Президенттің сайлау туралы жасаған Үндеуіне үн қосқан азаматтардың қарасы көп
Азаматтық қоғамның алға басуына атсалысып жүрген барлық тұрғындар Елбасының Президент сайлауын өткізу туралы жасаған Үндеуін түгел қолдап, өз пікірлерін білдіріп жатыр.
Осы аптада алдымен саяси партиялар, сосын қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен тартып, зиялы қауым мен шетелдік сарапшылар да осы бастамаға ой қосты. Бәрінің айтатын пікірі бір.
Ол алдағы сайлау - «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» бағдарламасын тиімді жүзеге асырып, «Қазақстан-2050» стратегиясында көрсетілген бағдарламаларды дамытуға мүмкіндік береді дегенге саяды.
Президенттің сайлау туралы жасаған Үндеуіне үн қосқан азаматтардың қарасы көп қазір. Саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен зиялы қауым, ірі өнеркәсіп ұжымдарынан тартып қарапайым халықтың өзі бұл бастамаға бейжай қарамайтындарын айтуда. Солардың алғашқылары болып осы аптада Президенттің Үндеуіне Қазақстан Коммунистік халық партиясы пікір білдірді.
Жамбыл Ахметбеков, ҚКХП орталық комитеттің хатшысы:
Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлығы өте өзекті және уақыт талабынан туындаған. Қазақстан Коммунистік халық партиясы бұл шешімді толықтай қолдайды.
Еліміздегі ең басты сайлау науқанын алдын ала өткізіп алған соң, Қазақстан бар күш-жігерін әлеуметтік-экономикалық саладағы түйінді мәселелердің шешілуіне бағыттауға мүмкіндік алады.
«Бірлік» партиясының мүшелері де Елбасының сайлау туралы шешімін құптайды. Олар әлем елдерінде қалыптасқан қазіргі ахуалға байланысты саяси доданы келесі жылға қалдырмай, биыл өткізу керек, дейді.
Серік Сұлтанғали, «Бірлік» партиясының төрағасы:
Экономиканың жылжуы сол 2000 жылдардан басталды. Естеріңізде болса, 1995 жылдары бүкіл зауыттардың жұмысы тоқтап, жалақы болмай өте қиын жағдай болды.
Қазір жақсыға үйреніп қалдық. Оның барлығы Елбасының саясаты, партия Президенттің қабылдаған шешімін қолдайды.
Патриоттар партиясы да Ассамблея бастап, Парламент пен Конституциялық кеңес қостап, Президент пәрмен берген сайлауды өте салиқалы шешім деп қабылдады. Әсіресе, әлемдік экономика әлсіреп тұрған тұста, Қазақ елінің бұған дейін қолға алған бастамаларын ұдайы жалғастыра беру керек бұл сайлау.
Ғани Қасымов, «Қазақстанның патриоттары» партиясының төрағасы:
Біздің партия Елбасы шешімін қолдайды. Осы кезге дейінгі үкіметтік емес ұйым, қоғамдық ұйымдар, түрлі мекемелер, қарапайым халықтың түрлі партиялар арқылы жеткізген тілектері мемлекетіміздің көзқарасын білдіреді.
Біз елдегі тұрақтылық пен экономикалық хал-ахуалымыздың арқасында халықаралық дағдарысқа төтеп бере алатынымызға сенеміз. Оған қоса біздегі түрлі бағдарламалар болашағымыздың жарқын болатынына сенім арттырады.
Сәуірге белгіленген сайлауға қатысты «Ақжол» партиясының президиумы осы аптада шұғыл жиын өткізді. «Ақжолдықтар» жылдың басты саяси оқиғасына байланысты Мемлекет басшысы жолдаған Үндеуді бүгінгі күннің үдесінен шыққан басты мәселе, дейді.
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
Ең алдымен ұлттық мүдделерге бағытталған байыпты саясат жүргізу өте маңызды. Осы себептер бойынша біздің партия ұлт көшбасшысының ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімін толық қолдайды.
Қазақстан озық отыз елдің қатарына кіремін десе, Президент сайлауын кешеуілдетпей биыл өткізгені абзал. Бұл орайда Мемлекет басшысы көптің өтінішін көрегендікпен қабыл алып, дұрыс шешім қабылдады, дейді белгілі қоғам және өнер қайраткерлері.
Карл Байпақов, тарих ғылымдарының докторы:
Мен Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынысын қолдаймын. Президент сайлауын биыл өткізу, ертеңгі күнге жасалған маңызды қадам. Экономикалық кедергілерді оңай еңсеріп, дамудың дұрыс жолын сақтау үшін біз сенімді болуымыз керек.
Досым Сүлеев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, академик:
Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынысын толығымен қолдаймын. Әлемдік дағдарыс келер жылы одан әрі күшеюі мүмкін. Екіншіден, келе жатқан дағдрыспен күресінен нәтижеміз өте жемісті болу үшін қиын болса да бір шешімдер қабылдау керек.
Соны біз қолдауымыз керек, Президенттің жанына бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмысымызды ойдағыдай жасай беруіміз керек.
Дина Жүсіпәлиева, педагогика ғылымдарының докторы:
Біздерде мемлекетімізде 140-тан аса этнос тұрады. Сол этностар қазір бір-бірімен бір отбасыдай. Сол себептен тыныштық болса, бейбітшілік болса басқа бізге түк те керегі жоқ.
Қазақстан - халықаралық қауымдастықта өзіндік бет-беделі бар ел. Саяси ахуалды алдын ала ескерген Ассамблея дер кезінде, уақытылы ұсыныс жасады. Әлемде болып жатқан соңғы оқиғаларға қарамастан, бұл елде әрдайым бейтілшілік орын алған, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенім мол. Бұл біздің елдегі жағдайды жіті назарда ұстайтын шетелдік сарапшылардың пікірі.
Леонид Гусев, саясаттанушы:
Бұл мәселені Қазақстанның халқы шешеді. Алайда, сырт көз ретінде пікір білдірер болсам, бастаманы қолдаймын. Меніңше, қазіргі уақыттың, заманның талабы осы қадамды қажет етеді. Соңғы жылдары Қазақ елі саяси қақтығыс пен экономикалық қиындықтарға ұшырамай, қарыштап дамыды. Бұл елдегі биліктің тұрақтылығының арқасында қол жеткізген табыс. Сондықтан, сайлауды биыл өткізіп, осы бағыттан таймау керек.
Вальтер Швиммер, Еуропа Кеңесінің бұрынғы бас хатшысы /1999-2004 жж./:
Біз Қазақстанның Украина мен Ауғанстан секілді түрлі қақтығыстар жүріп жатқан аймаққа жақын орналасқанына қарамастан, аса тұрақты мемлекет екенін жақсы білеміз.
Осындай саяси және экономикалық тұрақтылық одан әрі де сақталып қалады деп сенемін. Сондай-ақ, Қазақстан халқы мен оның мүддесін қорғаушы Парламент - дұрыс шешім қабылдайтынына да сенімдімін.
Ассамблея көтерген ұсынысының астарында үлкен саяси мән бар. Ол елдегі бұған дейін бастау алған іргелі істерді баянды ету үшін де Президент сайлауын биыл өткізу.
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры:
Алдағы өтетін сайлаудың еліміз үшін маңызы өте зор. Сондықтан, біз осы саяси додаға Елбасының кандидатурасын ұсынамыз және Президенттің барлық бастамаларын қолдаймыз.
Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері елдегі тұрақтылық пен келісімнің арқасы. Ал бірлік бар жерде - тірлік бар, сондықтан да, тұрақты даму үшін тұрлаусыз дүниеден гөрі, қашанда ауыз бірліктің маңызы зор болады, дейді сарапшылар.
Айбек ҚОБДАБАЙ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы