Мемлекет басшысы Мемлекеттік сыйлықтарды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Мемлекеттік сыйлықтарды тапсырды

21.12.2014
Мемлекет басшысы Мемлекеттік сыйлықтарды  тапсырды

Осы аптада елдің түкпір-түкпірінде ұлық мейрамды ұлықтаған шаралар өтті. Арқаның төрінде басталған үлкен мереке Алатаудың баурайында, Сырдың бойы, Ертіс пен Жайықтың жағасында да жалғасты. Тап осы елеулі күн қарсаңында еңбегі еленген, еңбегіне кенелген азаматтар мақтау-марапатқа ие болады.

Міне, осы дүйсенбіде де дербес елдің дамуына ерекше еңбегі сіңген мың жарымнан астам адам Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Мемлекет басшысы олардың бірқатарын Ақордаға арнайы шақырып, «Отан, «Барыс», «Айбын», «Даңқ», «Парасат», «Құрмет» сынды төсбелгілерді кеуделеріне тақты.

Ірі атақ «Қазақстанның Еңбек ері» биыл тек бір жанға, өнер саласында өрге жүзген нәзік жанға ғана бұйырды. Былтыр үш бірдей ер-азамат алып еді. Әр салада оза шауып, мемлекеттік марапат алған сайыпқырандар кімдер, тағы қайсылардың бағы жанып, мерейі өсті?

Іс-әрекетіне, тұлғалық қасиетіне сүйсінетін  жандар бар. Олар өз соңынан жүзді,  тіпті  мыңдаған  адамды ерте алады.  Олар табанды, өзі   кіріскен істі тындырмай тынбайды. Олар  Тәуелсіз Қазақ  елінің  жаңа замандағы  батырлары,  жасампаз ұл-қыздары.  Елбасы   мерекеге орай   топты қабылдады.  Еңбегі жанған  азаматтарға   көп алдында Мемлекеттік сыйлықтарды  тапсырды.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздер, өз жұмыс орындарыңызда біздің еліміздің бірлігіне, халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосып отырасыздар. Сондықтан да, сіздерге табыс етіліп отырған Мемлекеттік сыйлықтар үлкен мәнге ие. Бұл сыйлық сіздердің еңбектеріңізге берген мемлекеттің бағасы.

Жүлденің төресі бұл жылы өнер майталманына бұйырды. Қазақ Ұлттық өнер университетінің  ректоры  Айман Мұсақожаева «Қазақстанның Еңбек Ері»  атанды.  Даңқты  қазақ қызы әлемнің маңдай алды сахналарында  өнер көрсетіп жүр. Түмен  жұрт  оның   скрипкасынан төгілген  сазға тәнті болып, таңдай   қақағады. 

ЮНЕСКО «Әлем әртісі»  атаған  қазақ қызы Астанадағы  өнер университетін ашу үшін  де біраз тер  төкті. Бүгінде еңбегі жанды, ізінен ерген талай талантты шәкірті бар.  Енді елі еңбегі ерге бергісіз қызын ұлықтап жатыр...

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Астана ауысқан кездері елордасы болғандықтан, өнерсіз болмайды ғой. Сондықтан, осы жерде де консерватория ашып, «жастарды тәрбиелеуге кім барады», дегенде, марқұм Әзірбайжан Мәмбетов, екінші Айман қыстың суығында осында келген болатын.  Кішкентай ғана училищеден мектеп ашып, үлкен оқу ордасын құрып, елеулі еңбек етіп келеді. Одан кейін біз Өнер университетін құрдық. Бүгінде сол университетті басқарып отыр.

Айман Мұсақожаева, Қазақстанның Еңбек Ері:

Мен өте қуаныштымын. Президентке алғысым шексіз.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің экономикасы, әлеуметтік саласы мен  ғылым білімінің дамуына қосқан үлесі үшін  «Отан» ордені беріледі. Бұл ерекше  құрмет биыл  үш азаматқа көрсетілді.

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарат  Тоқаев, Халық банкінің директорлар  кеңесінің төрағасы Александр  Павлов және «Шахтерское» серіктестігінің   директоры Георгий Прокоп – елдегі  ең жоғары марапатты Елбасының өз қолынан  алды. Бұл  азаматтардың  әрқайсысының ел дамуы жолында  тындырған еңбегі ерекше.

Мемлекеттік марапат алған топтың ішінде белгілі қоғам  қайраткерлері бар. Композитор Кеңес Дүйсекеевтің  кеудесіне Елбасы «Парасат» орденін тақты. Ал, Асанәлі   Әшімов   I   дәрежелі  «Достық»  орденімен парапатталды.  Бұлар   көзі тірісінде  аңызға айналған тұлғалар. Олардың еңбегін ел біледі,  олардың мұрасы ұрпаққа аманат.

Кеңес Дүйсекеев, «Парасат» орденінің иегері:

Елбасы «ауырып жүрсіз бе, жағдайыңыз қалай? Сіз ауырмаңыз, сіз халыққа әлі де керексіз», деп хал сұрады. Мен бұған аса қатты қуандым. Өнер адамдарын ұмытпағаны жақсы ғой.

Асанәлі Әшімов, I дәрежелі «Достық» орденінің иегері:

Өнер адамдарының еңбектері бағаланып жатса, оның да халқына деген еңбегі адал болады. Мереке құтты болсын!

Ал, мына жігітті ел енді  танитын болады. Рүстемнің мамандығы өрт сөндіруші.  Бөлімше командирі  бет қаратпайтын жалынмен арпалысып, бірнеше адамды өрт ішінен  аман алып шықты. Елі «ерім осындай болсын»,  дейді. Ал, Елбасы оған  «Ерлігі үшін»  медалін тақты.

Рүстем Мусин, «Ерлігі үшін» медалінің иегері:

Мен үшін бұл – үлкен құрмет. Менің орнымда болған кез келген азамат осылай етеріне сенімдімін.  

Ал,  «Әдебиет пен өнер саласындағы  Мемлекеттік сыйлық  жазушы  Қажығали Мұхамбетқалиұлына «Тар кезең» романы  үшін берілді.  Шығармада автор тарихымыздың тереңде қалған шындықтарын қазбалайды. Ұлт үшін ұлық ұғым Тәуелсіздікті  дәріптейді. 

Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Шығарманың идеясы – Тәуелсіздікті дәріптеу.

Тәуелсіздік мерекесіне орай  елдің   әлеуметтік-экономикалық,  мәдени дамуына,  халықтар   арасындағы  достықты,  ынтымақтастықты  нығайтуға қосқан  үлесі,  белсенді  қоғамдық қызметі үшін барлығы мың жарым азаматқа құрмет көрсетілді.

Солардың  отыздан астамына  Ақордада «Отан», «Барыс», «Парасат», «Достық», «Құрмет», «Даңқ», «Айбын»  ордендері табыс етілді. Еңбегі еленгендердің арасында мемлекеттік қызметшілер, халық қалаулылары,   әскерилер,  ғалымдар,  дәрігерлер,  өнер адамдары бар. Елбасы лайықтыларды  таңдаудың  оңай  болмағанын  айтады.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу