Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының міндеті – тұрақты дамуды қамтамасыз ету - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының міндеті – тұрақты дамуды қамтамасыз ету

28.12.2014
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының міндеті – тұрақты дамуды  қамтамасыз ету

Жиһандағы жағдай тым ушығып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттерге қауіп төнер болса, олар атқа қонып, бірігіп тойтарыс бермек. Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Ресей президенттері осы аптада Мәскеуде ақылдасты.

Жалпы, ұйымға мүше елдерді алаңдатқан мәселе – аймақтардағы қауіпсіздік жайы. Әсіресе, Ауғанстаннан келер қауіпке дайын болуымыз керек, дейді. Қазір ол елде содырлар күш алып, Ауғанстанның кей провинцияларын «Ислам Халифатының»  құрамына біріктіруге тырысып жатыр.

Әрі террор қаупін де ескермек керек.  Жанкештілердің  қай тұста, қай топты қанға бөктірерін  болжау  қиын. Ауғанстаннан коалициялық күштер кеткен соң, халықаралық қылмыстық топтар еркін әрекет ете бастады, астыртын ойынға көшті.

Аймақтағы ахуалға Ауғанстанмен шекаралас Тәжікстан да алаңдап отыр. Ел президенті Эмомали Рахмон  күзетті күшейту керек дейді. Сондықтан, ұйым Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасындағы тәртіпті бақылауға күш салады.

Ұжымдық күштер бұл елге көмекке барады. Әрі бұл ұйым қазір трансформацияланып жатыр, демек, «алтылық» ұйымы ахуалды болжай алатын, қажетті ұсыныстар  әзірлейтін талдамалы орталыққа айналуы тиіс.

Қазақ Президентінің  осындай ұсынысы бар. Жиын соңында «алтылық»  жиырма шақты құжатты  бекітті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің ұйым аясындағы ортақ міндетіміз аймақтағы қауіпсіздікті,  бейбіт, тұрақты дамуды  қамтамасыз ету.  Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы өзге елдермен және халықаралық ұйымдармен ашық диалогқа дайын. Біз бүгін қабылдайтын шешімдер өзара әскери әріптестікті тереңдетуге мүмкіндік береді.

Жаңа жылдан бастап, Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастайды. Осы жиыннан соң Мәскеуде  жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің қорытынды отырысы өтті.

Армения қаңтардың 2-нен  бастап, жаңа одақ құрамында. Қырғыз Республикасы да ұлттық заңнамасын халықаралық ұйым талаптарына сәйкестендірді. Одаққа мүше болуға Вьетнам Республикасы да қосылуға құлшынып отыр.

Түркия, Үндістан, Израиль және Өзбекстан да ниетті. Жиын соңында мемлекет басшылары ұйымға төрағалық  тәртібін бекітіп  алды. Еуразиялық экономикалық одаққа қаңтардан бастап төраға - Беларусь Республикасы.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС  

Хабарламаларға жазылу