Жолдау өткен сейсенбіде түстен кейін әлеуметтік желілерде «шығысқа жаңа әкім барады» деген әңгіме гу етті. Сыбыс емес екен. Президенттен Жарлық шығып, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов көптен көрінбей жүрген Даниал Ахметовты Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне жайғастырды.
Ал, іскер басшы Бердібек Сапарбаев 5 жыл, 9 ай отырған орынтағын тастап, Астанаға Премьер-Министрдің орынбасары болып аттанды. Сондай-ақ, Президенттің Жарлығымен Гүлшара Әбдіхалықова Премьер-Министрдің орынбасары қызметінен босатылып, Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды.
Жалпы соңғы тура 20 күннің ішінде елдегі саясат сахнасында бірнеше ауыс-түйіс болыпты. Саясаткерлердің пікірінше, қызмет ауыстырған іскер басшы, шаруаға ширақ шенеуніктер жаңа серпінмен елдің дамуына, Президент Жолдауындағы сүбелі мәселелерді іркіліссіз іске асыруға үлестерін қоса бермек.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС