Қазақстан халқы Ассамблеясы: Президент сайлауын биыл өткізелік
Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңейтілген жиын өткізді. Тұрақтылық, келісім, бірлік секілді Қазақстан қоғамы үшін маңызды ұғымдарды мықтай түсуді тағы бір мәрте пысықтаған кеңес мүшелері екі мәселені талқылады. Біріншісі – Ассамблея жылын мәнді, мазмұнды өткізу, екіншісі – ел бірлігі.
Осы ел бірлігін талқылап бастаған Ассамблея мүшелері «Президент сайлауын кезектен тыс, яғни биыл өткізелік» деген ұсынысты ортаға тастады. Үлкен ұсыныс бірден қолдау тауып, бастамашылар оның себеп-салдарын түсіндірді.
Күтпегеніміз анық, дегенмен, ұсыныс жария болды. Кең отырып кеңеселік деп жиылған Ассамблея – келер жылды күтпей-ақ, Президент сайлауын биыл өткізелік деп салды. Уәж бар: Жаһан дағдарысы дендеп кетпей тұрғанда, әрі екі сайлауды бір-бірімен қабаттастырып қайтеміз? Бірі бастап, қалғандары түгел қостаған ұсыныс негізі көптің тілегі, - дейді Ассамблея.
Розақұл Халмурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА мүшесі:
БАҚ-нан жалпы әлемде болып жатқан жағдайлардан біліп көріп жүрміз. Осы болып жатқан әлемдік, экономикалық дағдарыс әлі өзінің шегіне жеткен жоқ. Ол дағдарыстың ең қиын сынақтары әлі алдымызда тұр.
Мына аузы дуалы сарапшылардың айтуы бойынша, 2015 жылдың күзіне, 2016 жылға тура келуі мүмкін дейді. Ал енді сондай қиын-қыстау уақытта біз елімізде сайлаушыларды Президент сайлауымен айналдырып, Елбасының уақытын сайлауға беріп отырмастан, сайлауды биыл өткізу жөніндегі ұсыныс бұл дұрыс ұсыныс.
Себебі, біздің бағдарымыз белгілі. Кешегі «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында Елбасы алдымызда істейтін жұмыстардың бәрін ашып айтты. Енді соны іске асыратын уақыт келді.
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әріптестерім жариялаған біздің ұсынысты Елбасына біз Ассамблея атынан ұсынғанымыз дұрыс. Және Елбасы осыған да өте мұқияттылықпен қарайды деп сенемін.
Біздің барлығымыздың еңбегіміз, басты мүддеміз - мемлекетіміздің бірқалыптылығын, тыныштығын қамтамасыз ете отырып, халықтың тұрмысын әлсіретпей, әлеуметтік жағдайын төмендетпей алдағы уақытта өз дәрежемізде бәсекеге лайықты мемлекет болып дүниежүзілік қоғамдастықта өте озық рөл атқаруға міндеттіміз.
Негізгі пікір дағдарыс дендемес үшін бүгінгі бастамалар мен бағдарламаларды тұрақты да, табанды жалғастыру.
Надежда Нестерова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Сайлау өткізу біздің дағдарысқа қарсы әрекеттеріміздің бірі болады. Қазіргі әлемдегі тұрақсыз ахуал біздің дереу шешімдер қабылдауымызды талап етеді. Елбасы тәжірибеде көрсетіп жүргендей біз тиімді шараларды қабылдауда заман ағымының алдында болуымыз керек.
Валерий Вишниченко, ҚХА мүшесі:
Әлемдегі геосаяси ахуалдың қандай қиын жағдайда тұрғанын біз бәріміз көріп отырмыз. Қазақстан халықаралық қауымдастықтан бөлек емес. Сондықтан, дүниежүзіндегі саяси, экономикалық үрдістердің біздің мемлекетке әсер етері сөзсіз. Яғни, бұл сайлауды өткізу - алда тұрған түрлі қиындықты еңсеру үшін сенімді басшыға мандат беру, соның айналасына топтасу.
Негізі Президент сайлауы 2016-шы жылы өтуі тиіс еді, Парламент те сол жылы қайта сайланбақ. Бастамашы топ бір жылда екі сайлау жұртты әрі-сәрі қылады десті.
Оралбай Әбдікәрімов, қоғам қайраткері:
Әлемдегі жағдай Қазақстанға әсерін тигізіп жатыр. Халық билікке сенуі керек, халықтың бірлігі болуы керек, халықтың ынтымағы болуы керек. Соған байланысты Президенттің сайлауы беріліп отырған ұсыныс өте уақытында берілген ұсыныс.
Людмила Хочиева, ҚХА Кеңесінің мүшесі:
Осы айтылған сайлауды қабылдаймын. Елбасы - ол менің Президентім, Елбасы қазақстандықтардың Президенті, Елбасы тұрақтылықтың, ауызбіршіліктің іргетасы.
Кеңесіп шыққан Кеңес мүшелері орталық коммуникациялар қызметіне келді, мұраты өз ұсыныстарының қисыны мен мүддесін көпшілікке түсіндіру.
Надежда Нестерова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА мүшесі:
Кеңес қорытындысы бойынша үндеу қабылданды. Бұл үндеу, халық тарапынан түскен сансыз ұсыныстардың негізінде әзірленіп отыр. Бұл сайлау жай сайлау емес, ең алдымен бұл дағдарысқа қарсы жасалып жатқан әрекет.
Бүгінгі әлемдік дағдарыс бізге тәуекелге баруға болмайтынын, тез арада қорғану шараларын қабылдау қажет екенін ескертеді.
Егор Каппель, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА мүшесі:
Біз өңірлерді аралау кезінде қарапайым халықпен жиі кездестік. Олардан көптеген хаттар мен ұсыныстар түсті. Қазақстан халқы мен мемлекетінің қауіпсіздігі, елдің ұлттық мүддесі таразы басында тұр.
2016 жылы - дүниежүзілік дағдарыс шарықтау шегіне жеткенде, екі электоралды кампанияны Президент және Парламент сайлауын өткізуге мәжбүр болатынымызды мойындауымыз қажет.
Ал, сайлау циклы, шамамен бір жылға созылады. Дағдарыс кезінде бұл бізге керек пе? Керек емес.
Розақұл Халмурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА мүшесі:
Сайлауға бәріміз бір кісінің баласындай жұмылып, бірлігімізді, татулығымызды көрсетіп, қоғамдық келісімді нығайтып баратын болсақ, біздің жеңіске жететінімізге ешқандай күмән жоқ.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы