Елдегі көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жайы «Нұрлы жол» бағдарламасында жан-жақты қамтылған. Ол - өңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асады.
Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астана мен аймақтарды магистаральді автомобиль жолдары арқылы байланыстырады. Осыған орай, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінен басқа, Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Ақтөбе – Атырау, Алматы – Өскемен, Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда, Атырау – Астрахань тас жолы салынады.
Бұл - осы жолдардың бойында ертең қызмет көрсететін түрлі нысандар іске қосылып, халыққа кәсіп пен қосымша жұмыс орындары ашылады деген сөз.
Қазір Қазақстанда 97 мың шақырым жол бар. Оның 23 500 шақырымы - республикалық маңызға ие. Енді, сол жолдардың 5 мыңға жуық шақырымы, яғни жоғарыда біз тілге тиек еткен жол 2020 жылға дейін толық салынып, бас қаланы аймақтармен байланыстырады.