Басты Жаңалықтар Геолог Любовь Саланина 30 жылдан бері Хромтау шахтасында жұмыс істейді

Геолог Любовь Саланина 30 жылдан бері Хромтау шахтасында жұмыс істейді

Геолог Любовь Саланина 30 жылдан бері Хромтау шахтасында жұмыс істейді

Қазір біздің елдегі экономикалық белсенді 9 миллион адамның жартысынан астамы – қыз-келіншектер екен. «Әйелдің қырық жаны бар» демекші, олар ұрпақ өрбітіп, ошақтың отын маздатып отбасында ғана отырған жоқ, Отан алдындағы міндеттерін де мінсіз атқарып жүр. Әр салада, әр деңгейде, әлі жеткенше ер-азаматтармен тізе түйістіре еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосып келеді.

Бірі ұстаз, бірі дәрігер, заңгер, кәсіпкер, журналист, полицей... Олар отбасының берекесін арттырып қана қоймай, жұмыстарын да сапалы атқарып, абырой биігінен көрініп жүр. Тіпті біздің аруларымыз ерлермен тең құрылыс саласын да меңгеріп алды. Құрылыс дейміз-ау, шахтаға түсіп, кен орындарын тауып жатқан әйелдер де бар.

Бүгін Аptа.kz-те кейіпкер көп. Ал, алдағы қос кейіпкер Ақтөбе облысында тұрады. Шаһардан бір сағаттық жерде Хромтау деген өндірісті қала бар екенін білерсіз. Кейіпкерлеріміз сол Хромтаудағы шахталардың бірінде тынымсыз еңбек етеді.

Бірі – жеті қат жер астына түсіп, хром кенін зерттейтін Любовь Солонина мен сол Любовь секілді геологтар мен шахтерларды жер астына түсіріп, шығаратын машинист Гүлсара Гүлмағамбетова.

Жаһанда хром қорының молдығы жөнінен Ақтөбе алғашқы орында. Сондықтан, әлемдегі ең ірі шахталар – осы Хромтауда. Мынау «Молодежная» шахтасы. Сырты жым-жырт болғанымен, ішіне енсеңіз жұмыс қайнап жатыр. 

1974 жылы ашылған шахта бүгінге дейін 46 миллион тонна хром өндірген. Былтырғы көрсеткіш - 2 миллион 300 тонна. Жиһанның 40 еліне экспорттап отыр. Шахтеры бар, геологы бар 808 адам жұмыс істесе, соның жүз оны – әйелдер. 

Хромның сапасын көзбен-ақ анықтайтын бұл кісі – Любовь Саланина. Геолог әйел 30 жылдан бері жердің астында жүр. «Шахтаға түсесіңдер ме?» деді, жүрек дауаламаса да, сыр білдірмедік, «иә» дедік.

Оқыс жағдайға әзір болу үшін арнайы киім киіп, қосымша ауа толтырылған зілдей темір құтыны иыққа іліп, маңдайдағы шамды жағып, геологтың соңынан ердік.

Шахтерлардың тілімен айтқанда, әр горизонттан хром алынады. Біз 135-ші горизонтқа бет алдық. Жеделсаты тарсылдап, жердің түбіне құлдилай жөнелді. Тұмшалаған қараңғылықты тек маңдайымыздағы шам ғана сейілтіп келеді.

Үрей қысып, жүрегіміз суылдап барады. Ал, Любовь Александровна үшін бұл үйреншікті жайт. Үш минут дегенде жеттік. Ойлаудың өзі қорқынышты, жер бетінен 555 метр тереңдікке түсіппіз.

Меңіреу тыныштықты азынаған жел мен жылғалай аққан судың дауысы бұзды. Хромды таситын вагондардың жолымен 50 метрдей жаяу жүрген соң, шахтерларға кезіктік. Табылған кенді вагондарға тиеп жатыр. Ал, кенді тауып беретін осы - Любовь Александровна.   

Любовь Саланина, геолог:

Біз көптен істегесін бе, табылған хромның сапасын қолмен ұстап-ақ білеміз. Бұл мысалы өте бай, әрі сапалы хром. Мұның пайдасы көп. Ең негізгісі бұл кен- тоттанбайтын болат қорытуға қажет. Жұмысымыздың бірнеше сағатын жер астында өткіземіз.

Кен орнын іздеп табамыз, зерттейміз, сосын химиялық талдауға жібереміз. Бұл жерде суық әрине, жел азынағанда ауырып қалуың да мүмкін. Бірақ, жұмысымды өте қатты жақсы көремін.

Жасы 65-ке келгенмен, Любовь Александровна ширақ. Баспалдақпен еркін мініп-түседі. Былтыр жүрегіне операция жасатыпты. Бірақ, сыр алдырмайды. «Ентікпейтін себебім, әркез спортпен шұғылданамын», дейді.

Любовь Саланина, геолог:

Спортсыз мен шахтада жұмыс істей алмас едім. Сергек жүремін. Сергек жүрген соң, жұмыс та өнімді болады. Мысалы, біз былтыр 2 миллион 300 тонна хром алып, ел экономикасына зор үлес қосып жатырмыз. Биыл да дағдарысқа қарамай, жақсы көрсеткішке қол жеткізсек дейміз. Жұмыс тұрақты, жалақы үзілмейді. Бұдан артық бақыт жоқ қой.

Жұмыс уақыты бітіп, біз жеделсатыны күтіп отырғанда геолог ішкі мұңын айтып қалды. Жұмысқа деген махаббат осындай болу керек шығар. Түпсіз тереңдік еңсеңді басып тастайды екен. Ал, Любовь Александровна да шаршаудың бір белгісі жоқ. Жайдары қалпы. Жеделсаты жер бетіне көтерілді. Бізді көтеріп алған мына машинист әйел – Гүлсара Гүлмағамбетова.

Гүлсара 10 жылдай болды, осы шахтада. Жолдасы да шахтер. Сондықтан, кен орнының қиындығын түсінеді. Алғаш баламен үйде отырған жылдары ол машинистердің курсы ашылып жатқанын естіп, құжат тапсырады. 8 ай оқыды, сөйтіп, шахтаға жол ашылды.

Гүлсара Гүлмағамбетова, машинист:

Мен алғашында сигналист болдым. Себебі, бір жыл жұмыс істемей мұнда жұмысқа алмайтын еді. Бір жыл өтіл болу керек болды. Содан кейін 2 жыл өткен соң осында ауысасыз ба деді. Бірінші кезде келіспедім. Бір жылдай. Себебі жауапты жұмыс деп,  өзіме сенімсіздік білдіріп жүрдім.

Сенімсіздік білдіретіндей жөні бар. Шахта өте қауіпті жұмыс. Талай апат болып, талай кеншінің жер астынан шықпай қалғанын да көз көріп, құлақ естіп жүр. Сондықтан, мұндай салаға тек жүректілер ғана керек.

Бүгін мереке. Көршілерін жиып, дастархан жайған Любовьті жұбайы Александр гүлімен құттықтай кірді. Ол да геолог, түнгі кезекшіліктен шыққан беті.

Жоғары да айтпадық. Ерлі-зайыпты Александр мен Любовь ертеректе қиын тіршіліктен қажып, сонау Сібірден көшіп келген. «Нағыз жерұйық мекен – Қазақстан екен», дейді. Қазір Ресейге барғылары жоқ.

Любовь Саланина, геолог:

Ең бастысы мұнда тұрақтылық. Күйеулерімізді, балаларымызды жұмысқа алаңсыз шығарып саламыз, алаңсыз күтіп аламыз. Яғни, ертеңгі күнге деген сенім зор. Алаңсыз ұйықтаймыз. Мерекелерді кедергісіз атап өтеміз. Бейбітшілік деген осы ғой. 

Жылда 8 наурызда Любовь Александровнаның дастархан басында оқитын өлеңі бар екен. Биыл да оқыды. «Барша еркек атаулы естісін!» деді әзілдеп.

Кезекшілігін атқарып, Гүлсара Гүлмағамбетова үйіне келді. Аты да, тегі де гүлден құралған Гүлсараны да отбасы гүлмен күтіп алды. Әйелдер үйдің де, түздің де шаруасын ұршықтай иіреді ғой, ол шайды да  қамдап үлгерді.

Гүлсара Гүлмағамбетова, машинист:

Әйел бақыты ол отбасының амандығы. Жақсы отбасы, ұйыған отбасы. Балаларың, жолдасың, ағайының тату, бәрі жақсы болса, сол әйел бақыты деген сөз.

Хромтау – шахтерлар қаласы. Әр отбасының өмірі де кен орнымен байланысты, шай басындағы әңгіме де өндірістен өріледі. Адал табыспен жайылған дастархан да, берекелі тіршілік те, әрине аналардың арқасы.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Бөлісу