Алданыш Рамазанқызы - Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақ қызы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алданыш Рамазанқызы - Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақ қызы

30.11.2014
Алданыш Рамазанқызы - Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш  қазақ қызы

1964 жылы Токио Олимпиадасына қатысқан алғашқы қазақ қызы туралы не білесіз? Шашасына шаң жұқпаған қазақтың желаяқ қызы Алданыш Рамазанқызы Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында тұрады. Кезінде талай жарыста тілеулес болған спортсүйер қауым оны «Жеңіл атлетиканың ханшайымы» деп те атаған.

Ол Ұлан-Батыр қалалық №18 орта мектепте оқып жүргенде кезінде-ақ жүгіруден алдына  жан салмапты. Оны байқаған сол кездегі Иванов деген бапкер 6-сыныптың оқушысын  жеңіл атлетика секциясына  қабылдаған. Кешікпей талантты қыз ұлттық құраманың сапынан бір-ақ шығады. Бұл 1961 жыл еді.

1962 жылы Моңғол елінің тарихында алғаш рет Бүкілхалықтық  спартакиада өтті. 16 жастағы Алданыш та сол жарысқа қатысып, 200 метр қашықтыққа 26,6 секунд, 400 метрге  58,8 секунд, 800 метрге  2 минут 18,7 секундта  жүгіріп  өтіп,  ел  рекордын жаңартқан. Бұл - бұрын-соңды болмаған ғажап жетістік  еді.

 Бүгінде Алданыш Рамазанқызы Ұлан-Батыр қаласында тұрады. Зейнетте.

Алданыш Рамазанқызы - жеңіл атлетикадан спорт шебері, Моңғолия атынан Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақ қызы, Моңғолиядағы қазақ диаспорасынан шыққан алғашқы спорт шебері.

1945 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. 1965 жылы медицина техникумын, 1972 жылы Мемлекеттік дене шынықтыру спорт институтын бітірген

1964 жылы Токио Олимпиадасына қатысқан жеңіл атлет, 1972-2005 жылдар аралығында Ұлан-Батыр қалалық №22 орта мектепте спорт мұғалімі қызметін атқарды.

Алданыш апамыз туралы ақпараттар бертін келе ғана шыға бастады. Жат жерде жүріп, қазақ атын асқақтатқан біздің батыр қыз. Моңғолияда туып, сонда өсті.

Қазақ жеріне екі рет қана келіпті. Миллион тұрғыны бар Ұлан-Батырда, мына шағын ауданда тұрады. Кеңестік стильде салынған біркелкі бес қабатты үй.

«Алдымнан кім қарсы алады, қазақша түсінбесе, қайтемін?», деген қауіп те болды.

Алданыш апамыз - осы кісі. Тілін де, қазақтың дәстүрін де ұмытпапты. Шағын бөлмесінде отырып сұхбат берді. Өткенін еске алды. Өте ұстамды адам екен.

Алданыш Рамазанқызы, жеңіл атлетикадан спорт шебері, Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақ қызы:

 6-сыныпта оқып жүргенде Иванов деген орыс мұғалім болды. Біздің мектепке келіп, ең жүйрік болатын бала деп мені алды. Содан кейін жалаң аяқ жүгірдік, неге десең, киетін кеды жоқ. 

Сұңғақ бойлы, бота тірсек қыз орыс жаттықтырушысының көзіне бірден түскен.

«Жаттығуға қолайлы жер жоқ, тау мен тастың арасында жүгіретінбіз», деп еске алды. Медицина техникумын оқып жүргенде ойда-жоқта Токио Олимпиадасына қатысады. 

Алданыш Рамазанқызы, жеңіл атлетикадан спорт шебері, Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақ қызы:

Медицинада оқыдым. Оқу 8 сағат болатын. Таңертең барамын, кешке жаттығамын. Одан кейін ауруханаға барып қонамыз. Олимпиадаға 3 ай қалғанда рұқсат алып, содан кейін қатыстым.

«Небәрі 3 ай дайындалып Олимпиадаға аттанып кеттік», дейді. Сол кездегі саяси ахуалға байланысты Жапония Моңғол командасын КСРО-ның да, Қытайдың да құрамына кіргізбей, жеке мемлекет есебінде қабылдайтындарын айтады.

«Ол уақытта  біздің құраманың киімі де болған жоқ», дейді Алданыш Рамазанқызы.

КСРО спортшыларының киімін алып, жаға-жеңіне «Моңғолия» деген жазу жапсырып шыққан екен. Жол машақаты да оңай болмаған. Жүк тиейтін ұшақпен Иркутск, Хабаровск, ары қарай Находск портынан кемеге отырады. Жаттығу да, дайындық та жайына қалады.

Алданыш Рамазанқызы, жеңіл атлетикадан спорт шебері, Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақ қызы:

Жаттығу жасайтын жағдай жоқ. Ылғи шалбармен, кедымен жүгіреміз. Ыңғайсыз болатын. Оларда бір массажист, бір дәрігер болады. Ал, бізді ешкім қарамайды.

Осындай жағдайдың өзінде Олимпиададағы көрсеткіштер жаман емес. 800 метрде 67 спортшыдан 22-ші, 400 метрде 65 адамнан 17-болып келеді.

Олимпиада қалашығында жүріп, қазақстандық спортшылармен танысады. Оның бірі - белгілі спортшы Әмин Тұяқов еді.

Әмин Тұяқов, КСРО және қазақ спортына Еңбегі сіңген спорт шебері:

Формамызда СССР  деп жазылып тұр. Қазаққа ұқсап тұрған болуым керек, бір қыз келді. Қасында адамдар бар. Екеуіміз біраз сөйлестік. Ол кезде 19 жаста екен.

Токио Олимпиадасы - Азия құрылығында өткен алғашқы ірі спорт додасы. Оған әлемнің 93 елінен 5 140 спортшы қатысса, оның 681-і әйел екен. Сол мыңның бірі қазақтың қызы Алданыш еді.

Әмин Тұяқов, КСРО және қазақ спортына Еңбегі сіңген спорт шебері:

Кез келген адам Олимпиадаға қатыспайды. Ол үшін олимпиадалық нормативтер болуы керек. Сондықтан, 19 жастағы қазақтың бір қызының Моңғол командасына кіруі - үлкен жетістік.

Олимпиададан кейін де Алданыш  Моңғол елінің намысын қорғап, талай жарыста топ жарады. Медальдарын қызыл матаға әдемілеп тігіп қойыпты. Барлығы - алтын.

«Әйелдермен жарысқанда соңымдағылар шаңыма да ілесе алмайтын», дейді. Алданыш Рамазанқызы Моңғолиядағы жеңіл атлетикадан өзі орнатқан рекордты 30 рет өзі жаңғыртқан спортшы.

Ұзақ жыл спорт мектебінде шәкірт тәрбиелеп, қазір зейнетке шыққан. 3 баласы бар екен. Бір өкініштісі, қазақша түсінгенімен, балалары моңғолша  сөйлейді әрі анасының жолын қуып, ешқайсысы спортшы болмаған.

Алданыш апамыздың өзі де шешіліп әңгімелесе алмады.  Тілмаш есебінде болған туысы Майрагүл ғана.

Майрагүл Қабылғазықызы, туысы:

2012 жылы Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайына барып, мәз болып келді. Шіркін, жас кезімізде Қазақстанға барсақ, балаларымыз қазақ болар еді деп. Болары болып, бояуы сіңді. Зайсанда, Өскемен жақта нағашылары бар, сол кісілермен телефон арқылы хабарласып, әңгімелесіп тұрады.

Бұйырса елге келіп, туыстарымды көрсем, деп армандайды екен спортшы. Біраз сөйлескен соң, ақырындап ашыла бастады.

Олимпиадаға киіп барған спорттық аяқ киімі де әлі күнге дейін сақтаулы, 50 жыл болыпты. Ал, әкесі мен шешесінен қалған саптаяқ пен ұршыққа 1 ғасыр болған.

Алданыш Рамазанқызы, жеңіл атлетикадан спорт шебері, Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақ қызы:

Апам да туған жерімде өлмедім ғой, топырағы бұйырмады ғой деп қайтыс болған. Содан кейін мен Алматыға барғанда бір уыс топырақ әкеліп беріп едім, оны суға езіп ішіп алды. Одан кейін Астанаға барғанда тағы топырақ әкеліп, қамырына апарып салдым.

Әке-шешеден қалған көз - осы. Қазына, байлық емес. Есесіне жат жерде жүрсе де, темірдей тәртіп пен тектілікті бойына сіңірді. 70-ке келсе де, тәртіптен тайған емес. Жаттығу жасайды, жаяу жүреді. Алданыш апаның жаттығу жасаған стадионына біз де бардық.

Айнұр Омар, тілші:

Шағын стадион, 6 жолақтық жүгіру жолы. Алданыш Рамазанқызының спорттық мансабы дәл осы жерден басталды. Одан кейін талай рекорд жаңартты, ел мәртебесін қорғап, талай жарыстарға қатысты.«50 жылда ел жаңа». Бұрын бұл жерде топырақ жол болған. Қазір әрине, тасжол төселген. Бір өкініштісі, Алданыш Рамазанқызының атақ-абыройы, алған марапаттарының барлығы дәл осы топырақ жол сияқты асфальт астында қалып қойғандай.

Алданыш Рамазанқызы, жеңіл атлетикадан спорт шебері, Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақ қызы:

Біз топырақта жүгірдік. Енді міне, бетон төсеп тастаған. Біз ұмытылып қалып жатырмыз. Бұрын Кеңес уақытында жүгіре бер, жүгіре бер дейтін. Олимпиадаға 50 жыл болды.

Өкініші жоқ. Бірақ, Моңғолия мемлекеті «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағын берсе», деген арманы бар. «Еңбегім сіңген шығар», дейді.

 Бірақ кезінде өз үйіндей болған стадионы қазір мүлдем жат. Жеке меншікке өтіп кеткеннен кейін кіру де қиын.

Моңғолия - әлі де дала заңымен өмір сүріп жатқан ел. Стадионның бір бұрышына әлдекім кигіз үй тігіп қойған.

Дүрілдетіп от жағып, сонда өмір сүріп жатыр. Тағы бір жерде үйіліп шөп тұр. «Оны стадионға төсейтін шығар», деп сұрағанбыз. «Жоқ, осында отырған үй оны малына береді», дейді.

Мұны көре тұра, жаңа стадион, жақсы манеж туралы сөз қозғауымыз әбестік болар, дедік.

Бірігіп жүгіріп те көрдік. Ол заманында атқан оқтай ұшқыр еді, арынды еді. Бұдан да биік белестерді бағындырар еді.  Әттең, Моңғолиядан ұзап шыға алмады. Тағдыры шығар. Қимай қоштастық.

Жасаураған жанардан шетте жүрген қазақтың ғасырдан да ұзақ тарам-тарам тарих жолын, қиындық пен жоқтыққа, аштық пен тоқтыққа мойынсұнбаған қайсарлық, өр-руһ пен жүректің түкпірінен үзіліп түскен  мөп-мөлдір сағынышты көрдік.

 

Айнұр ОМАР

 

Хабарламаларға жазылу