Шығыста ұстаздықты ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған 500-ге жуық отбасы бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыста ұстаздықты ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған 500-ге жуық отбасы бар

25.01.2015
Шығыста ұстаздықты ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған 500-ге жуық отбасы бар

Жалпы, еңбектің мәні туралы айтқанда, біздің жұрт «терең құдықтың суы тәтті» дейді. Күректі неғұрлым терең батырған сайын, құдықтың суы да соғұрлым мөлдірлене, тұныға түседі.

Жерді кісі бойы қазғаннан ештеңе өнбейді, су лайланған үстіне лайлана түседі. Һәкім Абай да бірсыпыра өлеңінде «Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас. Еңбек қылмас, еріншек адам болмас» деп елді еңбекке шақырды.

Осы Абай туған шығыста ұстаздықты ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған 500-ге жуық отбасы бар. Мәселен, Тарбағатай ауданындағы Қажиақберовтар әулеті. Білім беру ісіндегі әке жолын балалары жалғап, бүгінде осы салада үшінші буын еңбек етіп жүр.

Бір ғасырдың белесінде шөліркеген шәкірттерді біліммен сусындатқан әулеттен барлығы 20-дан астам ұстаз шыққан. Шығыстың осы Тарбағатай ауданында балықшылар отбасы да аз емес. Ата-бабадан қалған кәсіпті осы күнге дейін жалғап келе жатқандардың бірі – Шүленовтар әулеті.

Алмас Қажиақберов ұстаздар әулетінде дүниеге келген. Қазір өзі де мұғалім. Ағарту саласында тер төккелі 30 жылдан асты. Соңғы 3 жылдан бері мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүр. Әрі, география пәнінен сабақ береді.

Алмас Қажиақберов, мұғалім:

Қазір жоғары оқу орындарының көбінде географиядан тест бар. Өйткені, қазір Қазақстанда туризмді дамыту керек деп жатыр. Жалпы, қандай факультетте оқыса да адам дүниежүзін біліп, дүниетанымы кең болуы керек қой.

Алмастың әкесі Омарғазы ағарту ісінің үздігі. Табаны күректей 30 жыл Тарбағатайда мектеп директоры болған. Кезінде ол кісі де география пәнінен сабақ беріпті.

Көкжыра ауылындағы орта мектептің қазіргі директоры да Омарғазы Қажиақберұлының оқушысы. Есейіп, мұғалімдіктің дипломын алған соң, әкесімен бірге жұмыс та істеген.

Ақылберді Қалиұлы, мектеп директоры:

Баламен қалай қарым-қатынас жасау керек, сабаққа қалай дайындалып келу керек, білімді қалай беру керек, ата-анамен қалай байланыс жасау қажет деген мектептің таусылмас, қым-қиғаш дүниелерін маған үйреткен де, жол көрсеткен де сол Омаш ағамыз.

 

Омарғазы ағаның қызы Лира да осы мектепте жұмыс істейді. Биология пәнінен сабақ бергеніне 20 жылдан асты. Оның оқушылары кілең озат. Ұлттық бірыңғай тест тапсырғанда бүкіл аудан бойынша алдарына жан салмайды. Өз ісінің майталман маманы соңғы жылдары мұғалім беделінің қайта жоғарылай бастағанына, мемлекет тарапынан осы мамандыққа қолдаудың көбейгеніне дән риза.

Лира Қажиақберова, мұғалім:

Қазіргі кезде оқу-материалдық база жақсы жетілдіріліп жатыр. Үкімет тарапынан мұғалімге деген көп қамқорлық бар.

Немересіне сабақ қаратып отырған әже ұстаздар әулетінің ең үлкені. Төлеусары Қаженова зейнеткерлікке шыққанға дейін бастауыш сыныптарда мұғалім болған. Ұстаздықты – қасиеттік мамандық, деп біледі.

Төлеусары Қаженова, ардагер ұстаз:

Ұстаз білімді болса, шәкірт те білімді болады. Сондықтан, қазір қатты қарап жатыр. Мұғалімдерді  оқуға жіберіп жатыр. Біздің кезімізде ондай жоқ болатын.

Жасы 80-ге таяса да, Төлеусары Қаженова әлі тың. Газет-журнал оқып, теледидардан жаңалықтарды жібермейді. Көршілес және өз еліміздің білім саласында болып жатқан әрбір өзгерістерден хабардар. Бүгінде Қазақстандағы ұстаздардың тәлімді шәкірт тәрбиелеуіне барынша жағдай жасалғанын айтады. 

Төлеусары Қаженова, ардагер ұстаз:

Мұғалімдерге деген көптеген көмектер жасалып жатыр ғой. Мұғалімдер қандай болуы керек. Шәкірт білім алу үшін қандай білім алу керек.  Соның бәрін Елбасымыз айтып жатыр.  Елбасының айтқанын орындап жатыр.

Осы күнге дейін Қажиақберовтар әулетінен барлығы 20-дан астам мұғалім шыққан. Ұстаздар әулеті тәрбиеге ерекше көңіл бөліп, балаларына еңбекті сүюді үйретті. Бүгінде ата-ана салған сара жолды балалары мен немерелері жалғастырып келеді.

Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылындағы Шүленовтер әулеті де ширек ғасырдан бері нәпақаларын бір кәсіптен тауып келеді. Қыста мұз үстінде, жазда су бетінде жүріп, Зайсан көлінен балық аулаумен айналысады. Қабылқақ  аталарынан жұғысты болған кәсіпті бала кезінен  меңгерген. Бүгінде алпыстың асқарынан асса да балық аулаудан қол үзген жоқ.

Қабылқақ Шүленов, балықшы:

Байтоғас, Шорға, Тұғыл дейміз, мал ұстауға алыстау. Шөп шабу қиын. Бір машина шөпті 35-40 мыңға сатып алады. Халық осы көлдің арқасында жан сақтап отыр ғой. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп, осы көлді жағалап жүрміз. 

 

Қабылқақ ақсақал Кеңес заманында балық аулау бойынша рекорд орнатқан жан. Сүзгі ауын бір салғанда 60 тонна балықты бір-ақ шығарып, есімі шартарапқа танылған. Бүгінде өзінің  жеке балықшылар бригадасы бар. Соңынан  ерген інілері де осы салада еңбек етеді.

Қайрат Шүленов, балықшы:

Қазақта айтады ғой, «ата таяғы ұстағанда», деп. Сол 1985 жылдан бастап көлде жүрміз. Тіршілігіміз осы ғой, ата-бабамыздан қалған. Әрине, балықшының жұмысы жеңіл емес. Таңда кетесің, түнде келесің. Бірде бар, бірде жоқ, себебі балық күнделікті түсе бермейді.

Қайрат – Қабдрасұл ақсақалдың ең кенже ұлы. Қазіргі таңда қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Оның үлкен апайы Жібек те осы Тұғыл ауылының тұрғыны. Ол кісі де балықшы кәсібінің қыр-сырын жетік меңгерген.

Жібек Шүленова, Тұғыл ауылының тұрғыны:

Жаз кезінде әкеме үнемі көмектесетінмін. Өзіміздің қайығымыз болатын, соның ескегін есемін, ал әкем құрма ауын құрып жүретін.

Ал, әулеттің келіндері болса, балықтан тіл үйіретін түрлі тағам пісіруді жетік меңгерген. Тіптен бесіктегі баласына дейін балық десе елең ете қалады.

Гүлнәр Қайранова, Тұғыл ауылының тұрғыны:

Үнемі сұрап жүреді, «апа, мынау қандай балық», деп. Көрсетіп, айтып отырамын. Сол балалардың барлығы қызығады, балық десе елең етіп отырады барлығы.

«Өзен жағалағанның өзегі талмайды». «Зайсанның тайдай тулаған балығы барда ата кәсіп үзілмейді». Көлді жағалай қоныстанып  осы саладан несібесін айырып  отырған балықшы ауылдардың баласынан қартына дейін осылай дейді.

Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу