Басты Жаңалықтар 2014 жылдың қазаққа берген тарту-таралғысы аз болған жоқ

2014 жылдың қазаққа берген тарту-таралғысы аз болған жоқ

2014 жылдың қазаққа берген тарту-таралғысы аз болған жоқ

2014 жылдың қазаққа берген тарту-таралғысы аз болған жоқ. Саясат пен экономика өзінің сүрлеуімен сырғыды, спортымыз да, мәдениет пен өнеріміз де өрісін кеңейтті. Осы салада маңдай тер, күш-жігерлерін жұмсап жүрген саңлақтарымыз халықаралық, жаһандық жарыстарда мемлекетімізді жерге қаратқан жоқ, беделін биіктетті.

Кәсіпқой бокстағы 31 жекпе-жектің барлығында жеңіске жеткен, «Әкем – орыс, шешем – корей, өзім – қазақпын!», дейтін бір ғана Геннадийдің жетістіктерінің өзі неге тұрады.

Сырғанаудың шебері, сырбаз Денис Тен ше? Бұла күш иелері қазақтың барыстары ше? Тізім көп, уақыт аз.  

«Өз елім менің» әнімен қанатын қалықтатқан қыран құс, өз мұражайында. Төбедегі көк аспан мен алтын күн киелі көк Туды көзіңе әкеледі. Ал, сол жақтағы ақ карта қазақтың «баянды ел, байтақ жер, бағаналы орда» екенін бейнелейді. Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы алып музей. Қазақтың жерінде, Арқаның төрінде тұр.

Көлемі 74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық музей Қазақстанның ерте ғасырдан бастап күні бүгінге дейінгі археологиялық, этнографиялық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштерін жинақтауымен құнды. Биыл мәдениеттегі ең маңызды жаңалық – осы музейдің ашылуы.

Президент орталығы да биыл ашылды. Пішіні көктен қарағанда көздің қарашығына ұқсайды. Ал, ішінен түндігі түрілген киіз үй іспетті. 9 қабатты кешеннің жалпы аумағы – 30 мың шаршы метр. 500 адам сыяды. Сәулеті Астананың дәулетіне сай кешен.

Оның құрамына мұражай мен кітапхана кіреді. Ол еліміздің Тұңғыш Президентінің қызметі туралы толық және жан-жақты мәліметті жариялайтын Тұңғыш Президент қорының өзіндік ақпараттық аймағы болады.

«Тығырықтан жол тапқан». Елбасыға арналған киноэпопеялар сериясының биыл төртінші бөлімі көрерменге жол тартты. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың 1970 жылдардағы еңбек жолы, отандық металлургия жағдайын көтеруге ұмтылып, саясатқа енді қадам басқан сәттері суреттеледі. Иә, бұл фильм жылқы жылында елінің еріне арнаған тартуы болды. 

Ол – атақты скрипкашы. Ол – ҚР Халық әртісі. Ол – Астананың Құрметті азаматы. Айман Мұсақожаева енді «Қазақстанның  Еңбек  Ері» де. Ел мәдениеті үшін талай жыл төккен тері елеусіз қалмады. 

«Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры биыл бірінші рет Ресей, АҚШ, Канада, Франция, Бельгия және Нидерландтың ең үлкен сахналарында өнер көрсетті. Сөйтіп, өзге жұртты қазақ өнерінің үздік туындыларымен сусындатты.

Ғалым Ахмедьяров, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:

Биыл Мәдениет және спорт министрлігі ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында мәдениет саясатының ұзақмерзімге арналған концепциясын жасады. Ол мәдениет дамуының жаңа кезеңдерін қарастыратын болады. Бүгінгі таңда бұл құжат Елбасының өкімімен бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде.

Көк Тудың көкте желбіреуі үшін көп тер төкті биыл біздің ерлер. Ел үмітін ақтады. Жарады жігіттер. Азия ойындарындағы жеңістерді айталық. Спортшыларымыз командалық есепте 45 елдің ішінде төртінші орынға табан тіреді.

Күнде құр алақан қайтпай, кемінде 10 шақты медальмен қазағын қуантты.  Иә, Инчхонда өткен дүбірлі дода қазақ спортының тарихында сақталатын, сіз бен біз мақтанатын, жас ұрпақтың жадында жатталатын – аспаннан 28 алтын төгілген айтулы жарыс. Алтынның сегізі былғары қолғап шеберлерінің еншісінде.

Жүрегінің түгі бар, білегінің күші бар. Кіл кең иықты, апайтөс палуандар. Ұлттық спорт түрінің төресі – қазақ күресі. Биыл ұлттық өнер де ұлықталды. Алғаш рет әлемді аузына қаратқан «Әлем барысы» өтті.

Бозкілемде 35 елдің батырлары тартысты. «Сен тұр, мен атайын» дейтіндер ғой. Финалға Куба мен Қазақстан өтті. Қазақ палуаны Айбек Нұғымаров бар күш-жігерін салды, алайда, жеңіс кубалық Брайсон Видальға бұйырды.

Аламан десе, арқасы қозатын Алаш баласы үшін алғашқы рет «Алтын тұлпар» атты аламан бәйге өтті. Оған қатысқан кіл жүйріктер иен даланың төсімен 43 шақырымдық жолға шықты. Шабандоздар шаршаса да, бар күш-жігерін салды.

Қазаққа құт болған чемпионат. ТМД елдерінің арасынан алғашқы болып біздің ел ауыр атлетикадан Әлем біріншілігін өткізді. Алматыда өткен сыннан спортшылар сүрінбеді. Сүрінбеді дейміз-ау, сүйсіндірді. 78 елдің ішінде Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміспен 3-орынға ие болды. Илья Ильин – төрт дүркін Әлем чемпионы.

Жасұлан Қыдырбаевтың есімі қазақ ауыр атлетика тарихына алтын әріппен жазылары хақ. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы. Жазира Жаппарқұл. Әлем біріншілігінде қазақтың қызы – күміс жүлдегер атанды.  Зүлфия Чиншанло – әлемдік доданың алтын медалін ұтып алды. Серпе көтеру сыны бойынша әлемдік рекордты жаңартты.

Жылқы жылы спорт тарихына жаңа есімдерді қосты. Қазақтың боксшы қызы Назым Қызайбай топ жарды. Ол – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы.

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді мақтамасқа болмайды. Ол жарады. Сочи Олимпиадасында қола жүлдені қанжығасына байласа, жақында Хорватияда өткен халықаралық турнирде алтын олжалады. Енді Денис Тен келер жылы ел үмітін арқалап, наурызда Шанхайда өтетін Әлем чемпионатына қатысады.

Елсияр Қанағатов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы:

2014 жыл қазақ спортшыларына нәтижелі жыл болды деп айтуға болады. Келесі жылға бізде үлкен спорт саласында үлкен сынақ тұр. Алда келе жатқан Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына жолдама алу жарыстарына қатысамыз.

Биыл біз спортқа қатысты заңымызды бекітіп алдық. Онда да бар заңдарды сараптама жасап, жақсы заң шығардық деп айтуға болады. Оның бәрі бұқаралық спорты, жалпы спортты дамытуға арналған шаралар.

Мәдениет және спорт. Осы екі сала кез келген елдің атын әлемге танытады. Тәнті етеді, таңдай қақтырады. Үкілеген қыз-жігіттер биыл елдің үмітін ақтады.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Бөлісу