Исағали Топатаев соғыс жылдары «Первый Ворошиловский стрелок» атанған ардагер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Исағали Топатаев соғыс жылдары «Первый Ворошиловский стрелок» атанған ардагер

08.02.2015
Исағали Топатаев соғыс жылдары «Первый Ворошиловский стрелок» атанған ардагер

Жеңістің 70 жылдығына – 90 күн қалды! Жалпы осы II Дүниежүзілік соғыс тарихындағы қанды қырғынның  бірі - Ленинград түбіндегі шайқас. 900 күн бойы қоршауға алынған қалаға үсті-үстіне шабуылдар жасалып, адам төзгісіз аштық пен ауру қоса алқымдаса да, фашистер қаланы тізеге баса алмады. Керісінше, өздері ірі жеңіліске ұшырады.

Ленинградты азат етуге Қазақстанда құрылған 310-шы, кейін 314-ші дивизиялар алғашқы күндерден бастап қатысқан. Олардың құрамында Семейден де 100-ге жуық адам болған.

Солардың жартысынан көбі – соғыста оққа ұшып, жер жастанды. Елге аман қайтқандардың арасынан бүгінде көзі тірі екі ардагер ғана қалыпты.  Солардың бірі - Исағали Топатаев. «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері.

Соғыста сапер міндетін атқарған. Ержүрек қазақ жігіті ауыр ұрыстарда, жаумен бетпе-бет келген талай шайқастарда ерен ерліктің үлгісін көрсетті. 1418 күнін майдан даласында өткізгендер некен-саяқ-ау. Исағали Топатаев сол қанды қырғынды тұтас көріп, бастан өткерген жан.

Исағали Топатаев - Шығыс Қазақстандағы Шұбартау ауданының тумасы. Соғыс басталмас бұрын, Аягөз қаласындағы арнайы  әскери училищеде білім алған. Исағали Топатаев сол кезден-ақ, алғырлығымен көзге түскен.

Исағали Топатаев, соғыс ардагері:

Әскерге дайындалдым. Жоғарыдан парашютпен құлатады. Суға малтытады, жүгіртеді. Мергендігім әжептәуір. Сол заманда «Первый Ворошиловский стрелок» деген  атағым болды.

Арнайы іріктеуден өткеннен кейін кіші сержант шені беріліп, фин соғысына жіберілген. Ол жақта сапер бригадаларын басқарып, ауыр шайқастарға қатысады.

1941 жылы соғыс басталғанда жан-жақтан майданға түскендерді әсери дайындықтан өткізіп, Ленинград қоршауын бұзуға арнайы аттанады. Сол 900 күнге созылған Ленинград түбіндегі шайқас естен кетпес ауыр күндер еді, деп еске алады қарт майдангер.

Жау жақтан қоршаудағы қаланы алу үшін, 741 мың сарбаз 10 мыңнан аса зеңбірек, 400-ге жуық танк, ұшақ жұмылдырылыпты. Қалаға қасқырдай анталаған жау, қанша жанталасса да, ленинградтықтардың құрыштай берік қорғаныс шебін бұза алмады.

Қоршауда қалған қаладағы аштық пен толассыз бомбалаудың кесірінен күн сайын мыңдаған адам қаза тапты.  Мыңдаған қазақстандықтар сол Ленинград түбінде ерлікпен шайқасқа түсті.

Исағали Топатаев, соғыс ардагері:

Бұйрық алдық. «Қайтсе де, блокаданы бұзып қосылу керек Ленинградқа», деген. Ленинградқа қару-жарақ, тамақ, дәрі-дәрмек жеткізу керек. Танк өткізу керек. Қосылдық. Сол қосылғанда мейрам болды, соны білемін.

Ленинградты азат еткеннен кейін де неміс басқыншыларымен болған кескілескен ұрыстар тоқтаған жоқ. Сондай шайқастардың бірінде  Исағали Топатаев ауыр жараланады.

Қарбалас уақытта оны қаза тапқандардың тізіміне енгізіп, ауылына «қара қағаз» да жіберіпті. Сөйтіп, ауылдастары соғыс аяқталғанға дейін Исағали ақсақалдың тірі екендігін білмей келген.

Исағали Топатаев, соғыс ардагері:

Өлгені өліп біттік қой, олардан да, бізден де. Неміс жауынгері де оғын тауысты, мен де оғымды тауыстым. Жекпе-жекке келіп қалдық.

Менің гранатым оларға кешігіп түсті. Бомбаның топырағының астында қалғаннан кейін, біздің жолдастарымыздың барлығы әрі қарай жауды қуалап кетті. Мені тапқан басқа бөлімнің санитарлары еді.

Исағали Топатаевтың ауыр жарақаттан кейін операция жасап, екі қабырғасын алып тастайды. Госпитальдан шыға салысымен, үйге оралуға рұқсат береді. Алайда ол өз еркімен  Орта Азиялық әскери округте, саперларды дайындауға сұранады.

Туған жеріне соғыс аяқталғаннан кейін төрт жылдан соң  бірақ оралады. Отбасын құрып, ұзақ жылдар бойы елге қызмет еткен. 96 жасқа келген ардагер бүгінде өсіп-өнген ұрпағының қызығын көріп отыр.

Нұржауған Топатаева, немересі:

Менің атама жан жетпейді. Мен атамды жақсы көремін. Атам бізге бейбіт өмір сыйлады. Ол - біздің ақылшымыз, мақтанышымыз. Атам ауырмай  аман-есен жүрсе екен деп тілейміз.

Исағали ақсақал «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері. Ленинград қаласының құрметті азаматы. Қазақ жігітінің  Ленинградты азат етудегі жасаған ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Жылдар бойы ол жақтағы  майдандас достарымен де хат-хабар үзілмеген.

Шәрбәт Исағалиқызы, қызы:

75-ші жылы керемет көп хат келді. Шақырған, бірақ әкем бара алмады. Өте құрметтеді. Сонан кейін 1997-ші жылы әдейілеп хабар келді. Санкт-Петербургтың губернаторы медалін берді.

Ардагердің бүгінде басты тілегі - ұрпағының амандығы, Тәуелсіз еліміздің тыныштығы.  Мамыражай өмір кешкен мемлекетіміз өсіп-өніп, беделі мен берекесі одан әрі арта түссе, деп көксейді. 

Исағали Топатаев, соғыс ардагері:

Мынадан артық заман бола ма? Болмайды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалады деген заман. Еліміздің іргесі сөгілмесін. Көрші-қолаң, барлығы аман болсын! Еліміз тыныш, басшыларымыз аман болсын!

Соғыс  жылдары туралы естелік жиналған мына  мұражайға  Исағали ақсақал майдандас достарын еске алып анда-санда ат басын бұрып тұрады.  Бұл жолы құр қол келген жоқ.

Жеңістің 70 жылдығына орай жинақталып жатқан деректерге өзінің де біраз құжаттары мен фотосуреттерін, жазған естеліктерін арнайы табыстады. 

Сансызбай Құлтуманов, мұражай қызметкері:

Бүгінгі күн ерекше. Атамыз Исағали Топатаев,  жасына қарамай, біздің музейге келіп, бар құжаттарын тапсырды. Біз ол кісіге көп рахмет айтамыз.

Бабалардың қанымен келген бейбітшіліктің қадірін ендігі ұрпақ ерекше бағалай білу тиіс. Қаншама тағдырларды тәлкек етіп, шаңырақтарды шайқалтқан сұмсоғыс енді қайталанбасын, дейді ардагер. Татулығы жарасқан Тәуелсіз еліміздің  болашағы жарқын, келешегі кемел болсын, деп тілейді.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу