Осы Қауіпсіздік Кеңесінде ішкі жағдайдан бөлек, Украинадағы ахуал да талқыланды. Президент жағдайды реттеуге Қазақстан барынша күш салатынын айтты. Бұл мақсатқа жету үшін барлық дипломатиялық ресурстар пайдаланылады.
Ертесіне Франция Президенті Ақордаға қоңырау шалды. Франсуа Олланд пен Нұрсұлтан Назарбаев 12-ші ақпандағы Минск келісімі Украинаның оңтүстік-шығысындағы қантөгісті тоқтатуға ықпал еткеніне тоқталған. Елбасы Ресей мен Еуропалық одақ арасындағы санкцияларды біртіндеп алу үшін қажетті шарттарға көңіл аударды.
Франсуа Олланд оқ ату толық тоқтап, ауыр техника әкетіліп, Мариуполь төңірегіндегі қақтығыс басылған жағдайда санкцияларды азайту мәселесін талқылау мүмкін екенін айтты.
Сондай-ақ, әңгіме барысында Қазақстан-Франция стратегиялық серіктестігінің келешегі талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Францияға биыл сапармен келуге шақырғаны үшін Франсуа Олландқа алғыс айтты.
Елбасы Ресей Президенті Владимир Путинмен де телефон арқылы сөйлесті. Олар Украинадағы қазіргі ахуалды талқылап, жалпы алғанда, қақтығыс аумағында оқ атуды тоқтатуға қол жеткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан-Ресей ынтымағын сөз қылды.
Соңында Владимир Путин Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттерінің наурызға жоспарланған Астанадағы үшжақты кездесуіне қатысуға ниетті екенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен де телефон арқылы сөйлесті. Қос тарап Қазақстан-Беларусь ынтымағы мен еуразиялық экономикалық ықпалдастық аясындағы өзара іс-қимыл жайын талқылады. Және бұл талқылауды наурызда Астанада жалғастыруға уағдаласты.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ