Астанадағы татар-башқұрт орталығы жыл басы Наурыз мейрамын тойлауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы татар-башқұрт орталығы жыл басы Наурыз мейрамын тойлауда

15.03.2015
Астанадағы татар-башқұрт орталығы жыл басы Наурыз мейрамын тойлауда

Биыл өзі атаулы күндер көп бізде. Жеңістің 70 жылдыған бөлек, ұлттар достығына дәнекер болған - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы. «Қол жұмылмай, жылынбайды» деген бар. Соны терең ұғынып, бірлікті бағайлайтын елдің қиыр-қиырындағы этномәдени орталықтар айтулы күнге қызу дайындықты бастап кетті.

Қазір Қазақстанда 820 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Барлық бірлестік қазақ жерінде мекен еткен этностардың тілін, ділін ұмытпай, салт-дәстүрін дәріптеуге зор үлес қосып келеді.

Қазіргі күні аймақтарда 11 Достық үйі жұмыс істейді. Ассамблея жылы қарсаңында тағы да 4 Достық үйі ашылмақ. Ал, Астанадағы татар-башқұрт орталығы Наурыз түркі жұртының төл мерекесі, жыл басы Наурызды бастап та кетті.

Татарлар - сауықшыл халық. Кез келген мерекені атаусыз қалдырмайды, міндетті түрде ұлттық киімдерін киіп дастарханын жаяды. Бүгін олар түркі халқына ортақ Наурыз мерекесін тойлады. Астанадағы «Таң» татар-башқұрт орталығы ұлттық мерекені ұлықтауды бастап та кетті. Үй иелері дастарханды татар тағамдарына толтырды. 

Көптен күткен көршілер мереке кезінде осылай баянын тартып, думандатып келеді. Хал-ахуал сұрасады. Қазақтың көрісу, амал дәстүріне де ұқсайды. Ал, қазақ Наурызынан бір айырмашылығы, татар халқы бұл күні Қыдыр атаны емес, Наурыз бикені күтеді.

Наурыз бике ауыл-аймақтағы ақылына  көркі сай әдемі келіншек болуы керек. Бұл ырыстың, құт-берекенің бастауы деп есептеледі.  Наурыз бике қонақтардың әрқайсысымен амандасып, хал сұрасады. Көңілі көтеріңкі қонақтар дастарханға жайғаспас бұрын ойнақы әуенге билеп те алады.

Наурыз бике – табиғаттың, әсемдіктің символы. Сондықтан, оны үй иелері ерекше құрметтеп төрге шығарады. Дастархандағы отырыс әсем әнге ұласты.

Ғалия Рахматуллина, «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының мүшесі, Астана қаласының тұрғыны:

Татардың түрлі тағамдарын пісіреміз. Бізде айран да, құрт та болады. Біз дастарханды тауық етінен жасалған тағамдарға толтырамыз. Тауықтың терісін қопарып, астына жұмыртқа салып. Құс еттері көбірек болады, біздің наурызда. Наурыз қыз біздің үйге кірсе, демек біздің үйге бақыт әкеледі.

Ресми дерек бойынша, Астанада 11 мыңдай татар-башқұрт этносы тұрады.  Олардың мыңға жуығы «Таң» татар-башқұрт орталығының белсенді мүшесі. Орталық осыдан 20 жыл бұрын құрылған. Салт-дәстүрмен қатар, орталықта тіл оқытатын жексенбілік мектеп те жұмыс істеп тұр.

Ал, бүгінгі дастарханға жиналғандар орталықтың белсенді мүшелері. Олар өз білгендерін жастарға үйретуден жалыққан емес.

Фатима Ягудина, «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының мүшесі, Астана қаласының тұрғыны:

Бүтінімізге есендік-саулық, тазалық-байлықты, Құдайым молынан берсін. Таза су ішерге жазсын.

Үлкендердің айтуынша, татар халқының барлық салт-дәстүрі берік сақталып келеді. Ұлттық мерекелері «Сабантой» да жер-жерде кең ауқымда атап өтіледі.

Светлана Тенишова, «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының мүшесі, Астана қаласының тұрғыны:

Биыл елімізде Ассамблея жылы. Біздің орталыққа да 20 жыл толды. Дәстүрімізден ажырамай, тіліміз бен ділімізді сақтап келеміз.  Бізге осындай мүмкіндік берген мемлекетке, Үкіметке үлкен алғыс айтамыз.

Біз тыныштықта, бейбіт кезеңде өмір сүріп отырмыз. Этнос бөлек болғанымен, мақсат-мүддеміз бір. Біз әрқашан осындай мамыражай заман болғанын қалаймыз.

«Таң» татар-башқұрт орталығы қалалық, республикалық байқауларға белсенді қатысады. Ән десе әнін, айтып, би десе биін де билейді.

Еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктер Наурыз мерекесімен қатар, Ассамблея жылына дайындықты бастап кетті. «Бізді тоғыстырған қилы тарих болса, ендігі бейбіт күннің тарихын өзіміз жазуға тиіспіз», дейді Ассамблея мүшелері.

Береке мен бейбітшіліктің бастауы тұрақтылық. Ал, тұрақтылық болған жерден ырыс пен несібе кетпек емес.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу