«Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» деп ұрандатқан тағылымға толы жобасы бар. Ұрпаққа ұлағат болар шараларға бастамашы билік партиясы сол жоба шеңберінде «Қазақстандық қаһармандар» атты 100 бейнеролик шығарып, «Жаңа 100 дерек» жобасы мен Kaharman.kz сайтын іске қосты. Барлығы да Жеңістің 70 жылдығына тарту!
Даңқты Бауыржан Момышұлының әр сөзі – мірдің оғындай. Батырдың «жаныңнан күдер үзіп соғыспасаң, жауды күйрете алмайсың» дегені бар. Осы кесек сөзден-ақ, Жеңістің қаншалықты қиындықпен келгенін аңғарамыз. Жандарын шүберекке түйе жүріп, жау оғынан елге аман оралған 225 мың майдангердің бүгінде 5 мыңы ғана арамызда.
Жылдар Жайықтай ағып өткен сайын қанды қасапта жауды жеңіп, ұрпағына осы сәулелі күндерді сыйлаған соғыс ардагерлерiнiң, қатары да азайып барады. Оларды біз қаншалықты құрмет тұтып, қаншалықты ардақтап жүрміз? Баршамызды ойландыратын мәселе.
Қарияларымызды тек 9 мамыр жақындағанда ғана еске алып, бір тал гүлмен алдай салуға пысық жергілікті әкімдіктер билік партиясының бұл жобасынан соң, ардагерлерді аралап, қыбырлай бастады.
«Ардагерлерді ардақтайық». «Нұр Отан» партиясы дәл осындай атаумен еліміз бойынша арнайы акция өткізуде. Мақсат – жыл санап қатары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлеріне үнемі көмек көрсетіп, олардың көңілін аулау.
Шара аясында осы аптадан бастап ерлігі елге үлгі батырлар туралы республикалық телеарналардан «Қазақстандық қаһармандар» атты 100 арнайы бейнероликтер көрсетіле бастады. Алғашқы бейнебаян даңқты батыр, дарынды қолбасшы Бауыржан Момышұлына арналған. Оған қоса партия Кеңес одағының батырларына арналған тағы 70 деректі фильм түсіріп жатыр.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Атқарылар жұмыстың мәні – тағзымды тәлімге ұластырып, Елбасы саясатының, Тәуелсіздіктің арқасында соғыс көрмеген бақытты ұрпақты елдегі бейбіт өмірді, келісім мен бірлікті көздің қарашығындай сақтауға қашанда даяр болуға тәрбиелеу.
Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында Жеңістің 70 жылдығын салтанатты жағдайда мерекелеудің маңыздылығын атап өтіп, ешбір ардагер назардан тыс қалмайды деген болатын. Сондықтан, ардагерлерге құрмет көрсетіп, жастарды отансүйгіштікке баулу – «Нұр Отан» партиясының маңызды бағыттарының бірі.
Акция аясында партия арнайы сауалнама жүргізіп, елдегі 5 мыңнан аса соғыс ардагерінің бүгінгі тірлігін зерттеп, зерделеген. Нәтижесінде 10 мыңнан аса өзекті мәселе анықталып, олардың 9 мыңы өз шешімін тапты. Ендігі қалып тұрған ең басты мәселе - баспана.
Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары:
Елбасы жергілікті басқару органдарына тапсырма берді. 20 наурызға дейін ардагерлер тұрғын үймен қамтылуы керек. 70 жылдыққа орай республикалық бюджеттен 5 миллиард 105 миллион теңге бөлініп отыр. Ардагерлер медальмен марапатталып, біржолғы жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ, біздің ардагерлер Мәскеудегі шеруге қатысуға жол шығыны қарастырылған.
Ардагерлердің жоқ-жітігін түгендеуден қазір Алматы облысы алда келеді. Аймақ басшысы алдағы екі айда облыстағы барлық майдангерлерді пәтермен қоса жеңіл автокөліктермен жарылқамақ. Бұл басқа өңірлерге үлгі боларлық іс. Әрі майдангерлерге медициналық көмек көрсету сапасы да жақсарады.
Өмірзақ Озғанбаев, Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Президенттің тапсырмасымен бүгінде барлық ардагерлерімізді «Өмір жолы» деп аталатын аппаратпен толық қамтамасыз ететін дәрежеге жеттік. Қазір екі айдың ішінде қалған бес мың адам түгел осы аппаратпен қамтамасыз етіледі. Бұл кәдімгі ұялы телефон, сыртында батырмасы бар. Осы батырманы басқан кезде диспетчерлік пунктен жауап келеді.
«Нұр Отан» партиясы Кеңес одағының 531 батыры мен 124 «Даңқ» ордені кавалерлері туралы мәліметтерді қалпына келтіріп, қазақстандық батырлар туралы энциклопедияны қайта басып шығарды.
Әрі партия жеңіс күні қарсаңында Kaharman.kz сайтын іске қосып, ата-баба ерлігін дәріптейтін, жастарды отансүйгіштікке баулып, бейбітшілік пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуды ғаламтор арқылы да насихаттауды қолға алмақ.
Айбек ҚОБДАБАЙ