Өткен түнде боксқа құмар, Генаға тілекші халық тақымды қысып, алақанды ысып, теледидар алдына жайғасты. Тағы да риза қылды. Геннадий Головкин Монакода британиялық Мартин Мюррейді айқын жеңіп, орта салмақта WBA, IBO және WBC нұсқасы бойынша Әлем чемпионы атағын сақтап қалды.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Геннадий Головкинді құттықтап, жеделхат жолдады. Мемлекет басшысы: «Геннадий Головкин – планетадағы ең мықты боксшылардың бірі деген атаққа лайықты екенін дәлелдеді»,-деп атап өткен.
Біздің Гена Мюррейді 4-ші раундта екі рет нокдаунға, 10-шы раундта бір рет нокаутқа түсірді. Сол сәтте-ақ әлем журналистері «Мюррей бокс карьерасында бірінші рет құлады. Головкиннің соққысы басқаның жұдырығы тимеген жерлерге тиіп жатыр. Мюррей – мықты боксшы, алайда, бүгін оны Головкин талқандап жатыр», деп шулады.
Сөйтіп, 11-раундта төреші жекпе-жекті тоқтатып, Генаның қолын көтерді. Бұл Головкиннің кәсіпқой бокстағы 32-ші жеңісі. Ол әзірге жеңіліп көрген жоқ.
Қалила АМАНҚҰЛОВА