Бала саудасына тосқауыл бар ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала саудасына тосқауыл бар ма?

15.02.2015
Бала саудасына тосқауыл бар ма?

«Әлди-әлди баладан, тауып алған даладан. Далада бала жата ма, түсіп қапты шанадан». Әзіл аралас әлдиге қосылған осы бір тіркес – соңғы жылдары өкінішке қарай, шынға айнала бастағандай.

Қырық апта құрсағында жатып, мынау жалғанды көрсем деп тыпыршыған шақалағын далаға да, қалаға да, тіпті қоқыс жәшігіне тастап кету оқиғалары көбейді.

Анасы өз қолымен өлтірген өлі шарананы да, шырылдай жылаған шақалақты да, бір өкініштісі, перзентханадан емес, дәретханадан алып шығатын болдық. Көкірегің қарс айырылады. Шарасыз ана мен жауапсыз әкеге лағнет айтқанмен, мұндай қатыгездік тыйылмай тұр.

Біздің қоғамда одан да сорақы дерт - бала сату деген пайда болды. Естіп те, көріп те жатырсыздар, бірі бауыр еті баласын автокөлікке, енді бірі 2 бөлмелі пәтерге, тіпті кейбірі 40-50 мың теңгеге дейін сатып жібереді. Дене түршікпейді, Құдайдан қорықпайды.

Соңғы 5 жылда кәмелетке толмағандарды сату бойынша 82 қылмыстық іс тіркелген. 55 адам жазасын алып, түрмеге түсті. Кей жерлерде бала сату тіпті көлеңкелі бизнеске де айналып кеткен. Кім сатады, кім сатып алады?

2014 жыл. Шымкент. Мына әйел өзінің туған балаларын бір емес, бірнеше рет саудалаған. Әрине, жалғыз емес, аурухана медбикесімен бірге. Сәбилердің  бағасы 40-90 мың теңге аралығында. Соңғы сауда кезінде қолға түсті.

Осылайша, 4 баласын саудалау арқылы бұл әйел барлығы 1,6 миллион теңге пайда көрген. Ақталғаны – жоқшылық және шарасыздық.

2014 жыл. Ақтөбе. Шешесі мен қызы бірлесіп қылмысқа барады. Туғанына небәрі 2 күн болған шақалақ 8 мың 800 долларға бағаланады. Дер кезінде қолға түскен қылмыскерлер 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

2015 жыл. Астана. Ерлі-зайыптылар нәрестесін автокөлікке ауыстырмақ болады. Сатушылар көліктің техникалық сипатын да талап еткен: 2008 жылғыдан төмен емес,   «Toyota» автокөлігі. Ақысына дені сау, салмағы 4 келі, шекесі торсықтай ер бала.

Қарағанды. 2014 жыл. Маскүнем әйел баласын базарға, аукционға шығарады. Бастапқы құны 500 теңге.  Бұл ел аузында талқыланған, жұрттың жағасын ұстатқан жаңалықтың бергі жағы ғана. Ал, соңғы 5 жылда тіркелген фактілер мыналар.

2010 жыл 19 факт тіркелді, 5 адам сотталды;

2011 жыл 21 факт тіркелді, 9 адам сотталды;

2012 жыл  2 факт тіркелді, 7 адам сотталды;

2013 жыл 25 факт тіркелді, 14 адам сотталды;

2014 жылы 15 факт тіркелді, 20 адам сотталды.

Дулат Омар, ҚР Бас прокуратурасы, Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінің аға прокуроры:

Кейінгі 5 жылда бізде тіркелген қылмыстардың саны 82, оның ішінде 55 тұлға бойынша үкімдер шықты. Сот оларды кінәлі деп тапты.

Сататындар ісі түсінікті. Шарасыздық. Жоқшылық. Өзінің де, өзінен шыққан адамның да өміріне немқұрайлы қараушылық. Қиыншылық...

Смағұл Елубай, жазушы:

Мәселенің көбі тек қана қиыншылықта емес. Өйткені, қиыншылық емес заман болмаған қазақта. Тіптен, дастарханда қара нан болмай қалған кез өтті қазақтың басынан. Бірақ, балаларын саудаға салмаған. Бүкіл мынау азғындықтың, ождансыздықтың, адамгершіліксіз іс-әрекеттің бәрін жоқшылыққа арта салу ол аздық етеді.

Ішерге ас, киерге киім болмай босып кеткенде де қазақ әйелі қайыр сұрап тапқан жарты уыс дәнін баласының аузына тосқан жоқ па еді? Қара судың өзі тамақтан жүрмей қалғанда қолындағы 2 түйір дәнді қайнатып қара көже қылып бала-шағасының жанын  сақтап қалған да қазақ әйелі еді ғой.

Бүгінгінің асырай алмаймын деп бала сатуы жоқшылықтан гөрі, жауапкершілік арқалағысы келмейтін эгоистікте болса керек.

Смағұл Елубай, жазушы:

Бір минөттік ләззаттың ар жағында өмірге бала келіп, сол балалар түптің түбінде тастанды балаларға айналып жатқанын және мұның азғындық екенін ашық айтуымыз керек. Сонда осындай қылмыстың түрлеріне деген жиіркеніш пайда болады.

Сататындар түсінікті, ал сатып алатындар кімдер? Бір перзентке зар болып жүргендер. Сатып алған баланы мәпелеп, адам қылса, қылмыс болса да жөн делік. Ал, нәресте қылмыскер қолына түссе, ішкі органдары бөлшектеліп саудаға салынса  не болмақ?

Көлеңкелі бизнесте бұл да өтімді тауар. Еліміздің бас прокуроры Асхат Дауылбай мұндай қылмысқа тосқауыл қою үшін бала асырап алу процесін жеңілдетуді ұсынған. Жеңілдепті де. Сәбилер үйінен бала асырап алу үшін мынандай құжаттар қажет:

Жеке бас куәлік, тұрғын үй құжаттары, асырап алушының табысы туралы анықтама, отбасы жағдайы туралы анықтама, денсаулығы туралы анықтама, асырап алушының сотталмағаны туралы анықтама, баланы асырап алуға жақын туыстарының жазбаша келісімі.

Бұрын бала асырап алушылар 14-19 құжат жинаса, қазір мұның саны қысқарған. Бірақ, одан азайып қалған жетімдер жоқ, бала сату қылмысы да сап тыйылмады. Қазіргі кезде елімізде 188 балалар үйі болса, онда 9192 бала  тәрбиеленіп жатыр.

Гүлмира Күлсариева, ҚР БҒМ Балалар құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

Бүгінгі күні бала асырап аламын, деген 2800-ден астам адам бар. Бірақ, оның ішіндегі 90 пайызы 1 жасқа дейінгі бала асырап аламын деген талап қойып жатыр. Бүгінгі күнде біздің балалар үйінде балалардың көбісі, 80 пайызы 7 жастан үлкен.

Бір жасқа дейінгі дені сау балаға сұраныс жоғары. Бұл жерде таза адами психология. Нәресте асыранды екенін білмей өссе, жастайынан асырасақ өзіміз де үйреніп кетеміз деген ой.

Бірақ, кей жағдайда бала денсаулығындағы ақау 3-5 жас аралығында білініп жатады. Жылына асырап алынған баланың 30 шақтысы қайтадан балалар үйіне өткізіліп жатады, мінезіміз жараспады деген желеумен. Бұл ресми мәлімет.

Гүлмира Күлсариева, ҚР БҒМ Балалар құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

Баланың жасын, ұлтын, жынысын көрсетеді. Көзі, шашы қандай болуы керек оны да көрсетеді.

Таңдау құқығы болғанмен, 1 жасқа дейінгі баланы асырап алу үшін ұзын-сонар кезек те болады. Сондықтан, перзентке зарыққандар қылмыстық  іске барады. Ең тиімді жолы-сатып алу.

Дулат Омар, ҚР Бас прокуратурасы, Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінің аға прокуроры:

Негізінен бұл қылмыстар перзентханада болады. Шымкент қаласында №2 перзентханада Халматова мен Тәшметованың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл екеуі де перзентхана қызметкерлері.

Сатып алған баланы да өз атына рәсімдеу үшін заң орындарының көмегі керек. Демек, біріне-бірі жалғасқан, сыбайласқан тұйық шеңбер. Ал, бала құны 150 мың теңгеден 2 миллионға дейін барады.

Бала сату туралы сұмдықты біздің кейіпкерлер де естіпті. Гүлнәр Алимова Астанада тұрады, екі қызы өсіп, үйлі-баранды болған. Енді жолдасы екеуі бала  асырап алғысы келеді.

Гүлнәр Әлімова, Астана қаласының тұрғыны:

Жуырда теледидардан көрдік. Көлікке  бала ауыстырған деген не сұмдық?! Ол қылмыс қой. Бару керек, көру керек. 1-2 ай ма, 3 ай ма бала бейімделуі керек. Үйренуі керек. Балаларға үйренгеннен кейін ғана олар алдымыздан «папа, мама» деп жүгіріп келіп жатса, жүрегің үлбіреп өзің де тартыласың.  Бала да тартылады.

Бұл отбасының шағын дүкендері, құрылыс саласында бизнестері, үй-жайлары бар. Бала асырап алу қажеттіліктен бұрын, азаматтық позициямыз дейді.

Гүлнәр Әлимова, Астана қаласының тұрғыны:

Жетімдер үйінен жылатпай бір бала алып, біреу болса, біреу, екеу болса екеу қанша береді, сонша алып, өз баламыз секілді бағып-қағып өсірсек дейміз.

Мейірім мен аз ғана жылылыққа зәру заманда осындай ізгі ниетті адамдарды көріп, көңілге үміт ұялайды. Әр ана қызына дұрыс тәрбие берсе, бәлкім тастанды бала, тас бауыр ана, сатылған сәби, жетімдер үйі де болмас еді.

Гүлнар апайдың дүкеніне кішкентай бала келіп, сауда қылды.  Дүкенші оның басынан мейірлене сипап, кәмпит беріп жатыр еді. Осы кезде тағдырдың тәлкегіне түсіп, сатылып кеткен балалар туралы ойлап, қайда, кімге, не үшін деген сауалдар сананы сансыратып жіберді...

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу