Алмағайып күрделі кезеңде инфрақұрылымға қомақты қаржы салу дамуға серпіліс беретін ең тиімді құрал. Сол себепті ел Президенті биылғы Жолдауында саланы дамытуға ыждаһатты көңіл бөлуді тапсырды.
Мәселен, Жолдаудағы тапсырмаға сәйкес жүргізілетін жол құрылысы 200 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал, бұл жұмысқа бөлінетін қаржының 1 миллиард доллары жұмыскерлердің жалақысына жұмсалады.
Бұл ойларын «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы ортаға салды. Қазір Елбасы тапсырмасына сәйкес тұрғын үй салудың жаңа механизмдері әзірленіп жатыр.
Бағдарламаға желтоқсан айында өзгерту енгізіледі. Ал, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап, еліміздің барлық өңірінде жаңа бағдарлама бойынша тұрғын үйлер салына бастайды.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
«Ертеңін ойлаған ел – озар» демекші, қазіргідей жаһандық сынақтар жағдайында Елбасы экономиканың мүлдем жаңа сапалық құрылымын ұсынатын «Нұрлы жол» экономикалық саясатын жариялап отыр.
Жаңа экономикалық саясат – бұл бүгінгі сынақтардан сүрінбей өтудің ғана жобасы емес, ол алдағы ондаған жылды қамтитын еліміздің сапалы дамуының кешенді жоспары, болашақтың инфрақұрылымына жасалған инвестиция.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ