Лингвистикалық комиссия сынынан 7 үміткер өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лингвистикалық комиссия сынынан 7 үміткер өтті

22.03.2015
Лингвистикалық комиссия сынынан 7 үміткер өтті

Өздеріңізге мәлім, сәуірдің 26-сы мемлекет үшін маңызды күн. Президент сайлауы. Бүгіннен бастап санасақ, тура 40 күннен соң, Республика халқы саяси таңдауларын жасап, өздері сенген, көңілдері қалаған кандидатқа дауыстарын береді.

Ал, президентікке үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін немесе меңгере алмағандығын анықтаған Лингвистикалық комиссия осы сәрсенбіде емтихан қабылдауды аяқтады. Сыннан 7 үміткер өтті. Олардың үшеуі сайлау ережесіне сай 93 мыңнан кем емес қол жинады.

Президенттке үміткерлерді ұсыну өткен жексенбі аяқталған. Бұған дейінгі сайлауларға қарағанда, осы жолғы сайлауға қатысамын дегендердің қарасы көп. Барлығы 27 үміткер сайлауға қатысуға өтініш білдірген. Олардың екеуі партия атынан ұсынылса, қалғандары өзін-өзі ұсынғандар.

Сайлауға қатысамын деушілер алдымен Лингвистикалық комиссияның сынынан өтеді. Бұл конституциялық талап. Яғни, президенттіктен дәмесі барлар мемлекеттік тілді еркін меңгеруі шарт.

Өкінішке қарай, 27 үміткердің 10-ы түрлі себептермен комиссия алдына келген соң сайлауға қатысудан өз еріктерімен бас тартса, тағы 10-ы сынақтан өте алмады. Өте алмады емес, қазақ тілінде көсіліп сөйлей алмады, дұрыс жаза алмады, белгілі тақырыпта өз ойларын еркін жеткізе алмады.

Осы аптада лингвитикалық комиссия алдына келген Жарылқап Қалыбай мен Хасен Қожа-Ахмет емтиханнан өтті. Қазір екі үміткер қол жинап жүр. Естеріңізге сала кетейік, сайлауға қатысушылар қазақ тілінің сынағынан сүрінбей өтсе, 93 мыңнан астам адамның қолын жинауы тиіс.

Ал, бұған дейін емтиханды табысты тапсырып, тиісті қол жинап үлгерген үш үміткер ОСК-на Президенттікке кандидат ретінде тіркелді. Олар «Нұр Отан» ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев 560 мыңнан астам қол, коммунисттік халық партиясы ұсынған Тұрғын Сыздықов 98 мыңнан астам қол және өзін-өзі ұсынған Әбілғазы Құсайынов 132 мыңнан астам қол жинаған. Үміткерлер одан бөлек табыстары туралы салық органдарының анықтамаларын да тапсыруға міндетті. 

Бақыт Мелдешов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

Сыздықовтың ҚР Президенттігіне кандидат ретінде дауысқа түсу туралы өтінші, өмірбаяндық деректері түсті.  Қолдап жинаған азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы аумақтық комиссиялардың хаттамалары түсті. Кандидат пен оның зайыбының табысы және мүлік туралы декларация тапсырғаны туралы салық органынан анықтамасы бар.

Енді үш күнен соң үміткерлерді тіркеу аяқталып, наурыздың 26-нан бастап үгіт насихат шаралары басталады. Дәл осы сәттен бастап ақпарат құралдарымен бірге әлеуметтік желіні пайдаланатын әр азаматқа жүктелетін жауапкершілік те күшейеді.

Яғни, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың әрнені айтып, үміткерлерге қатысты бей-берекет ақпар таратуына қатаң тыйым салынады. Ал, ресми тіркелген ақпарат құралдары болса, Заң талабына сай үміткерлердің барлығына бірдей тең мүмкіндік беруге міндетті.

Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:

Оның ішінде БАҚ-қа қойылған арнайы талаптар да бар, жалпы сайлау үгітін жүргізуге қатысты жалпыға бірдей талап та бар. Ол кандидаттар туралы жалған ақпарат таратпау, олардың ар-ожданына тиіспеу. Осы талаптардың бәрі сақтала отырып, жүргізілуі керек.

26 сәуір күні өтетін президент сайлауын бақылауға шетелдер мен халықаралық ұйымдардан 400-ден астам байқаушы келмек. Олардың алғашқы легі 13 байқаушы Орталық сайлау комиссиясына тіркеліп те үлгерді.

Президент сайлауын байқаушы ретінде Германия, Грузия және Израильден екі-екіден, ал Нидерланд корольдігі мен Хорватиядан үш-үштен және Эстониядан - бір байқаушы аккредиттациядан өтті.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу