Жеңімпаз – «Астана» футбол клубы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңімпаз – «Астана» футбол клубы

01.03.2015
Жеңімпаз – «Астана» футбол клубы

Осыдан бір сағат бұрын Елорда төрінде футболдан Суперкубокты сарапқа салған «Астана» мен «Қайрат» арасында тартысты ойын аяқталды. Жеңімпаз – «Астана» футбол клубы.

Кезінде бір жыл ойналып, кейін ұмыт қалған бұл бәсеке соңғы жылдары дәстүрлі тартысқа айналды. Бұл кубоктың алғашқы жеңімпазы Семейдің «Елім-ай» командасы. Ал, «Ақтөбе» Суперкубокты 3 мәрте жеңген Қазақстандағы жалғыз команда.

2011 жылы бұл Суперкубокты «Локоматив» командасы жеңгенін «Астана» командасының тарихына енгізер болсақ, елордалықтар бұған дейін 2 рет суперкубокта ойнаған екен.

Ал, алматылық «Қайрат» бұл жағынан болашақ қарсыласынан қалып тұр. Өйткені, алматылықтар Суперкубокты жеңіп көрмеген. Тіпті, биыл олар Суперкубок финалына тұңғыш рет шығып отыр.

Бүгінгі тартысты ойынды тамашалау үшін Мемлекет басшысы да арнайы «Астана- Аренаға» барды. Жеңімпаз командаға Суперкубокты табыстады. Сонымен, ойын қалай өтті?

Суперкубок бұл супер ойын, супер шоу, супер төрешілер мен әрине, супер футболшылар. Елордалық «Астана» қазіргі ел чемпионы болса, алматылық «Қайрат» кубок иегері. Үздіктердің үздігі өнер көрсеткен ойынға жиналған жанкүйерлердің қарасы өте көп.

33 мың көрермен сыятын «Астана-Арена» стадионында ине шаншар орын жоқ. Маусымашар ойынға Мемлекет басшысы, Қазақстан Футбол федерациясының құрметті президенті Нұрсұлтан Назарбаев та арнайы келді. Көппен бірге тартысты ойынды көрді, тамашалады.

Ойынның бас төреші – Ионас Эрикссон. 40 жастағы швециялық төреші былтыр Бразилия елінде өткен Әлем чемпионатында төрелік еткен. Оның көмекшілері де әлемге танымал лайнсмендер. 

Бір сөзбен айтқанда, мұндай футбол спектаклін көрген де, көрмеген де арманда. Тағы бір жаңалық. Суперкубоктің финалы тұңғыш рет өзге мемлекеттерде көрсетілді. Ресей, Украина, Түркия, Беларусь, Молдова және Балтық жағалауы елдерінің футболсүйер қауымы осы ойынды тікелей эфирде тамашалады.

Ал, ойын тартысты өтті. Қос қарсылас та алма-кезек шабуылдар ұйымдастырғанымен, екі таймда да есеп ашылмады. Одан кейін командалар жеңімпазды экстр-таймда анықтауға кіріскен.

Бірақ, ол да нәтижесіз аяқталған соң қарсыластар жеңімпазды пенальти арқылы ғана анықтады. 11 метрліктің өзі өте тартысты болды. Бес-бестен берілген мүмкіндіктен екі команда тек екі голдан ғана соққан.

Сосын «Астананың» қақпашысы алматылықтар тепкен алтыншы допты қайтарса, «Астана» кезекті мүмкіндігін қалт жібермеді. Есеп 3:2. Суперкубок иегері – «Астана». Ал, жеңімпаз командаға кубокты Президенттің өзі табыстады.

Ғабит Бөкенбайұлы, тілші:

Футбол - тілі мен ділі, діні мен түрі бөлек болса да, тілегі мен ниеті бір жұртты бір арнаға тоғыстыратын ерекше ойын. Допты тәуір тебетін талай халықтың басы бір стадионға сыйғанмен, басқа алаңдар да дәл осылай басы қосылмай, ала тайдай бүлініп жүргенін көз көрді.

Ондай мысал қазір әлемде көп. Алайда, осыдан 20 жыл бұрын Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы біздегі бірлікті бекемдеп, береке мен ырысты арттырып, игі істерге бастама болды.

Қазір ұлты, діні, түрі бір-біріне ұқсамайтын адамдар Қазақстан деген қара шаңырақтың астында тату-тәтті тіршілік етуде. Бірге, берік - ірге дейтін біздің елдің ертеңі – мәңгі.

Ғабит БӨКЕНБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу