Ұлттық нақыштағы кілемдер Оңтүстік Қазақстан облысында тоқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық нақыштағы кілемдер Оңтүстік Қазақстан облысында тоқылады

01.02.2015
Ұлттық нақыштағы кілемдер Оңтүстік Қазақстан облысында тоқылады

Мемлекеттік бағдарлама – қазақтың кілем өндірісінің тамырына қайта қан жүгіртті. Енді жамбасқа жастанар кілем іздеп, Арабия асудың жөні жоқ. Иран мен Түркияның түкті де тақыр бұйымдарынан бір мысқал кем емес кілемдер елімізден де шығарыла бастады.

Ілкіде кілем дегендеріңізді ауылда тоқитын. Қыз-қырқын қаз-қатар отырып, ағашқа керулі кілемді өрнектеп жататын. Қазір заман да, маман да өзгерді. Көпшіліктің кілем тоқуға ебі жоқ, үйрететін қариялар өмірден озған.

Сөйтіп, тер мен терең ізденістен туып, қабырғаға ілінетін кілемдер осы күні аяқтың астына төселетін болды. Дегенмен, бір анығы – қанша дәуір мен дәурен өтсе де, кілем ешқашан сәннен, тұрмыстан қалған емес.

Шымкенттегі «Назар-Текстиль» ЖШС-нің кілем тоқуды қолға алуына осы мәселе түрткі болса керек. Жылына 3 миллион шаршы метр кілем шығаратын күш-қауқары бар.

Айтпақшы, біздің елде кілем тоқитын мамандар ат төбеліндей аз. Бұл ана үйдің, мына үйдің қыздарын шақырып алып, асарлатып тоқып тастайтын ауылдың баяғы кілемі емес. Қазір жаңа технологияны меңгеруі қажет. Өйткені, Шымкенттегі өндіріс орны да солай. Бельгияның мықты деген жабдықтарымен жарақталған.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында орналасқан «Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасы 2012 жылы құрылды. 2013 жылы алғашқы кілем өнімдерін шығара бастады. Кәсіпорынның өндіріс аумағы – 6000 шаршы метр.

Бүгінде 150-ден астам адам жұмыс істейді. Фабрикада заманауи, классикалық және қазақтың қалы кілемдері тоқылады. Күнделікті тұрмыста қолданылатын кілемдер. Бұл отандық тауарлар еліміздің ең ірі аймақтарында сатылады. 

Бұл – еліміздегі озық технологиямен кілем шығаратын алғашқы фабрика. Түркияның «Kartal Carpets» компаниясымен бірлескен кәсіпорын. Екі жыл бұрын іске қосылған өндіріс орнын салуға 8 миллиард 450 миллион теңге жұмсалған.

Талғат Ысқақов, «Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасының басшысы:

Өндіріс бағдарламасы бойынша 6 пайыздық мемлекет тарапынан несие беріліп, екінші кезеңді іске асырғалы отырмыз. Тауардың құнын төмендету мақсатында жіпті өзімізде шығаруды қолға алдық. Осы тоқыма кластерін дамытып, бізге керекті шикізатты өзімізде өндіреміз.

Өндіріс орны алғаш ашылған кезде мамандар тапшы болды. Сондықтан, олар тәжірибелі кадрларды даярлау үшін жастарды текстильдің отаны Түркия елінде оқытуға баса назар аударды. Солардың бірі – Ерғали Әбдіғаппар.

Ерғали Әбдіғаппар, тоқымашы:

Түркияда оқыдық. Осы фабрикаға келіп, өз бақытымды таптым. Үйлендім. Еліме, фабрикаға пайдамды тигізіп жатырмын, деп ойлаймын. Президент қазіргі таңда жастарға көп жағдай жасауда.

Осылайша, түркиялық серіктестер жас мамандардың біліктілігін арттыруға септігін тигізді. Мәселен, дизайнерлер. Олар алған тәжірибелерін кілем өндірісінде ұлттық ою-өрнектерді қолданып, безендіруге ден қойған. Қазір мұнда 15 дизайнер еңбек етеді.

Жанерке Есалиева, дизайнер:

Дизайнер болу үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Бірақ, өзімнің қызығушылығымның арқасында дизайнер деген мамандықты алып шықтым. Түркиядан келген жоғары білімді мамандар бізге келіп, іс-тәжірибеден өттік. Түркиядан алып келген бағдарлама арқылы жұмыс істейміз.

Жанерке сияқты дизайнерлер жасаған кілем үлгісі әуелі басқару орталығына жіберіледі. Одан әрі қарай ол Бельгияның заманауи арнайы тоқыма қондырғыларында тоқылады.

Кілемге арналған латекс жағылып, барлық тоқу процесінен кейін «Қазақстанда жасалған» деген марка өнімге басылады. Бұл ұлттық өнімді өндірудегі соңғы процедура.

Талғат Ысқақов, «Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасының басшысы:

Біз «Алатау», «Тұран», «Сарыарқа», «Отырар», «Ұлытау» сауда белгілерін шығарамыз. Мақсат – қазақи сауда белгілерін алу арқылы отандық өнімді жарнамалау. Себебі, Қазақ елі басқа шетелден кем емес.

Былтыр мамыр айының ортасында Оңтүстік аймақта арнайы іс-сапармен болған Президент фабриканың жұмысымен танысқан еді. Сонда Елбасы өндірісті аралап жүріп тоқымашы Ақерке Шыныбекованың жанына сәл кідіріп, оның тұрмысы мен хал-жағдайын сұраған. Ақерке сол кездесуден алған әсерін әріптестеріне әлі күнге дейін ерекше ықыласпен айтады. 

Ақерке Шыныбекова, тоқымашы:

Президентпен кездескеннен кейін жұмысқа деген құлшынысым мен қызығушылығым артты.

Елбасының сапарынан тағы да айрықша әсер алғандардың бірі – Түркия тарапынан келген өкіл. «Қазақстанда кілем өндірісін дамытуға күш салып, тәжірибемен бөлісу – өзара серіктестіктің басты критерийі», - дейді ол.  

Еждер Билгиш, технолог:

Елбасы бізге келді. Біз қуаныштымыз. Тағы үйретеміз. Тағы да жұмыс істейміз.

«Мемлекет әрбір кәсіпкердің бизнесіне мейлінше көмек береді. Тірлігін тіктеп, еңсесін көтеруге қолайлы жағдай туғызып отыр». Кәсіпорын басшысының ойы осыған саяды.

Талғат Ысқақов, «Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасының басшысы:

Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жеңілдіктердің арқасында, неге отандық өндірісті дамытпасқа деген ой келді. Тоқыма кластерін дамытып, жіпті және кілемге қажетті латекс өнімдерін өзімізде өндірсек деген мақсат қойып отырмыз.

Фабрика өндірістік жобаны толық іске асырған тұста, импортқа деген тәуелділік жойылмақ. Яғни, отандық өндірістің ішкі нарықты 100 пайыз қамтуға қауқары жетеді. Өйткені, кілемге деген сұраныс елімізде өте жоғары.

Хадиша Оспанәлиева, Астана қаласының тұрғыны:

Мен Қазақстанда жасалған  «Бал Текстиль» фабрикасының кілемдерін алдым. Бұл кілемдер бір жақсысы – қазақы ою-өрнекпен нақышталған әрі сапасы өте жоғары.

Ұлттық ою-өрнектермен әрленген қазақтың қалы кілемдері Еуразиялық экономикалық одақ елдері Ресей, Беларусь, Арменияға және алыс-жақын Иран, Түркия, Бельгия, Өзбекстан сияқты басқа да мемлекеттерге экспортталуда.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу