Нұрсұлтан Назарбаев пен Петр Порошенко Украинаның шығысындағы шиеленісті талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев пен Петр Порошенко Украинаның шығысындағы шиеленісті талқылады

18.01.2015
Нұрсұлтан Назарбаев пен Петр Порошенко Украинаның шығысындағы шиеленісті талқылады

Қаңтардың 15 күні қазақтың Ақордасы Украинадағы шиеленісті шешуді көздейтін «Норманд» форматындағы кездесуді ұйымдастырады деген ақпар жаһанға жайылып еді. Астанада өтуі тиіс кездесуге Германия, Франция, Ресей және Украина президенттері келеді деп жоспарланған.

Бірақ көпшілік күткен «төрттіктің» басқосуы кейінге ысырылғандықтан, «кездесу өтпейтін болыпты» деген сыңайда сыпсың әңгіме тараған. Кей ақпарат көздері «Германия Канцлері Минскі келісімі орындалмай, мұндай басқосудың маңыздылығына күмәнмен қарайды» десе, енді, бірі Ресей басшысының кездесуге бару-бармауы, дайындық жұмыстарының нәтижесіне байланысты» деп мақала басты.

Дегенмен, жаһандық саясаттанушылар бұл кездесуді уақыт созбай өткізуге Еуроодақ та, Ресей де мүдделі болуы тиіс деп есептейді. Себебі Еуропадағы террорлық қауіптің күшеюі - кәрі құрлық көшбасшыларына ахуалды одан әрі ушықтырмаудың және украин дағдарысын реттеуде мәмілеге келудің маңызды екенін анық көрсетіп отыр.

Сондықтан «Норманд» форматындағы кездесу Астанада өтетін секілді. Маңызды жиын осы айдың соңына белгіленген.

Осы бейсенбіде Ақордаға қоңырау шалған Петр Порошенко Нұрсұлтан Назарбаевпен жиынға әзірлік туралы сөйлесті. Украинаның шығысындағы шиеленісті талқылаған қос президент «Норманд» кездесуі - текетірестерді сәл-пәл болса да, тоқтатуға сеп болады леп үміттенеді.  

Жалпы, «Норманд» форматындағы жиынның Жаңа жылдан соң Астанада өтетіні туралы  ақпардың құлағын қылтитқан -  Украина президенті. Ол былтыр желтоқсанда өткізген баспасөз мәслихаты кезінде дипломатиялық жылын 15-қаңтарда Астанада бастайтынын мәлімдеген.

Хабарламаларға жазылу