Қазақстанға Швейцария президенті Дидъе Буркхальтер келді
Бұл елге бай-бағланның бар таласы. Швейцария. 7 миллионнан асар-аспас халқы бар. Дүниедегі ең дүр деген қаржы орталығының бірі, шеттен капитал тартуда ширақ.
Банктерінің сейфтерінде ең дамыған елдердің барлық құнды қағаздары мен дәулетті дөкейлердің байлықтары жатыр. Сапалы сағаттарымен әйгілі Швейцария- біздің Қазақстанды Орталық Азиядағы саяси һәм экономикалық серіктесі санайды.
Осы аптада ресми сапармен Швейцария президенті Дидье Буркхальтер келді. 54 жастағы саясаткерді Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады.
Қос президент Қазақстан мен Швейцария арасындағы алыс-берісті дамытудың келешегін талқылады. Швейцария - өнеркәсібі де, ауыл шаруашылығы да берекелі мемлекет. Экономикасында ірі трансұлттық компаниялар үстемдік етеді. Мемлекет туризм мен жүк өткізуден де қомақты пайда тауып отыр.
Бірақ, өнеркәсібі сырттан келетін шикізатқа тәуелді. Сондықтан, конфедерация шикізат қоры мол елдермен әріптесттікке мүдделі. Қазақстан сол санатта. Айтпақшы, бұл елде машина жасау, фармацевтика, металл өңдеу, химия, тамақ өнеркәсібі де бізбен салыстырғанда, көш ілгері дамыған.
Сондықтан, олардан тәжірибе жинап, технология үйренуіміз қажет бізге. Қазір 40-тан астам қазақстандық-швейцариялық бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Біздің ел жаңа инфрақұрылымдық жобаларға осы елден инвестиция тартқысы келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Швейцария – Еурпадағы біздің төртінші орындағы экономикалық сауда әріптесіміз. Осы жылдар ішінде бұл елден 12 миллиард долларға жуық инвестиция Қазақстанға құйылды.
Екі елдің арасындағы тауар айналымы 4,5 миллиард долларға (2013 жылы) жетті. Қазіргі қиыншылық дағдарыс жағдайына қарамай, биылғы жылдың өзінде экономикалық қарым-қатынас өте жақсы.
Дидъе Буркхальтер, Швейцария Конфедерациясының Президенті:
Орталық Азия, әсіресе, Қазақстан біз үшін Еуропа мен Азияның арасындағы дәнекер ретінде маңызды мәнге ие. Біз Қазақстанға Сыртқы істер министрліктерінің арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге ұмтылысы үшін ризамыз. Сонымен бір мезгілде біз ынтымақтастықтың жаңа, перспективалы салаларын іздеуге зор көңіл бөліп отырмыз.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы