Жолдау алысты жақындататын төте жол болғалы тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолдау алысты жақындататын төте жол болғалы тұр

23.11.2014
Жолдау алысты жақындататын төте жол болғалы тұр

«Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатына қатысты халықаралық сарапшылардың пікірі қилы. Биылғы Жолдауда әлемдік экономиканың қазіргі ахуалы алдын ала сарапталып, қазақ экономикасын одан әрі дамытатын нақты жолдар көрсетілген.

Әсіресе, экономикалық өсімді тұрақтандыру, көршілермен татулықты сақтап қалу, бюджеттен бөлінетін қаражатқа қосымша Ұлттық қордан қаржы бөлу, кәсіпкерлікті ынталандыру, міне осының бәрі халықаралық қауымдастыққа елді жаңа қырынан танытары сөзсіз.

Франсис Этьен, Францияның Қазақстандағы елшісі:

Сіздерде 2050 жылға арналған ұзақ мерзімді стратегия бар. Мүмкін көпшілік 2050-ді алыс дер, бірақ осы Жолдау сол алысты жақындататын, соған апаратын төте жол болғалы тұр.

Жаңа жолдау шетелдіктермен де серіктестікті, ықпалдастықты нығайтуға жол ашады. Оның ішінде, біздер, яғни, француздар жағы да бар. Сондықтан, «Нұрлы жол» идеясын біз барынша қолдап отырмыз. Көп кешікпей қос ел бір-біріне жақындай түседі.

Келер жылдың наурыз айында Қазақстан мен Франция астаналарын жалғайтын тікелей рейс ашылады. Бұл француз инвесторларының қатарын көбейтуге өз үлесін қосады, деп сенемін.

Мехмет Кылычлар, Анкара губернаторы:

Қазақстан – түркі дүниесінің көшбасшысы десем артық айтпаймын. Сіздер қысқа уақыттың ішінде өздеріңізді дәлелдей білген елсіздер. Міне, «Нұрлы жол» бағдарламасын қабылдап отырсыздар.

Құжатта елдің инфрақұрылымына үлкен мән берілген екен.  Бұл өте маңызды.  Астана халықаралық EXPO көрмесін өткізгелі отыр. Бүгін сол шараға дайындық барысымен таныстым. Өте жоғары екен. Біз губерния тарапынан бас қалаларыңызға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз.

Полат Бюлбюлоғлы, Әзірбайжанның Ресейдегі елшісі, Әзірбайжанның Халық әртісі:

Бұл жолы да сіздердің Президенттеріңіздің бастамасы дер кезінде жарияланып отыр. Қазір әлемде саяси және экономикалық ахуал қиындап келеді. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаев көреген басшы ретінде, осының бәрін сезіп, қауіп-қатерге алдын ала дайын болу үшін Жолдауды ерте жариялады.

Маған әсіресе, Жолдауда шағын және орта бизнеске қолдау болатыны, Ұлттық қордағы қаржының экономиканы дамытуға жұмсалатыны айтылғаны ұнады. Және осы қойылған міндеттердің барлығы да іске асады. Оған менің күмәнім жоқ.

Сүлеймен Шенсой, «Түрік-Азия стратегиялық зерттеу» ұйымының басшысы:

«Нұрлы жол» бағдарламасы – экономикалық өркендеудің кепілі  мен елді жаһандық сынақтардан алып өтетін құжат десем болады. Қазір әлемнің әр бұрышында түрлі оқиғалар болуда. 

Экономикалық санкциялар жарияланып, одан бірқатар ел зардап шегіп жатыр. Міне, осындай күрделі кезеңде Нұрсұлтан Нарзарбаев  маңызды шешім қабылдады. Қазақстан бұған дейінде әлем алдында өзін көрсете білді. 

Көптеген ел экономикалық күйзеліске ұшырап, жұмыссыздық жайлап жатқанда,  Қазақ елінде керісінше, жаңа жұмыс орындары ашылып, бизнес өркендеп жатты. Бұған дейінгі құжаттар сияқты «Нұрлы жол» да жемісті болатынына мен сенімдімін.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу