Армения – қыпшақтардың ізі қалған жер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Армения – қыпшақтардың ізі қалған жер

01.03.2015
Армения – қыпшақтардың ізі қалған жер

Қазақтардың табаны тимеген жер жоқ шығар, әсілі. Бабалардың ізі қалған мемлекеттің бірі – Армения. Тарихқа тереңдесек, XII-XIII ғасырда қазіргі Армения жеріне қыпшақтардың бір бөлігі барған деседі. XII ғасырдың басында қыпшақтар Дешті-қыпшақ даласында моңғол шапқыншылығына қарсы шайқасқан.

Содан 40 мыңға жуық қыпшақ түрлі себеппен армян жерінде қалып қойған, дейді тарих. Ал, жауға қарсы тізе қосып, қиын заманда қол ұшын берген қыпшақтарға Айастаннан ауқымды жер берілген екен. Ол кезде Армения Айастан деп аталған.

Сол Арменияда қыпшақтар мекендеген жер әлі бар. Тіпті, сонда тұратын елді мекен «Қыпшақ» аталады. Ал, «Қыпшақ» елді мекенінің тұрғындары өзіміздің қазақтар. Сол аймақта ағып жатқан өзеннің атауы да – Қазақ. Айтпақшы, ол мемлекетте ортағасырлық қолжазбалар сақталған Матенадаран институты әлі тұр.

Бұл – Матенадаран. Армян тілінде «кітап қоймасы» дегенді білдіреді. Жаһандағы ұлттардың 20 мыңдай қолжазбасы мен 100 мыңнан асып жығылатын керек деректері осында. 

Армян тарихынан бөлек, тағы 2000-дайы орыс, иврит, латын, араб, тіпті грек, жапон, парсы тілдерінде де жазылған. Музейде көне дәуірдегі парсы, Рим империясынан бастап, орта ғасырдағы қыпшақтар, ислам әлемі, түркі дүниесінің талай тарихи деректері бар.

Әсем Изатқызы, тілші:

Менің қолымдағы қолжазба өте құнды. Несімен дерсіз? Мұндағы 25 бет қыпшақ грамматикасына арналған. Яғни, қыпшақ тілінде, бірақ армян әріптерімен жазылған. 16-ғасырға жататын құнды қолжазба қазір Арменияның Матенадаран қоймасында сақтаулы тұр.

Құжатты оқыған қарапайым армян оның мағынасын түсінбейді. Бірақ, әріптерін таниды. Өйткені, оның авторы кейін зерттеуге оңай болсын деп солай жазған. Мамандардың ойынша, армян саудагерлері Львов қаласының маңында қыпшақтармен тығыз байланыс орнатқан және ол қарапайым көшпенді халық емес, Египетке жол тартқан қыпшақ әскері болған.

Геворг Тер-Варданян, М.Маштоц атындағы Матенадаран ежелгі қолжазбалар институтының бас қорғаушысы:

Кітапты 1596 жылы Саркавак Лусик жазған. Өте ауқымды, жан-жақты еңбек. Осы арқылы біз сол кездегі қыпшақ тілін ести аламыз. Мысалы,  Сипир, сипиргин – тазала, сыпыр.  Әріпті оқи аламыз, бірақ түсінбейміз. Мен түрік тілінен аз хабарым болған соң ғана, түсініп отырмын. Дурдум - тұрдым.

Гаяне Элиазян, М.Маштоц атындағы Матенадаран ежелгі қолжазбалар институты қалпына келтіру бөлімінің меңгерушісі:

Біз үшін қолжазбалардың қай тілде жазылғаны маңызды емес.  Өйткені, оның әрбіреуі – тарих, баға жетпес байлық. Киелі дүниелер. Иә, қыпшақ тілінде бірнеше құжат бөлімімізге қалпына келтіру үшін жіберілді. Біз жөндедік. Біздің негізгі мақсат, қолдағы бар бағалы дүниенің тозып кетуіне жол бермеу.

Қыпшаққа қатысты тағы бір тың дүние. Армения астанасы Ереваннан 90 шақырымдай жерде Арыч дейтін ауыл бар. 1400 жылдан II Дүниежүзілік соғысқа дейін «Қыпшақ» ауылы деп аталған.

Яғни, 15 ғасырда мұнда Орталық Азиядағы ұлы дала ұлтының әскери горнизоны орналасқан болуы мүмкін. Оған мына 4-ғасырда салынған қазіргі монастырь, бұрынғы қыпшақтар құлшылық еткен ғимарат куә. Қабырғасындағы жазулар дәлел.

Бұрын күмбез секілді шатыры болған, кейін қайта жөндеуден өткен монастырьдің бүгінгі тұрпаты мынадай. Ал, қазір бұрынғы бабалар басқан жерде балалардың сыйластығы бар.

Роланд Назаретян, ауыл әкімі:

Ауылымыздың бас ғимаратының бірінде Назарбаев бұрышын орнаттық. Онда Қазақстанның тарихы туралы, мәдениеті мен әдебиеті, салт-дәстүрін сипаттайтын ұлттық дүниелеріңізді паш еттік.

Әлемге аты танылған Астананың ерекше, сипаты бөлек биік ғимараттарының суреттерін ілдік. Ауылымыздың бас көшесі Қазақстанның тұңғыш Президентінің атымен аталады. Бұл екі елдің ынтымағы. Екі ұлттың жарасымы. 

Арыч ауылынан келе жатып,  жолдан «Қазақ» дегенге жазуға көзіміз түсті.

Әсем Изатқызы, тілші:

Арменияның астанасы Ереваннан 65 шақырым жерде Рия таза дейтін ауыл бар. Елді мекеннің ерекшелігі сол, мұнда Қазақ деп аталатын өзен де бар. Арагац тауынан бастау алады. Ұзындығы 10 шақырым. Ауылдың айтатын тағы бір ерекшелігі, ауа райы біздің Астанамызға ұқсайды. Ылғи  самал жел есіп тұрады.

Қазақ тілінде сөйлеп жүр талай армян баласы. Олардың ұлты - қазақ емес. Бірақ, қазақ мәдениетін біледі, қазақ әдебиетін оқып жүр. Посткеңестік кеңістікте, тіпті ТМД елдері арасында, ары әлемде тұңғыш ашылған қазақ тілі орталығы – Арменияда.

Александр Сафарян, түркітанушы:

Қазақ тіліне кейбір анықтама, кітаптарда көрсетіліп жүргендей 200-300 жыл емес, Қазақ тіліне кем дегенде 1000 жыл. Оған Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат түрік» еңбегі дәлел.

Қазір біз қазақстандық әріптестерімізбен қазақ поэзиясының жинағын әзірлеп жатырмыз. Онда бұрын-соңды армян тіліне аударылмаған Сәкен, Абай, Мағжанның шығармаларын да қостық.

Сероб – ақтөбелік. Қазір Арменияның медицина университетінде оқып жүр. Бір жылдан соң, Қазақстанға қайтады. Ал Шушан өткен жазда Астанада болды. «Абай жолы» арқылы танысқан қазақтың мәдениетін өз көзімен көріп қайтты. Қазір «Мұхтар Әуезов шығармаларының типологиялық ерекшеліктері» тақырыбында диссертация жазып жүр.  

Шушан Хачатрян, студент:

Осы үш ай ішінде қазақ халқымен, мәдениетімен таныстым, көп қазақ достар таба алдым. Олар маған Астана қаласын көрсетті. Сосын мен қазақ тойына қатыстым, бауырсақ жедім, қымыз іштім.

Сероб Гиноян, студент:

Қазақстан!

Қазақстан - алтын күн,

Жанымызды жарылқайтын жарқын күн.

Аталсын барлық әлем,

Атыменен қазақ халқының,

Қазақстан, Қазақстан!

Қазақ пен армян ұлты ұқсайды. Көп сөздері бірдей дыбысталып, бір мағына береді. Мысалы, шалбар, ақымақ, акмак. Ал, Қарабала шалдың неге қазақша қарабала атанғаны белгісіз. Халықтың айтуынша, көзі тірісінде кедей ата бақшасында гүл өсіріп, күнде көшеден ары-бері өткен бұрымдыларға тарту етеді. Көңілдерін көтеру үшін. 

Ауыл  тұрғыны:

Ол маған гүл берген. 50 жыл бұрын. Сатпайды, тегін таратады.

Ауыл  тұрғыны:

Қарабала гүл беруші ата. Әдемі қыздарға береді.  

Әсем Изатқызы, тілші:

Неліктен қарияның Қарабала атанып кеткенін қарапайым жұрт біле бермейді. Бір анығы акқөңіл қартты ешкім ұмытпады. Мына ескерткіш оны ұмыттырмайды да.   

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу