Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы батыстағы екі облысқа барды

Мемлекет басшысы батыстағы екі облысқа барды

Мемлекет басшысы батыстағы екі облысқа барды

Мемлекет басшысы осы бейсенбіде батыстағы ең ірі екі облысқа барды. Алдымен, ақ Жайыққа. Батыс облыстың орталығы Орал қаласы Елбасын емен-жарқын, тап-тұйнақтай, жинақы қалпымен күтіп алды.

«Президенттің келгені керемет болды. Тарбиған тал-теректер қырқылып, әктеліп, тесік-тесік жолдар тегістеліп, қаламыздың ұсқыны кірді», деп әлеуметтік желілерде «сүйінші» сұрасып жатқандар бар. Қала билігі Елбасының сапарын күтпей-ақ, тазалыққа үнемі көңіл бөлсе, мұндай сындар айтылмас та еді?!

«Жастар қуатты Қазақстан үшін!». Оралда өткен Республикалық форум осылай аталды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты. Екі мыңнан аса адам, Атырау мен Маңғыстау жастары да форумға телекөпір арқылы тікелей қосылды.

Жалын атқан жастар мен атмосферасы ғаламат әсер қалдырған форумнан соң, Президент өңірдегі маңызды деген индустриялық кәсіпорындарды да аралап көрді. Қуат-қауқары қандай екенін саралап көрді.

Қазақстан жастары арманшыл, белсенді, өнерлі әрі жігерлі. Қоғамның қай саласында да олардың қолтаңбасы анық көрінеді қазір. Мемлекет басшысы елдің тірегі де, ертеңі де жас буын екенін, бүгінгі кешенді істерді ілгері бастар да жастар екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгін мінеки, Ақжайық жағасында бүкіл Қазақстанның мыңдаған жастары жиналып отырсыздар. Руһы азат, білімі кемел жас қырандар елдің болашағының басты үміті – Сіздерсіздер. Менің бастамаларымды іске асыратын сенімді серіктестерім де сендер.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев, «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға» секілді бағдарламаларды жүзеге асыруда жастардың еңбегі елеулі екенін атап өтті. «Қол жетімді баспана» да жастар үшін.  Шетелге шығып оқимын, деген талапты жасқа шектеу жоқ, қайта көмек көп. Білімге бөлінетін қаржы 4 жылда екі есе өсті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жас достар, «Ынтымағы жарасқан елдің ырысы, несібесі мол болады», деген халқымыздан қалған сөз бар. Дүниеде зауыттар жабылып, ел жұмыссыз болып жатқан кезде біз керісінше, жаңа зауыт-фабрикалар ашып, халыққа жұмыс беріп, жағдайын түзетіп жатырмыз.

Бұл – мемлекетіміздің мықтылығының арқасы. Қазақстанның мықты ел болуы үшін 2050 жылдардың биік белестеріне «Нұрлы жолмен» бірге қадам басайық, алға жастар, Алға Қазақстан!

«Ұмтылған жетер мұратқа».  Форумда елге танылып үлгерген жастардың бір шоғыры  көп алдына шықты.

Гүлнар Қойланова, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің IV курс студенті:

Ата-бабамыздан қалған сөз бар: «Шеге тағаны сақтайды, таға тұлпарды сақтайды, тұлпар Ерді сақтайды, Ер елді сақтайды деген». Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз елімізді қырағы көзді  қырандай қорғап, әлем сахнасының төріне шығардыңыз. Мен сізге шексіз перзенттік алғысымды айтамын.

Форумға Маңғыстау мен Атырау өңірлерінен де жастар телекөпір арқылы қосылды.

Думан Ахметов, «Қаражанбас мұнай» АҚ жас мамандар кеңесінің төрағасы:

Бүгін мыңға жуық жас мұнайшылар, спортшылар, студенттер, теңізшілер жастар ұйымдары және этномәдени бірлестік өкілдері Каспий жағалауына жиналып тұрмыз.

Жас буынға жасаған қамқорлығыңыз үшін Сізге шексіз алғысымызды білдіреміз. Тек біз ғана емес, бүгінгі бейбіт өмірі мен кемел келешегі үшін, күллі қазақстандық Сізге риза.

Қайырлы Ғылманов, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушы:

Атырау облысында соңғы жылдардың өзінде ондаған индустриялық жобалар іске қосылып, мыңдаған жұмыс орны ашылды. Қаншама әлеуметтік  нысандар бой көтерді.  

Бұрын-соңды облыста тіпті республикада шығарылмаған өнімдер шығарылуда. Мұның бәрі әрине, Сіздің тікелей басшылығыңызбен жүзеге асып жатқанын жақсы білеміз.

Жастардың жүрген жері жігер емес пе?! Оралдағы теннис орталығын жас буынның жалыны кернеп тұрғандай.

Данияр Елеусінов, бокстан Әлем чемпионы:

Әрине, алдағы уақытта еліміздің даңқын шығару, абыройын көтеру жолында тынбай еңбек етеміз.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев – Орал трансформатор зауытына барды. Ұжыммен кездесті, жөн-жоспарды білді. Өткен желтоқсанда ғана ашылған кәсіпорынның тұтас құны – 6,3 миллиард теңге, жылына 10 мың дана қондырғы шығармақ. Оның 70 пайызы сыртқа сатылады.  

Ұлбосын Ибрагимова, жоғары кернеулі катушка ораушы:

Кентаудан келдік,  жағдаймыз жақсы.

Кентаудағы үлкен зауыттың тарихы әріде жатыр. Қазір қайта түлеген кәсіпорын мына дағдарысқа дейін жылына 5 мың дана трансформаторды Ресейге сатып келген. Енді Оралда да зауыт ашып, нарыққа бір табан жақындай түсті. 

Серғазы Күнтуаров, «Alageum eleсtriс» АҚ машина құрастыру кешенінің бас директоры:

Осы зауытқа бүкіл Еуропаның технологиясын алып келдік. Бұл технологияның ерекшелігі, бұл жерде негізінен герметинді трансформаторлар қолданылады. Оның артықшылығы 25 жыл бойы май – оттегімен байланысы жоқ.  Трансформатор өздігінен жұмыс істейді.

Дания Князова - жас маман. Алматының энергетикалық колледжін бітірген.   

Дания Князова, жоғары кернеулі катушка ораушы:

Негізі ораушы трансформатордың жүрегі болып саналады. Осы біз қалай жақсы ораймыз, сол трансформатордың сапасына байланысты. Жақсы орасаң, трансформатордың сапасы да жақсы болады.

Орал трансформатор зауытында қазір 150 адам жұмыс істеп жатыр. Өндіріс толық қуатына көшкенде 300 адамды жұмыспен қамтымақ. Оралда ауқымы да кең, тарихы да әріден басталатын  зауыт – «Зенит».

II Дүниежүзілік соғыс уақытында қуатты қару шығарған кәсіпорын қазір кеме жасайды, Қорғаныс министрлігі мен шекара қызметінің тапсырыстарын орындайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорынның стратегиялық маңызы барын атап өтті.

Зауыттан шығатын кеме-қайықтардың үлгісін көрді, күш-қуатын бағамдады. 912 адам тер төгіп жатқан зауытта қазір орташа жалақы 126 мың теңге. Кемелері заманға сай қондырғылармен жабдықталған. 

Ахметжан Шукпутов, «Орал Зенит зауыты» АҚ директорының техникалық қадағалау және сапа жөніндегі орынбасары:

Корпусынан бастап барлығын өзіміз жасаймыз, жинап  өзіміз көтереміз. Ал  қаруларды тапсырыс берушілердің, шекаршылар болсын, өздері табады, сосын олардың ұсынысымен біздер аламыз.

Батыс облыста 48 этномәдени бірлестік жұмыс бар, 15-і Оралда. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің шығармашылық өкілдерімен, этномәдени бірлестіктер мүшелерімен, Ауған соғысы ардагерлерімен де кездесіп, пікірлесті. Ортақ байлам, татулық пен бірлік – бейбітшіліктің тірегі.

Еркін  ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Бөлісу