Қоғам қайраткерлері Елбасы Жолдауын еліміздің даму бағдарына балайды
Халық қалаулылары мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, елге тілекші қарапайым тұрғындар Елбасы Жолдауын еліміздің даму бағдарына балап отыр. Президенттің Ұлттық қордың 3 миллиард доллар қаржысын халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсау жөніндегі тапсырмасы қызу қолдау тапты.
Өңірлерді аралаған сайын халықтың мұң-мұқтажын арқалап қайтатын депутаттар «ауылдың ахуалы жақсаратын болды», деп санайды. Сондай-ақ, жаңа экономикалық саясаттың дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы маңызды қадам боларына сенеді.
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Келесі жыл біз үшін ерекше жыл болмақ. Ең негізгісі, Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы. Келесі жыл біздің Конституциямыздың 20 жылдығы мен II Дүниежүзілік соғыстың 70 жылдығымен сәйкес келіп отыр. Мұның барлығы да мемлекеттің өсу кезеңдері. Біздің тарихымызға үңілген Жолдау болды.
Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Үш жылға арналған бюджетте қосымша білім саласының өзіне ғана 90 миллиард теңге қаржы бөлу, ол сапалы білім беруді қамтамасыз ету. Апатты мектептер мен үш ауысымды мектептерді жою мүмкіндігі туып отыр. 20 миллиард теңге жаңа балабақшаларды салуға арналса, онда мыңаған жас аналар жұмысқа шығуға мүмкіндік алады.
Мелих Гөгчек, Анкара қаласының мэрі:
Бүгін Қазақстан үшін жаңа кезең басталды десек болады. Президенттеріңіздің «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясатымен таныстым. Бұл қадам Қазақ экономикасын өрге домалататыны сөзсіз. Үкіметке нақты тапсырмалар жүктелген екен.
Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеуметтік әлеуетін басты назарда ұстап тұр. Жаңа жұмыс орындарын ашу, баспанамен қамту, шағын және орта бизнеске қолдау сияқты осы күнде өзекті мәселелердің барлығы қамтылған. Қазақстан бұл мақсатты да оңай еңсеретініне мен сенемін.
Ермахан Ыбрайымов, Олимпиада чемпионы:
Елбасы Жолдауында жастар мәселесіне көп тоқталды. Ел болашағы – жастардың қолында. Елдің экономикасын дамытатын да, болашағын құратын да жастар. Сондықтан, Елбасы жастарға арқа сүйеп отыр.
Біз қарап қалмауымыз керек. Алға ұмтылып, Қазақстанның экономкикасын және басқа да даму саларына зор үлес қосуымыз керек.
Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Елбасының көрегендігіне таң қаламын. 10 жыл, 15 жыл бұрын айтып кеткен еді, «осындай қысылтаяң кезде ақша керек болады, асықпаңдар, саспаңдар. Бұл ақша халықтың игілігіне жұмсалады»,- деп айтқан еді. Сол айтқаны бүгін келіп отыр.Бұл экономиканы көтеретін жағдай ғой. Мысалға, соңғы кезде теміржол, тасжолжар жөнделетін болды. Елдің арасында тасымал көбейеді, жол құрылысы болса жұмыс орындары пайда болады.
Евгений Винокуров, Еуразиялық даму банкі интеграциялық зерттеулер орталығының директоры:
Қазақстанның ұзақ мерзімді, әрі тұрақты дамуға толық мүмкіндігі бар. Президент Жолдауда айтқандай, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» сынды ірі жобаларды іске асыру, үлкен нарыққа жол ашады.
Жалпы, қазіргідей күрделі кезеңде инфрақұрылымдық жобаларға қаржы бөлу, экономиканың дамуына сөзсіз ықпал етеді. Жалпы, Қазақстан билігі сауатты экономикалық саясат жүргізіп, әлемдік өзгерістерге ерте бастан дайындалып отыр.
Сондықтан, Президент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған жаңа экономикалық саясатты іске асыру арқылы, елдеріңіз одан әрі дамиды.
Тахар Сайх, кәсіпкер:
Жолдауда Президент кәсіпкерлерді несиелендіруге 100 миллиард теңге бөлінетінін және сол несиенің 6 пайыздық үстемемен берілетінін айтты. Бұл ел кәсіпкерлеріне Үкімет тарапынан ерекше қолдау, деп айтар едім.
Сондай-ақ, «осы бағдарламадағы бағыттардың орындалуына 100 шетелдік компания қатыстырылады»,- деді. Біз де алда өтетін «EXPO-2017» көрмесіне қатысуға, Астананың инфрақұрылымын дамытуға өз үлесімізді қосқымыз келеді.
Өйткені, Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Инвестициялық ахуалдың қолайлылығынан болар, біз Қазақстанға қаржы құюға дайынбыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы