Халықаралық қауымдастықтың белсенді мүшелерінің біріне айналған Қазақстандағы ауқымды шаралар жат жұрттың назарынан тыс қалмайды.
Президент сайлауын биыл өткізу туралы бастаманы шетелдік сарапшылар да ой елегінен өткізіп, дүркін-дүркін пікір білдіріп жатыр. Дені негізгі себеп – дағдарысты еңсеру үшін бұл дұрыс қадам деп санайды.
Қазақстан – әлемнің назарында. Оған елде болған, болып жатқан, болатын әрбір саяси, экономикалық, мәдени қадамдарда қосып отыратын ойлы пікірлері куә.
Алыс-жақын шетелдік сарапшылар сайлауды да сырт қалдырмады. Көршіміз Мәскеуден бір емес, бірнеше сарапшы бірден қолдап, арнамызға сұхбат берді.
Кирилл Привалов, саясаттанушы:
Қазіргі заман ағымы тез өзгеріп жатыр. Меніңше, Қазақстан халық Ассамблеясының өкілдері мұндай қадамды жан-жақты ойланып барып, жасап отыр. Себебі, алдағы уақытта әлемдік дағдарыс, Украинадағы жағдай, сосын Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанын ескерсек, біраз өзгерістердің болатыны анық.
Ендеше, осындай маңызды кезең алдында тұрақтылық, сабақтастық керек. Қазақстан соңғы жылдары көптеген істі алдын ала көрегендікпен болжап, дер кезінде тиісті шешім қабылдап отырды.
Қытай да қарап қалмады. Көрші елдің мамандары президент сайлауын биыл өткізуді құптайды. Олар тек мемлекетке емес, әлеуметке де оң әсерін тигізеді. Конституцияға сәйкес ұсынылған бастама мемлекеттің даму үрдісіне де жаңа серпіліс береді, деп отыр.
Ы Юнлун, Қытай мемлекеттік энергетика және экономикалық зерттеу орталығының басшысы:
Мен Қазақстан халық Ассамблеясы ұсынысын жан-жақты сарапталған, қазіргі заман сұрауына сай жасалған құптарлық қадам деп білемін. Қазақстанның сан жылдарға жоспарланған экономикалық және стратегиялық даму бағдарламалары бар. Президент сайлауын өткізу арқылы сол бағдарламалардың бірқалыпты атқарылу жүйесін сақтап қалуға болады.
Әлемді қаржы-экономикалық тұрақсыздықтың жаңа толқыны жайлады. Аумалы-төкпелі кезең созылуы мүмкін екенін ескерсек, саяси науқанды биыл өткізген дұрыс. Сонымен қатар, мұндай шешім қабылданатын болса, ол халықты одан ары топтастырып, елдің орнықты дамуына негіз болады.
Президенттік сайлауды биыл, ал Парламенттік сайлауды 2016 жылы өткізсе, экономикалық жағынан тиімді, әрі заңға қайшы емес. Еуропа сарапшылары да ҚХА ұсынысын қолдайды.
Аделин Реми, Люксембург қаржы журналының президенті:
Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономиканы әртараптандыру процесі, отандық бизнесті қолдау Еуропа елдеріне үлгі болсын деп, мен жақында ауқымды мақала жаздым.
Шынын айту керек, Қазақ елі көптеген халықаралық басталамалары арқылы Орталық Азия елдерін ғана емес, бүгінде әлем алпауыттарын артта қалдырып отыр.
Ал, америкалық сарапшы Алекс Ватанка Қазақстанның қазіргі экономикалық дамуын елдегі саяси тұрақтылықпен байланыстырады. Оның ойынша, сайлауды биыл өткізу идеясы - Қазақстандықтар жасаған маңызды қадам.
Алекс Ватанка, Таяу Шығыс институтының жетекші маманы:
Қазақстан төңірегіндегі жағдайларға қараңызшы. Көрші Ресейде не болып жатқанын көріп отырмыз. Украина, Таяу Шығысты тағы қосыңыз. Мұнай бағасының төмендеуі сол мемлекеттердің қазынасы айтарлықтай шығын әкелуде.
Енді, Қазақстанды алыңыз. Міне, Тәуелсіздік алғалы 24 жыл болды. Экономикалық өрлеу әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Тіпті, даму үстінде. Саяси тұрақтылықты да бірге сақтап келеді. Менің ойымша, Қазақстан халқы сайлауды биыл өткізу туралы ұсынысты дер кезінде қабылдап, маңызды қадам жасады.
Қай ел Президентті өздері таңдаса, сол елде шынайы демократия бар. Себебі, бірлігі жарасқан жұрт қана елдің ертеңін ерек ойлайды. Мұндай пікірді Сан-Марино Республикасындағы Қазақстанның құрметті консулы білдірді.
Джовани Помпони, Сан-Марино Республикасындағы Қазақстанның құрметті консулы:
Шын мәнінде, халық ұлт көшбасшысын өздері таңдау жасаса, бұл классикалық мысал. Егер қысылтаяң кезеңде уақыт пен бюджетті мақсатты үнемдеу үшін бұқара Президенттік сайлауды ерте өткізуді сұраса, бұл өте дұрыс шешім.
Айналасында қақтығыстар жиі болатын Қазақстан ешқашан саяси әрі экономикалық тұрақтылығынан айныған емес. Солай жалғаса бермек. Себебі, Қазақстан халқы әруақытта дұрыс таңдау жасай біледі. Еуропа кеңесі бас хатшысының ойы осыған саяды.
Вальтер Швиммер, Еуропа кеңесінің бас хатшысы:
Әлбетте, ең бірінші кезекте Қазақстанның халқы және олардың таңдауы тұр. Демократиялық құқықты сақтау өте маңызды. Егер, Конституция бойынша Президенттік сайлауды ерте өткізу бар болса, онда ешқандай кедергі жоқ. Ең бастысы, үміткерлердің бұл науқанға дайындалу үшін уақыты болса жеткілікті.
Парламент пен Президенттік сайлау бір жылда болса, ел қазынасына ауыртпалық. Осыған байланысты оны ертерек өткізгенде тұрған ештеңе жоқ. Өйткені, бұл биліктің емес, халықтың бастамасы, идеясы. Германиялық саясаттанушы осылай, дейді.
Александр Рар, саясаттанушы:
Соңғы он жылды алып қарасам, меніңше, Қазақстан өте күрделі әрі ең тиімді демократиялық таңдауды басынан өткізді. Бұл сайлау да дер кезінде өткізілмек. Биыл Президенттік сайлау, ал келесі жылы Парламенттік сайлау. Дұрыс шешім.
Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты франциялық Альбер Фишлер өзге елдердің шаруасы шатқаяқтап, берекесі кеткенде, керісінше Қазақстанның өндірісі өркендеп, өрісі кеңейіп жатыр деді. Сондықтан, халық үшін бұл сайлау өте маңызды.
Альбер Фишлер, қоғам қайраткері, бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты:
Әрине, Қазақстан халқы Еуропадағы қиындықтарды көріп, біліп отыр. Грекия, Ирландия, Италия, Испаниядағы келеңсіз жайттар баршаға аян. Соңғы кездері Францияның да өсімі баяулады. Сол себепті Қазақстан халқы өз елінде мұндай түйткілдердің болмағанын, экономикалық өсімнің жалғаса бергенін қалайтыны түсінікті.
Қазақ Тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған Түркия еліміздегі саяси науқанға қатысты да алғашқылардың бірі болып пікірін білдірді. Айтуынша, жаһанда болып жатқан түрлі экономикалық және саяси жағдайлар Қазақстанға әсерін тигізгенмен, аса күйзеліске ұшырай қоймас.
Себебі, Қазақ елінің мұндай жағдайларға төтеп беретін мемлекеттік бағдарламалары бар. Сондықтан, осы бастан Президент сайлауын өткізіп, белгіленген мақсат пен міндеттерді орындай бастау керек.
Намык Кемал Зейбек, Түркияның бұрынғы мәдениет министрі:
90-шы жылдардың басында мен Түркияның мәдениет министрі болып тұрған уақытта Қазақстан Тәуелсіздігін енді ғана алды. Сол кезден бері Қазақ елі танымастай өзгерді.
Қазір әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдердің қатарындасыздар. Бұл алдымен айрандай ұйыған халық бірлігінің арқасында. Әлемде экономикалық-саяси жағдайлар ушығып тұрған кезде, елдің ішкі жағдайын реттеп, тұрақтылықты сақтап қалу өте маңызды.
Тобықтай сөздің түйіні. Шетелдік сарапшылар белді буып, биыл Президент сайлауын өткізгенді құптайды. Бастысы бұл - экономикалық жағынан тиімді, әрі заңға қайшы емес.
Ал, келер жылы әлемдік экономика мен саясатта, жағдай қазіргіден де шиеленісуі мүмкін.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ