Дүниежүзілік экономика үлкен дағдарыс алдында тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дүниежүзілік экономика үлкен дағдарыс алдында тұр

08.02.2015
Дүниежүзілік экономика үлкен дағдарыс алдында тұр

Өткен жұмадан бері мұнай бағасы ондаған пайызға көтерілді. Оны әрі қарай да өсіруге болар. Бірақ, бұл үшін Ресей Сирия үкіметін қолдауды доғаруы керек. Сауд Арабиясының талабы осындай.

Ал, Грекия миллиардтаған еуро қарыз алып, халықаралық кредиторларға тәуелділіктен құтыла алар емес. Гректің солшыл жаңа үкіметі қазір осы түйіткілді шешуге күш салып жатыр.

Әлем елдері мойнындағы берешек  болса, триллиондаған долларға жетіп, дүниежүзілік экономика 2007 жылғыдай тағы бір үлкен дағдарыс алдында тұр.

«Ресей Сирия президентін қолдауды тоқтатса, біз өндірісті қысқартып, мұнай бағасын қайта өсіруге әзірміз». Ақпанның 3-де «Нью-Йорк Таймс» газетінде жарияланған мына мақаладан ұққанымыз, Сауд Арабиясы  қазір Мәскеуге осындай ұсыныс жасап отыр.

Бірақ, Кремль  экономикалық сынаққа көнсе де, өзге елдердің ығына жығылып, Таяу Шығыстағы одақтасы Башар Асадтан бас тарта қоя ма? Америкалық беделді басылымның тілшісіне сұхбат берген кейбір сарапшылардың бұған күмәні бар.

Ал, мұнай бағасы осы аптада 57 долларға дейін өсті. Оған  Қытайда сұраныс артады,  Ливияда қарулы топтар арасындағы жанжал күшейіп, халықаралық нарыққа энергетикалық шикізат жеткізу қиындайды, деген болжамдар себеп.

Машаллах Зуад, Триполиді бақылауға алған қарулы топтың өкілі:

Жалпы алғанда, Ливияда мұнайдан түсетін табыс 2014 жылы 15 миллиард долларға дейін азайды. Биыл бұл  көрсеткіш 10 миллиардқа дейін төмендеуі мүмкін.

 «Қара алтынның» құнсыздануы Ресейді антикризистік бағдарлама қабылдауға мәжбүрлеп отыр. Оның құны - 2 триллион 340 миллиард рубль немесе 35 миллиард АҚШ доллары. Және де дағдарысты еңсеру аясында ірі жобаларды жүзеге асыруға кететін шығындар биыл 10 пайызға қысқарады.

Бірақ, қорғаныс пен әлеуметтік салаларға бөлінетін қаржы көлемі азаймақ емес. Ал, банктерді қайта қаржыландыруға 1 триллион рубль жұмсалайын деп отыр. Бұл шара 2017 жылы федералдық бюджетті бұрынғы қалпына келтіреді деген үміт бар.

Елдің қаржы министрі ескерткендей, бүгінгі халықаралық ахуал Ресейді «әсері күшті өзгеріске» душар етіп отыр. Және де оның пікірінше, мұнай нарығындағы жағдайдың бұл жолы тез тұрақталуы екіталай.

Антон Силуанов, Ресей Федерациясының қаржы министрі:

Біріншіден, әрине, мұнай бағасының түсуі айтарлықтай әсер етіп отыр. Соның салдарынан елімізге келетін шетел валютасы азайды. Және де барлық сарапшылардың ойынша, мұндай жағдай ұзаққа созылады, себебі, мұнай бағасы 2008-2009 жылдардағыдай тез көтерілмейтін тәрізді.

Энергетикалық отын нарқының түсуі Еуропа елдеріне екі түрлі әсер етіп отыр. Біріншіден, бұл аймақтың мемлекеттерінде жанармаймен бірге тауар құны түсіп, халық табысының көп бөлігі өз қалтасында қалды. Мұнша арзандауды «қарт құрлық» жұрты соңғы 13 жылда көрген емес.

Бірақ, екіншіден, сол дүниенің арзандауы кәсіпорындардың, зауыт-фабрикалардың табысын азайтып, жұмыссыздар армиясын көбейте ме деген қауіп бар. Бір сөзбен айтқанда, Еуропа қазір дефляцияға тап болып отыр. Ал, бағаны қайта көтеру үшін экономикаға қосымша қаражат керек.

Сондықтан, қаңтардың 22-де Еуропа орталық банкі 1 триллион еуродан астам ақша шығарып, оны нарыққа тастайтынын жариялады. Бұл бағдарлама наурыздан жүзеге аса бастайды. Оның арқасында инфляция тұрақталып, 2016 жылдың соңына қарай Еуропа одағы тіпті созылмалы дағдарыстан шығады деген болжам бар.

Пол Шерд, экономист:

Қауіпке келсек, еуровалюта аймағында соңғы 6-9 айдың аралығында дефляцияға беттеу үрдісі байқалып отыр. Бұл дегеніміз – ең төменгі инфляцияны аңғартса керек.

Әрине, мұндай ахуал – макроэкономика үшін жақсы емес. Сондықтан, Еуропа орталық банкінің экономиканы ынталандыру бағдарламасы аз да болса өсімге сеп болады.

Ал, Грекияның проблемасы мұнай бағасы төмендемей-ақ өзекті. Қазір оның қарызы экономикасының көлемінен 175 пайызға асып отыр. Дағдарыстан ес жия қоймаған елге 323 миллиард еуроны алу оңай болмады, пайызбен қайтару тіпті қиын. Қазір жаңа үкімет  Еуропа одағымен, Халықаралық валюта қорымен несие шарттарын жеңілдету мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.

Алайда, одақтағы басты кредитор - Германия ескерткендей, Афины көмек аларда қол қойған келісімнің талаптарын орындауға міндетті. Неміс үкіметінің қаржы министрінің бұл сөзі Грекия жұртының шамына тиіп, бейсенбі күні сан мың адам әйгілі Синтагма алаңына жиналды.

Олардың ойынша, халықаралық несие берушілер шарт қойғанды доғарып, жергілікті үкіметке экономикалық саясатты өзі жүргізуге мұрша беруі керек.

Анастасия Вернардоу, жұмыссыз:

Грек халқының тілегі мынау – қаржыны қатаң үнемдеу саясаты доғарылсын. Біз оған әрі қарай төзе алмаймыз.

Елена Влавианоу, мұғалім:

Соңғы 10 жылда үкіметіміз алғаш рет өз еркімен шешім қабылдай бастады. Осыған дейінгі басшыларымызды Германия, дәлірек айтсақ, Меркель мен оның айналасындағылар тағайындап келді. Енді ұлтымызды, жалпы, Оңтүстік Еуропаны Германияның қолбалаларынан азат ететін уақыт жетті.

Энергетикалық шикізаттың арзандауы, соның салдарынан доллардың қымбаттауы суб-сахаралық Африканы да қарыз дағдарысына ұрындыруы ғажап емес. Америка валютасының құны артқалы,  Нигерия, Гана және аймақтағы өзге елдердің берешегі 11 миллиард долларға өскен. Сондықтан, «қарт құрлықтың» басына туған күн «қара құрлыққа» да жақындап қалғандай.

Былтыр Нигерия ақшасы – найра долларға шаққанда  екі есеге қымбаттапты. Ал, Гананың седиі 30 пайызға құлдыраған. Континетте ақша құнсыздану процесі  қазір де жалғасып жатыр.

Оған – әлем нарығында мұнай мен мыстың арзандауы, Қытай экономикасы қарқынының бәсеңдеуі себепші. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, осы бағытынан таймаса, Африка дефолтқа, яғни, ішкі-сыртқы қарызын өтей алмайтын күйге жетуі мүмкін.

Джуди Тайсон, Сыртқы даму институтының қаржылық зерттеушісі:

Суб-Сахаралық Арфикада дефолт қаупі күшейіп келеді. Аймақтағы көптеген елдер қарызды өз экономикаларынан асырып қана қоймай, оны доллармен де алған. Ал, былтыр Арфиканың талай валютасы сол доллардың қасында бірден құнсызданып, мемлекеттік берешектің көлемі жергілікті валютаға шаққанда ұлғайып шыға келді.

Бірақ, бүгінде Африка мен Грекия ғана емес, бүкіл әлем қарызда отыр. Бірнеше күн бұрын Нью-Йорктегі «МакКинси» консалтингтік компаниясы осы мәселе бойынша жүргізген зерттеу  қорытындысын жариялады.

Оған сүйенсек, дүниежүзі мемлекеттерінің үкіметтері, отбасылары, компаниялары мен банктері 2007 жылмен салыстырғанда, 57 триллион доллар артық қарыз алып, жалпы әлемдік борышты 200 триллионға жуықтатып отыр.

Ал, 8 жыл бұрын дүниеде халықаралық қаржы дағдарысы өршіп тұрған шақта,  талай ел қарызды қысқартамыз, деп уәде берді. Бірақ, содан бері берешек өспесе, кеміген жоқ. Мұндай ахуал әлем экономикасын  неге ұрындыруы мүмкін?

Эдвард Хадас, «Reuters» агенттігі экономикалық бөлімінің редакторы:

Бұл алаңдатарлық жағдай. Өйткені, қарыздың шектен тыс алынып, қайтарылмауы өткен жолғы дағдарысқа себеп болды ғой.

«Қара алтынға» қайта оралсақ, оның брент маркасының бір баррелі өткен жұмадан бері 20 пайызға жуық қымбаттады. Бірақ, бұл шикізат бағасы таяу арада 100 долларға дейін көтеріледі дегенге әзірге сену қиын. Өйткені, осы бейсенбіде ғана Сауд Арабиясы энергетикалық нарықтағы үстемдігін әрі қарай сақтау мақсатында Азия үшін мұнай құнын тағы да түсірді.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу