Астанада «Global e-Government Forum-2014» форумы өтті

12.10.2014
Астанада «Global e-Government Forum-2014» форумы өтті

«Global e-Government Forum-2014». Технология дейтін теңдессіз дүниенің дүрмегіне ілесіп, тілін меңгерген ғалым-сарапшылар дәл осылай аталған Астанадағы халықаралық форумда бастары тоқайласты. Олар Жер жиһанның 80-ге тарта елінен келгендер.

Электронды үкімет деген ұғымның біздің тұрмысымызға дендеп енгеніне көп мерзім бола қойған жоқ. «Салықты интернеттен төлейтін болдым, мекенжай анықтамасын үйден шығарып алдым, баламды балабақша кезегіне ғаламтор арқылы тіркедім», дейтін болдық.

Бұрынғыдай мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып, сарылып кезек күтпейміз. Айналдырған 15-20 минут ішінде барлық құжатты электронды үкімет арқылы рәсімдейміз. Рақат.

Елордадағы форумға келгендер электронды үкіметті дамытудың тиімді тұстарын талқылады. Бұл жиын «Ақпараттық Қазақстан-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Ілкімді істің игілігін көріп,шапағатын сезгендердің бірі - Шоқан Қуатай. Ол электронды үкімет арқылы тіркеуге тұрды, некеге отырды. Уақытын үнемдеді, ең бастысы, құжат жинап сергелдеңге түскен жоқ. Небәрі 15 минутта шаруасын шешіпті.

Шоқан Қуатай, Астана қаласының тұрғыны:

Мен ғана емес, достарым да осылай үйленді. Қазіргі дамыған заманда бұл таптырмас мүмкіндік. Ең бастысы, жемқорлықты жояды.

Жалпы, елімізде электронды үкіметтің әлеуеті артты. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында барлығы автоматтандырылған. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданына қарасты Халыққа қызмет көрсету орталығы. Мұнда күніне 2 мыңнан астам адам келеді, қызмет түрлері барлығы заманауи талапқа сай.

Жанна Пәрімбекова, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны:

Бұрын кезекте тұратынбыз, таныс іздейтінбіз. Қазір өте ыңғайлы болды.

Джа Хонг Лим – Электронды үкімет бойынша БҰҰ жобаларын ұсынушы. Қазақстандағы электронды үкімет жұмысына жоғары баға беріп отыр.

Джа Хонг Лим, БҰҰ басқару жобаларының жетекшісі:

Мен Қазақстанға бүгін таңертең келіп, 2 халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Өте керемет. Электронды үкімет ең алдымен тиімді басқаруды қамтамасыз етеді.

Шетелден келген делегация халыққа қызмет көрсету орталықтарында болып, біздегі заманауи қызметтермен танысты. Әзірге, 160 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі, келер жылдан бастап ол 191-ге жетеді. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының да әлеуеті артып отыр.

Абылайхан Оспанов, электронды қызметтерді және ХҚКО дамыту департаментінің директоры:

Жалпы, елімізде 260 халыққа қызмет көрсету орталығы бар, оның ішінде 5-еуі мамандандырылған. Жыл басынан бері 300 мыңнан астам техникалық құжат берілді. 95 мыңнан астам жүргізуші куәлігі берілді.

Алғаш рет тиімді халыққа қызмет көрсету орталығы 2012 жылы Қарағанды қаласында ашылған. Қазір Алматы, Ақтау, Астана, Тараз қалаларында бар. Биыл Талдықорған, Қызылорда, Павлодар, Петропавл қалаларында және келесі жылы Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Орал, Өскемен, Шымкентте ашылады деген жоспар бар. Осы және өзге жаңалықтарымызды көрсеткен, паш еткен форумға шетелден 300-ден астам делегат  келді.

Индира Бегайдар, тілші:

Бұл форум алғаш рет 2012 жылы өткізілген болатын. Екі жыл қатарынан ақпараттық технология саласындағы ілгері Оңтүстік Корея мемлекетінде ұйымдастырылды. Ал биыл  өткізу мәртебесін Қазақстанға берді. Себебі, біздің елде бұл салада мақтанарлық, мақтауға тұрарлық жетістік жетеді.

Тізбелей кетсек. Электронды үкіметті дамыту жөніндегі БҰҰ рейтингісінде Қазақстан 193 мемлекеттің ішінде 28-орында тұр.  Отыздың ішінде ойып тұрып орын алдық.

Литва, Швейцария, Латвия, БАӘ,  Малайзия елдерін артта қалдырды. Қазақстан бұл жобаға 43 миллиард теңге инвестициялаған. Қазіргі кезде қазақстандықтар «Электронды үкімет» арқылы 570-тен астам қызмет пен сервисті қолдана алады.

Күн  сайын электрондық үкімет порталына орташа есеппен 43 мыңнан астам қолданушы кіреді екен. 2013 жылы әлеуметтік қызметтер 100 пайыз электронды форматта көрсетілді.

Қазақстандықтардың компьютерлік сауаттылығы деңгейі 63 пайызға жуықтап, ғаламтор пайдаланушыларының саны 12 миллион адамға жетті.

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Бұл халықтың 70 пайызын құрайды. Халықты сандық телевизиямен қамту 51 пайыз, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 72 пайызға жеткіземіз.

Жағымды жаңалық жетеді. Жиында белгілі болғандай, 3 жылда электрондық үкімет порталының барлық қызметтері мобильдік қосымшамен қамтамасыз етіледі.

Биыл қараша айында egov.kz порталында «Жеке кабинет» іске қосылады. Осы және өзге де тақырыптарды әлемнің белді,беделді мамандары  екі күн талқылады. Қызықты идеяларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты.

Жеткен жетістікке тоқтап, тоқмейілсу көшкен жұртта қалғанмен бірдей. Елбасы да осы сөзді үнемі айтады. «Теңге тиыннан, ынтымақ ұйымнан құралады». Алдағы уақытта электронды үкімет саласында жұмыстарды бірлесе атқару керек. Форумға қатысушылар осындай тоқтамға келді.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу