Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысуда

08.02.2015
Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысуда

Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев 51-ші Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысып жатыр. Жұма күні басталған жиын бүгін аяқталуға тиіс.

Форумның бұл жолғы күн тәртібінде Украина шиеленісін реттеу мен «ИГИЛ» аталып кеткен «Ирак Левант Ислам Мемлекеті» террористік тобының әрекетін тоқтатуға қатысты мәселелер бар.

Бұл халықаралық форум қазіргі замандағы ең өткір де өзекті мәселелерді талқылауға арналған, белгілі саясаткерлер мен дипломаттар, қоғам қайраткерлері және кәсіпкерлер қатысатын беделді әрі танымал әлемдік алаң.

Конференция жұмысының алғашқы күні НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг, Ұлыбритания және Францияның қорғаныс министрлері, АҚШ, Қытай мен өзге де елдің өкілдері сөз сөйледі.

Айта кетейік, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатия және халықаралық қатынастар саласына инновациялық ұсыныстар әзірлеумен айналысатын мамандар тобына енген болатын.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу