Басты Жаңалықтар Мәжіліс әлеуметтік еңбек саласындағы мемлекет көрсететін қызметтерді автоматтандыру туралы Заң қабылдады

Мәжіліс әлеуметтік еңбек саласындағы мемлекет көрсететін қызметтерді автоматтандыру туралы Заң қабылдады

Мәжіліс әлеуметтік еңбек саласындағы мемлекет көрсететін қызметтерді автоматтандыру туралы Заң қабылдады

Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Үкімет көрсететін мемлекеттік қызметтердің санын қысқартып, сапасын арттыруды тапсырған. Жұртты сандалтып, сабылтып қоймай, халықтың есіл уақытын ескеру еді мақсат.  Осы орайда халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыстары да бұрынғыдай емес, бір жүйеге түсті.

Мысалы, бұрнағы жылдары Сіз сатып алған автокөлігіңізді есепке қойып, нөмір алу үшін сағаттап кезек күтіп, табаныңыздан таусылып, талай табалдырықты тоздыратынсыз. Сосын амалсыз таныс-тамыр іздеп, пара беру арқылы шаруаңызды реттеуге мәжбүр болатынсыз.

Қазір олай емес. Себебі, аймақтарда ашылған арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары бұл шаруаңызды бүгінде екі үш сағатта реттеп береді. Тек қолыңыздағы құжаттарыңыз дұрыс болса игі.

Айтпақшы, бұрындары әртүрлі мекемелер сұрата беретін мекенжай анықтамаларын қазір халыққа қызмет көрсету орталықтары да санаулы секундтарда шығарып береді. Тіпті өзіңіз электрондық үкіметтің порталына тіркелген болсаңыз, ондай қажетті анықтамаларды үйде отырып та аласыз.

Осы секілді мемлекет көрсететін қызметтердің сапасы соңғы кездері барынша жеңілдетіліп жатыр. Соның бір айғағы ретінде осы аптада Мәжіліс зейнеткерлер мен түрлі әлеуметтік жәрдемақы алатын азаматтарға да қолайлы жағдай жасау үшін оларға көрсетілетін қызметті оңтайландырып, автоматтандыру туралы Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Бейнет түбі зейнет». Бұдан былай елімізде құрметті демалысқа шығатын жандар зейнетақысын рәсімдеу үшін құжынаған құжат жинап бас қатырмайды. Ғаламторың болса, үйден шықпай-ақ, электрондық үкімет порталына өтініш жазып, керек деректі тіркесең болды.

Тіпті, интернетіңіз болмаса да, уайымдаудың қажеті жоқ. Сіздің шаруаңыз тек бір ғана жерде шешіледі. Бұл - «Әлеуметтік еңбек саласындағы мемлекет көрсететін қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру туралы» Заңға жаңадан енгізілген талап. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Заң жобасында қарастырылып отырған шаралардың тағы бір артықшылығы Үкіметтің бірыңғай ақпараттық жүйесін қолдану негізінде біріншіден, қажетті құжаттардың санын барынша азайтуға әрі, қызмет көрсету мерзімін қысқартуға қол жеткізу.

Мысалы, базалық зейнетақыны алу үшін азаматтар үш құжаттың орнына тек бір құжат яғни, жеке куәдігін көрсету қажет. Ал қызмет алу мерзімі 7 күннен 30 минутқа дейін қысқарады.

Қазір Қазақстанда 700 мыңға жуық тұрғын мүгедек және асыраушысынан айырылғандар ретінде әлеуметтік жәрдемақылар алса, 1 миллионға жуық азаматтарға 20 санат бойынша республикалық бюджеттен жәрдемақы төленеді.

Олар соғыс ардагерлері, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал, 2 миллионға жуық азамат базалық зейнетақы алады. Осылардың ішінде құжаттарын жыл сайын жаңалып тапсыратын арнайы топтар бар. Соларды сандалтпау үшін жаңадан жазылған заңда құжаттарды бір-ақ жерден қабылдау қарастырылған.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап өтініш беруші медициналық әлеуметтік сараптама бөліміне келген жағдайда, мүгедектікті белгілеу қызметімен қоса, мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақыны және арнайы мемлекеттік жәрдемақыны алу құжаттарын бірге тапсыра алатын болады.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі халыққа 36 түрлі қызмет көрсетеді. Бұған дейін олардың 17-сі жеңілдетіліп, бір жерге шоғырландырылса, тағы 16-сы дәл осы Заң бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына беріледі.

Қалған үш қызмет электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асады. Ал, жергілікті бюджеттен атаулы әлеуметтік көмек алатындар құжаттарын әр жерге емес, бір жерге яғни халыққа қызмет көрсету орталықтарына тапсырады.

Серік Сейдуманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ауыл халқының осы артықшылықты пайдалану мүмкіндігі бар ма? Аталмыш заң жобасы қабылданған жағдайда қандайда бір оң өзгерістер бола ма?

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Көбіне ауыл азаматтарының аудан орталықтарына баруы қиын. Сондықтан да, бүгін осы Заңның аясында қажетті құжаттарды азаматтар ауыл әкімдігіне тапсыруы мүмкін. Немесе мына қызмет көрсету орталықтарының мобильді орталықтарына беруге болады. Міне, ауыл азаматтарына осындай үш мүмкіндік  беріп отырмыз.

Әлеуметтік орталықтар мен қарттар үйінде тұратын жандардың төлемақылары қысқарады деген ақпаратқа байланысты министр бұл ақпардың дұрыс жеткізілмей жүргеніне де тоқталды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Бұл жерде мәселе үнемдеуде емес. Біз айттық, әрбір зейнетақы немесе жәрдемақы сол азаматтың есепшотына барып түседі. 30 пайызын өзінің қолына, 70 пайзын өзі тұрып жатқан мекемеге оның жағдайын жақсарту үшін жібереді. Коммуналдық қызметке, басқа да қажеттерін алуға жіберіледі. Бұл жерде үнемдеу жоқ.

Әлеуметтік салада мемлекет көрсететін қызметтерді автоматтандыру туралы құжат қосымша 7 Заңға өзгерістер енгізуді көздейді. Мұндағы мақсат – мемлекеттік қызметтің сапасын күшейтіп, мемлекеттік мекемелер арасындағы бәсекелестікті арттыру. Әрі жаңа толықтырулар әкімшілік кедергілердің жолын кесіп, жемқорлық фактілерін жою мақсатында жасалып отыр.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Бөлісу