
«Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам... Зытып келе жатқаным, қашып келемін. Артыма қарай беретінім, қорқып келемін...». Дәл осылай басталатын шығарма есіңізде ме? Иә, бұл - Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы.
Талай жауынгердің рухын жанып, намысын қайраған бұл шығарманы бүгінгі буын білмегенмен, үлкен буын өз заманында ынта-ықыласпен оқыды. 1945 жылы «Қазақ батыры» деген атпен шағын кітап күйінде шығып, кейін 1950 жылы «Қазақ солдаты» деп өзгертіліп, толықтырылып қайта жазылған бұл роман қазақ әдебиетіндегі II Дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тұңғыш туынды болатын.
Биыл Гитлер фашистерін жер жастандырған Жеңіске - 70 жыл, Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романына - 65 жыл. Ал, осы романның басты кейіпкері Қайрош Сарталиев туралы бүгінгі ұрпақ біле ме?
Ол – ойдан шығарылмаған, өмірден алынған кейіпкер. Оның басты прототипі – Кеңес одағының батыры, атыраулық Қайырғали Смағұлов. Өзге де батырлар бар ғой, Ғабит Мүсірепов неге дәл осы Қайырғали Смағұловты романының басты кейіпкері етіп таңдады? Жауынгер аты-жөнін неге Константин Иванович деп өзгертті? Кеңес одағының батыры атағын қандай ерлігі үшін алды?
« - Әуелі келісіп алайық, сіз ешнәрсені жасырмаңыз, мен ешнәрсе қоспайын.
- Жоқ, сіз ешнәрсе қоспаңыз, мен ешнәрсе жасырмайын…
Уәдеміз осы болды…»
Жазушы мен кейіпкер арасындағы диалог романға дейін осылай басталған еді. Болашақ батыр 1919 жылы Атыраудан 30 шақырым жердегі Қайыршақты ауылында дүниеге келді. Әкесінен жастай айырылды.
Жоқшылық жетім ұлдың қолын байлағанмен, бірақ, жолын байлай алмады. Романда Қайроштың бір табын сиырды тастап, ауылдан соңына қарамай зытып, қалаға қашатын себебі сол - білім алмаққа, қараңғылықтан құтылмаққа ұмтылуы еді.
Ашаршылықты да, тұрмыстағы ауыртпалықты да көрген бозбала Костя, яғни Қайырғали 1933 жылы Оралдағы балалар үйінде 7 сыныптық білім алады. соңынан анасы Биғайша іздеп келгенде де оқуын үзгісі келмей, Оралда қалған.
Өмірдің тауқыметіне шыныққан, шыншыл әрі қайсар Қайырғали 1939 жылы әскерге шақырылды. Ал, соғыс басталған 1941 жылы ол 22 жаста еді. Алғаш Дон, Ростов, Орджонокидзе қалаларындағы қанды шайқастарға қатысты. Қырым мен Кавказда да ерлік көрсетіп, «Қызыл жұлдыз» орденін кеудеге қадады. Бірақ, Қайырғали Смағұловтың жасындай жарқырайтын шағы алда еді.
Қадыр Жүсіп, филология ғылымдарының докторы:
1943 жылы Новороссийск деген жерде Эльтиген деген төбе бар. Сол төбеде сосын Керч деген төбеде майдан болған. Сол жерде қанды қырғын болады. Бірнеше күн шайқаста немістерді жеңген.
Сосын сол жердегі ерлігі үшін Қайырғалиға батыр атағын береді. Он адамның біреуіне. Басқалары өзге ұлт өкілдері. Содан Сталиннің бұйрығы шығады. Фронтқа жібермей еліне бір ай демалыс береді. Госпитальде жатып, жазылып, пойызға мінгізіп, Алматыға жеткізген.
Сөйтіп, бір жылдары ауылдан қашқан бақташы жігіт енді Кеңес одағының батыры атанып, туған елге келеді. Жол бойы қошемет көреді. Пойыздан түскенде қаумалаған қалың жұрттың құшағынан сытылып, әзер босайды. Оны республика компартиясының хатшысы күтіп алады.
Қадыр Жүсіп, филология ғылымдарының докторы:
Жұмабай Шаяхметов өзі қарсы алады. «Алғаш рет кездестім. Сондай жылы жүзді адам екен». Мені «бауырым, аман келдің бе», деп құшақтады. «Мен де жетімкөкірек шыдай алмай төгіліп жыладым», дейді. Ол кісі де жылаған. «Айналайын, қош келдің. Біздің мақсатымыз- батырларды халыққа көрсету. Жастарға ерлігіңізді үлгі ету, патриоттық сезімді ояту», дейді.
Содан жазушылар мен журналистер алдында майдан даласында көрген қанды қырғынды ер егіле баяндайды, ел емірене тыңдайды. Бір кезде жиын біткен соң...
Қадыр Жүсіп, филология ғылымдарының докторы:
Қайракең былайша еске алады: «Көп адамның арасынан бір адам келді. Жарқын жүзді, тәкаппар мінезді адам. Келді де арқамнан қақты. Сосын Жұмабайға айтты: «Енді бүгінше біткен болар, Қайрекеңді үйіме апарып, қонақ қылайын»,-дейді. Бұл кісі Ғабит Мүсірепов еді.
Алматыда болған он күннің ішінде батырды Ғабит Мүсірепов үйіне бірнеше мәрте шақырып, кеткенше қонақ қылады. Сыр суырады, майдан өмірі мен Қайырғалидың жан-дүниесіне қанығады.
Батырдың соғыс даласына қайта кетерінде жазушы «сен менің кейіпкерім боласың» деген. Сөйтіп, 1945 жылы алдымен «Қазақ батыры» деген атпен шағын әңгіме жазылады.
Алайда, «тылды қозғамай, тек майданмен шектелдің» деген Мәлік Ғабдулиннің сынынан соң, Ғабит Мүсірепов шығарманы толықтырып, роман жанрында қайта жазады.
Бұл оның қаламына бұйырған ең алғашқы романы еді. Ендігі аты - «Қазақ солдаты». Кейін батыр жазушыдан «неге дәл мені кейіпкер қылып таңдадыңыз?» деп сұраған.
Қадыр Жүсіп, филология ғылымдарының докторы:
Сонда Ғабит былай депті: «Айналайын, батырлар көп қой. Бірақ, сені көргенде жазғым келіп кетті». «Ол да бір жазушылықтың құдіреті ғой. Мен жетім өстім, жарлы болдым. Бәлкім, сол жазушыға әсер еткен болар»,-дейді батыр.
Жалпы, Қайырғали Смағұлов тумысынан өте қарапайым болған деседі. Тіпті, батыр атағын алғанда да аса сезіне қоймаған.
Қадыр Жүсіп, филология ғылымдарының докторы:
Олесь Гончарь дейтін жазушы бар. «Киевтің үлкен залында ине шаншар жер болмады. Сол залда ол былай деп айтты», дейді. «Жұртшылық, біздердің арамызда кім тұрғанын білесіздер ме? Біздің ортамызда ұлы Ғабит Мүсіреповтің «Солдат из Казахстана» романының басты прототипі Қайроштың кейіпкері, Кеңес одағының батыры Қайырғали Смағұлов бар», дегенде орнымнан тұрдым.
Аяқ-қолым дірілдеп кетті. Бүкіл зал ұшып түрегеліп, қол соғып, біразға дейін отырмады. Сол кезде батыр екенімді алғаш сезіндім», дейді.
Соғысқа бастан-аяқ қатысқан батыр 74 жасында дүниеден өтті, қазір ауыл шетіндегі мына зиратта мәңгі тыныстап жатыр. Ал, мына кісі батырдың кенже ұлы Хамит.
Хамит Смағұлов, Қайырғали Смағұловтың ұлы:
Мына кітап біздің үйде 1965 жылдан бері. Жеңістің 20 жылдығына арналған. Мында Ғабит Мүсірепов өз қолымен жазған. Апамыз Алманың атына жазған.
Мәрия Өтепқалиева, келіні:
Жалпы, бұл кісі ерлігін көп мақтан етпейтін. «Қазақ солдаты» романын үйдегі балаларға дейін оқыды. Сол кезде балаларға бұл менмін деп ешуақытта айтқан емес. Балалары әкесінің ерлігін тек ұстаздарынан білген екен.
Қазір батырдың кіндік қаны тамған ауылдағы орта мектеп Қ.Смағұловтың атында. Білім ошағында 1982 жылдан бері батырдың музейі бар.
Баян Хамиева, Қ.Смағұлов атындағы орта мектеп мұражайының меңгерушісі:
Мына киімдер соғыстан кейін киіп келген шинелі, аяқ киімі. Тері сіңген киімдері. Өзі тапсырған.
Қанды қырғыннан келгеннен кейін де батыр бейбіт өмірге белсене араласқан. Әскери кафедрада сабақ беріп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеген. Музейде батырдың әскери парадта киген киімдері де тұр.
Баян Хамиева, Қ.Смағұлов атындағы орта мектеп мұражайының меңгерушісі:
Романда да айтады, «ағаш чемоданға заттарымды салдым», деп, мынау сол чемодан.
Мынау патефонды да Ғабит Мүсірепов романда айтып өтеді. Қайрош Оралдан ауылға келгенде «үйге патефон келіпті» дейтіні бар. Мынау енді соғыста пайдаланған құтысы. Ол кезде барлық жауынгердің қолында жүрді. Күрегі. Мынау тамақ құятын ыдысы.
Атыраудан соғысқа 42 мың 505 адам аттанса, оның 13 мың 287-сі оралмады. Облыс бойынша 9 адам Кеңес одағының батыры атағын алды. Тізімнің басында – Қайрош - Қайырғали Смағұлов.
Батыр туған ауылға кіре берісте мынадай шумақты оқыдық:
«Жауынгерді айналдырып құрышқа.
Тайсалмастан кірген талай ұрысқа.
Ұрпағына үлгі болған ғұмырын
Ұқсатамыз жарқылдаған қылышқа». Бұл – Қазақ солдаты. Қайырғали Смағұлов.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ
