Сонымен, Президент сайлауы да қыр астында. 28 күн қалды. Осы аптада 93 мыңнан аса қол жинап үлгерген кандидаттарды тіркеу аяқталды. Әуелгіде сайлауға түсуге 27 адам бейіл танытқан.
Мырзатай Жолдасбеков айтпақшы, «адасып» жүріп сайлау комиссиясына кіріп кеткендері де болды арасында, Абайды білмейтіндері де, екі беттік жазбадан 92 қате жібергендері де, екі ауыз сөзді ежіктеп оқи алмаған үміткерлер де болды. Кейбірі өтініштерінен қайтып алды. Бірнешеуі қажетті қол жинай алмайды.
Сонымен, тіркелгені - үш кандидат. Алғашқысы - қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Сосын Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы ұсынған, 67 жастағы Тұрғын Сыздықов және Кәсіподақтар федерациясының жетекшісі, 63 жастағы Әбілғазы Құсайынов.
Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтындардан төрт күнде 560 мың 523 адамның қолы жиналып, наурыздың 15-і күні ол ресми түрде президентікке кандидат болып тіркелді.
Назарбаевпен бір күнде қол жинауды бастаған коммунист Тұрғын Сыздықов наурыздың 17-сі күні 98 мың 384 адамның қолын тапсырып, президенттікке кандидат куәлігін алды.
Ал, өзін өзі ұсынған Әбілғазы Құсайынов төрт күнде қолдаушыларынан 153 мың 152 қол жинады. Биылғы сайлауға қанша халықаралық байқаушы келеді? Қанша сайлау учаскесі жұмыс істейді, ел бойынша қанша адам дауыс беруге құқылы?
Орталық сайлау комиссиясы ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросымен 1998-ші жылдан бері қоян-қолтық жұмыс істеп келеді.
Бұл бюроның мүшелері Қазақстанда бұған дейін өткен сайлаулардың барлығына қатысқан. Сәуірде өтетін саяси науқанға бұл ұйымнан жүздеген байқаушы келмек.
Бұдан бөлек, Сыртқы істер министрлігінде аккредитациядан өткен 19 мемлекеттен 98 ақпарат құралдарының өкілдері де сайлауға шетелдік байқаушы ретінде қатыса алады.
Марат Сәрсембаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
Бүгінгі таңда 25 мемлекеттен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының 48 байқаушы, 2 мемлекеттен ТМД миссиясының 5 байқаушысы және шет мемлекеттерден 35 байқаушы кезектен тыс президенттік сайлауға байқаушы ретінде тіркелді.
Осы аптада Орталық сайлау комиссиясы қазақ тілінің сынағына келмеген 4 үміткерді президенттікке кандидат ретінде тіркемеу туралы Қаулы қабылдады. Бұдан бөлек, лингвистикалық комиссияның емтиханынан бас тартқан Қанат Есжанов пен Біржан Ділмағамбетті де тіркемеді. Ал, президенттік сайлауға қатысудан үш азамат өз еркімен бас тартқан.
Бақыт Мелдешов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:
Үш азамат Мұхамедрахим Қабырбайұлы Құрсабаев, Мэлс Хамзаұлы Елеусізов және Жақсыбай Әбішұлы Бәзілбаев Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беріп, өз кандидатураларын алып тастады. Сол себептен бізге хаттама ретінде шешім қабылдауымыз керек. Ол шешімде бұл үміткерлерді тіркеуден бас тартамыз.
Президент сайлауында республика бойынша 9 мың 741 сайлау учаскесі жұмыс істейді. 2011 жылғы сайлауға қарағанда олардың саны 16-ға көп. Сайлау учаскелері санының артуы халық санының көбеюімен байланысты. Өткен сайлауда 9 миллион 200 мың адам дауыс беруге қатысса, биылғы науқанға қатысатындардың қатары 157 мың тұрғынға артқан.
Марат Сәрсембаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
Неғұрлым сайлаушы көп болса, соғұрлым сайлау учаскелерінің саны көбейеді. Өйткені, Заң бойынша әрбір учаскеде кем дегенде 3 000-дай адам болуы керек. Одан аспауы керек.
Кезектен тыс Президент сайлауына 9 миллионнан астам сайлау бюллетені шығарылады. Орталық сайлау комиссиясы осы аптада сайлау бюллетендерінің санын нақтылап, оның мәтінін бекітті.
Бұл бюллетендер учаскелiк сайлау комиссияларына 24-ші сәуiрге дейiн жеткiзiледi. Ал, сайлау барысын өз еліміздің 10 мыңға жуық байқаушысы бақылайды.
Ол үшін республикалық қоғамдық комиссия құрылды. Оның мүшелері барлық сайлау учаскелерiнде жұмыс iстейдi.
Нұрлан Ерімбетов, «Қазақстандағы сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» РҚБ төрағасы:
Орталық сайлау комиссиясымен жұмыс істейміз. Үміткерлердің арнайы штабтары бар және шетелдік байқаушылармен арнайы байланыс орнатамыз. Себебі, біз осы жұмысты бақылау жұмыстарын бірігіп жасауымыз керек. Бір-бірімізге түсіністікпен қарауымыз керек. Қақтығыс болмауы қажет. Біз бетпе-бет, анық, көзбе-көз сөйлесеміз.
Бүгін сайлауалды үгіттің басталғанына төрт күн. Әзірге, насихат шаралары кезінде ешқандай Заң бұзушылықтар тіркелген жоқ.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
Үгіт-насихат шаралары қазір еліміздің барлық аймақтарында жүргізіліп жатыр. Ол шаралардың барлығы Заңның аясында өтіп жатыр.
Жалпы, Президент сайлауына алыс-жақын шетелдерден мыңға жуық байқаушы келеді деп жоспарланған. Орталық сайлау комиссиясы оларға қажетті әдістемелік нұсқаулықтарды қазір үш тілде әзірлеп жатыр.
Айбек ҚОБДАБАЙ