Нұрсұлтан Назарбаев РФ Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Николай Патрушевті қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев РФ Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Николай Патрушевті қабылдады

22.02.2015
Нұрсұлтан Назарбаев РФ Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Николай Патрушевті қабылдады

Президент осы жиында шетелдік дипмиссия өкілдеріне қазіргі даму бағытымыз - «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты туралы да тәптіштеп айтып берді. Осы тұста Мемлекет басшысының «Нұрлы жолда» айтқан мына бір сөзін қаперге сала кетейік.

«Геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындата бастады. Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады», деді Президент.

Сол сынақты әлем ендігі бастан кешіп те жатыр. Сондықтан, қазіргі басты қам – қауіпсіздік. Елшілердің басын қосқан жиынның ертесіне, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Николай Патрушевті қабылдады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы әріптестік деңгейде ғана емес өте жоғары дәрежедегі сенімге негізделген. Біз Владимир Путинмен 21-ші ғасырда біздің мемлекеттер арасындағы достық пен әріптестік туралы сенімхаттарымен алмасқанбыз.

Ал, қазір саясат пен экономикалың барлық салаларында екіжақты қарым-қатынас дамып келеді. Сондықтан, осындай қиын кезеңде, терроризммен және басқа да қауіптермен күресте қауіпсіздік кеңестері арасындағы әріптестік өте маңызды. Ресей Федерациясы қауіпсіздік кеңесінің жұмысы өте күшейді. Менің ойымша тәжірибе алмасу өте пайдалы болмақ.

Кездесуде қауіпсіздік саласындағы екіжақты ынтымақтың қазіргі жай-жапсары мен келешегі, жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Оның ішінде әлбетте, Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдай да көлеңкеде қалмады.

Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы экономикалық ынтымақтың жекелеген мәселелерін қозғады. Сондай-ақ, Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы ахуалға байланысты қауіп-қатерлерді талқылады.

Николай Патрушев, РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

Біз қауіпсіздікке қатысты көкейдегі мәселелерді талқыладық, соның ішінде мемлекеттік шекараға қатысты мәселелерді де, мен бұл жерде Украинаға байланысты айтып отырмын.

Біз Украинаның мемлекет есебінде сақталғанын, оның тұтастығының сақталғанын және ол елде тезірек бейбітшілік орнағанын қалаймыз. Сондай-ақ, біз Минскіде қабылданған шешімдер және үш президент пен канцлер бекіткен Қарар, сондай-ақ, қарастырылған іс-шаралар кешені жүзеге асқаны жөн, дейміз.  

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу