Мемлекет басшысы бүгін Ли Кэцянды қабылдады
Елбасы бүгін Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Кэцянды қабылдады. Кездесуге арқау болған мәселе Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету жайы.
Тараптар отын-энергетикалық, инвестициялық әріптестік жайын да талқылады. Келешекте екі ел үшін де тиімді болатын маңызды көлік-транзиттік жобалар аталды. Күн тәртібіндегі халықаралық мәселелерден де назардан тыс қалмады. Қазақстан да, Қытай да алыс-беріс аясын кеңейтуге бейілді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз сіздің сапарыңызға ерекше мән береміз. Өйткені, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының арасында өте тығыз достық қарым- қатынас орнаған. Мен Төраға Си Цзиньпинмен бірнеше рет кездесіп, көп мәселелерді бірге отырып талқыладық.
Екі елді байланыстыратын ең ірі сала - энергетика. Бүгінде Қазақстан мұнайының үштен бірін Қытай компаниялары өндіріп жатыр. Қытайға қарай газ құбырын тарттық.
Бірігіп «Қорғас» мемлекетаралық сауда орталығын құрып жатырмыз. Транзитке жол ашу үшін автокөлік жолын, теміржол салудамыз. Біз сондай-ақ, Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің «Ұлы жібек жолын» жаңғырту бастамасын қолдаймыз.
Ли Кэцян, Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік Кеңесінің Премьері:
Мен сізге Төраға Си Циньпиннің сәлемін жеткіземін. Қытай үкіметі мен Қытай халқының атынан алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Екі ел арасындағы әріптестік өте жоғарғы деңгейде дамып келеді. Мен қазақстандық әріптестеріммен бірге отырып арадағы байланыстарды бұрынғыдан да бекем ете түсу үшін пікір алмасуға дайынмын.
Мемлекет басшысы сондай-ақ, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведевті қабылдады. Кездесу барысында сауда-экономикалық, энергетикалық және көлік-транзиттік салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары қаралып, интеграциялық құрылымдар аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведев күн тәртібіндегі өңірлік және халықаралық өзекті жайттар туралы да сөз қозғады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің елдеріміздің арасында өзара сенім бар. Ешбір шешілмеген мәселе жоқ. . Қаңтар айының бірінен бастап Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастайды. Одақ аясында сауда-саттық төмендеп кетті дейтіндер де болады. Бұл тек ақша жағынан ғана. Ал, іс тұрғысынан келгенде бірлескен кәсіпорындар, компаниялар арасындағы әріптестік ауқымы кеңейе береді.
Конюктура жақсара түседі. Шекарадағы жүктердің, жолаушылардың еркін тасымалынан ортақ пайда келе бастайды. Алда Мәскеуде болатын кездесулер кезінде біз Арменияның ұйымға кіруін ратификациялаймыз, мүмкін Қырғыз Республикасы да сол кезде дайын болып қалар.
Дмитрий Медведев, Ресей Федерациясының премьер-министрі:
Біз шынымен де жақын әріптестерміз. Алда маңызды ынтымақтастық жобамыз тұр. Тауар айналымының өсуі де, кей жерлерде азаюы да уақытша нәрсе. Ең бастысы ынтымақтастық процесс жүріп жатыр. Мен Сізге Владимир Путиннің сәлемін жеткіземін. Осы сәтті пайдалана отырып Сізді, Қазақстан халқын алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын!
Естеріңізге салайық, ертең Астанада ШЫҰ кеңесінің 13-отырысы өтеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы