ойлаған ұрпақтың иманы кеудесінде. Ал,Тәуелсіздіктің тірегі – терең білім. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жер жүзінде мұсылмандыққа жат соғыстар болып жатыр. Оны өздеріңіз де біліп жүрсіздер. Мұсылман мен мұсылман қырқысып жатыр. Бұл ешқандай мұсылмандықтың негізінде де, Құранда да жазылмаған. Мысалы, кешегі әлемге әйгілі, жыл сайын тек туризм арқылы 15-20 миллиард ақша түсіріп отырған Египет соғыс, тартыстың кесірінен 20-30 жылға кейінге қалды. Барынан айырылды. Бір-екі жылдың ішінде кедей елге айналды. Сондықтан, біздің мұқият болуымыз керек.

Жастар да Елбасына  өз қалауын жеткізді. Олардың таңдауы тұғыры берік, болашағы баянды мемлекет.  Сондықтан,  бірлесіп үндеу жариялады.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу