Оқу бітірген жастар неге жұмыссыз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқу бітірген жастар неге жұмыссыз?

12.10.2014
Оқу бітірген жастар неге жұмыссыз?

Сандар былай деп сөйлейді: біздің мемлекетте 4,5 миллион жас бар. Қалалықты айтпағанда, араларында ауылдан келіп оқитыны, кәсіпте жүргені бар 2,4 миллион жас дуы мен шуы көп қалада өмір өткізіп жатыр. Ал 1,9 миллионы - ауылда тұрады. Тұрсын, оқысын, ойнасын, күлсін, бірақ, бір шымбайға батары қол-аяғы балғадай 117 мың жас жұмыссыз жүр.

Неге дейсіз? Кеудесін жалын кернеген жас жұмыс іздеп, мекеменің есігін қақса, қабағы қатулы кадр бөліміндегілер «стаж бар ма, бала?» деп сұрайды. Оқуды жаңа аяқтаған студенттерде «еңбек өтілі» қайдан болсын, салы суға кетіп, басы салбырап кері қайтады. Осы күні жастарымызды діңкелетіп болған осы жайт, жасыра алмаймыз.

Тағы бір түйткіл, осы күнгі шәкірттер 11-ді бітірмей, колледждерге шабатын болды. Ал, сол колледждер  нарық сұранысына керек мамандарды дайындап жатыр ма? Оны бітірген жастар неге жұмыссыз сенделіп жүр?

Аян – мемлекеттік қызметкер. Осы мамандық бойынша оқуын былтыр бітірді. Ал Жансерік – менеджер. Болат болса – программист. Иә, бұл жігіттер галстук тағып, костюм киіп кеңседе шіреніп отырамыз, деді. Бірақ, болмады. Өйткені, жұмыс жоқ.

Аян Әмрин, Астана қаласының тұрғыны:

Жаңа оқу бітірген студентте қайдан тәжірибе болады? Жеке фирмаларға барсаң сұрайды, жоқ десең, «жарайды хабарласамыз», дейді. Содан жоқ.

Ал, Дулат өткен жылы отау құрды, оқуды да былтыр аяқтады. Мамандығы – қаржыгер. Бірақ, сиқырлы көк қағазы көп болуы керек қаржыгердің қазір қалтасы жұқа. Алматыда өз саласы бойынша екі қолына бір күрек таппады. Енді Елордадан қызмет іздеп, жұмыспен қамту орталығына келді.

Дулат  Шоғанбаев, Астана қаласының тұрғыны:

Қазір Қазақстан бойынша қаржыгер өте көп. Бәсеке көп. Менің мамандығым бойынша барғанда бастықтар, жұмыс берушілер еңбек өтілін сұрайды. Болмаса ешқайда алмайды.

Астанадағы жұмыспен қамту орталығына үмітін арқалап келетіндер көп. Былтыр 900 жас жұмыссызбын деп келсе, биыл жыл басынан 3000 азамат тіркелген. Ал республика бойынша былтыр халықты жұмыспен қамту органдарына 16 жастан 28 жасқа дейін 150 мың тұлға хабарласқан. Байқасаңыз, жұмыссыздар қарасы артып барады.

Бағила Орымбетова, Астана қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының маманы:

Бізге өтініш білдіретін заңгерлер, есепшілер, қаржыгерлер. Біз оларға мамандықтары бойынша жұмыс табуға тырысамыз. Бірақ, Елорда жұмыс берушілерінің еңбек нарығына байланысты бізде қызмет көрсету мамандықтары бойынша көп сұрайды. Тігіншілер, аспазшылар, менеджерлер, электрлер, дәнекерлеушілер.

Сонымен, осы 3000 адамның тек 1500-не жұмыс табылған. Ал қалғаны қайда? Не істеп жүр? Бір кездері етікші болмаймын, дәнекерлемеймін, тігіншіліктен ат тонын ала қашқан қыз-жігіттердің көбі базарда жүр. Асханадағы даяшылардың да біразы экономист, заңгерлер. Ал кезінде керек мамандықтарды меңгерген балалар...

Гүлнәр Сейітмағанбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бүгінгі таңда дәнекерлеушінің айлығы өте жоғары. 100 мыңнан да жоғары, кейбірі 3-5 мың доллар алады. Себебі маман табу қиын.  

Қазір елімізде 849 колледж бар. Оның 472-сі мемлектеттік, 377-сі жекеменшік. Оларда ұзын саны 570 мыңға тарта студент оқиды. 244 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша тәлім алады. Яғни, 40 пайызы. Соңғы бес жылда 33 орта білім беретін оқу орны жабылған. 

Ернат Жүнісов, Кәсіптік-техникалық және орта білімнен кейінгі жаңғырту департаментінің басшысы:

Басты себебі лицензиялық талаптарға сай келмеуіне байланысты жекеменшік колледждер жабылды. Сонымен бірге, республикалық шаруашылық негізіндегі мемлекеттік кәсіпорындар жоғары оқу орындарының жанындағы колледждер 18 колледж жабылды. Өйткені, мемлекеттік мүлік заңына өзгеріс енуіне байланысты олар техникалық және кәсіптік сала бойынша жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Кәсіби маман даярлауда кей колледждердің өресі жетпейді. Өйткені, қазір 849 колледждің тек 176-сында ғана дуальді оқыту енгізілген. Яғни, қалған 673-інде теория мен тәжірибе ұштаспайды. Бұл - болашақ мамандарды біліксіз етеді.

Құттықожа Ыдырысов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біздің колледждерге барсаң, баяғы МТЗ-5, МТЗ-80 деген трактор бар. Жалпы құрылысын оқытады. Ал нақты барған кезде басқа техникамен жұмыс істейді.

Өз ісінің шебері болмаған маман жұмыс берушіге керек емес. Бұл белгілі. Бірақ, балалардың барар жерін кім ойлайды?

Гүлнәр Сейітмағанбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

23 жыл болады Тәуелсіздік алғанымызға, әлі күнге дейін Білім және ғылым министрлігі, жалпы Үкіметтің тарапынынан кәсіптік-техникалық бірім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сай қайта құру мәселесі шешілген жоқ. Жылда бюджеттен біз көп қаражат қараймыз. Биылғы жылдың  мысалы, үш жылдық бюджетті қарайтын болсақ, кәсіптік техникалық  колледждерге маман даярлау үшін облыстық  бюджеттерге мақсатты трансферт арқылы басқа арқылы 40 миллиард  қаражат қаралды.

Депутат Құттықожа Ыдырысов кезінде токарь болыпты, тракторды да айдапты. «Одан жаман болғам жоқ», дейді. Қайта, сол кезде қаржыны көп тапқан көрінеді. Сондықтан, жастарды қоғамға керек мамандықты таңдауға шақырады. Әйтпесе, жұмыс табылмайды.

Мәселен, Алматы облысы Талғар ауданындағы политехникалық коллежді білетін боларсыз. 80 жылдық тарихы бар оқу орны осы уақытқа дейін 60 мың маманды даярлады. Онда да елге керек, қоғамға қажет салалар.

Жұмағали Кебекбаев, Талғар политехникалық колледж директоры:

Бүгін нарықтағы біздің дайындап жатқан мамандықтарымыз сұранысқа ие. 100 пайыз жұмыс табамыз.  Биыл 187 түлек бітіруге дайындалып жатыр. Біз кәсіпорындармен келісім жасап, желтоқсан айында оларға 6 айлық тәжірибе жұмысына жібереміз.

Қазір 225 адам емес, 500, 1000 адам оқытуға мүмкінішілігіміз бар. Үкімет жағдай жасап берсе, құрылыс салып, оқу корпусын, зертханалар салынса, бұл жерде мүмкіншілік көп.

Мысалы, Мұхитдин көпбалалы отбасыдан шыққан. Дәнекерлеуші жақсы табады деп, осы мамандық бойынша тәлім алып жүр. Әрі өзіне ұнайды. Ал Аида – болашақ тігінші. Есепші болғысы келмейді.

Аида Оразкелді, студент:

Шыны керек, ондай мамандықты таңдасаң, жұмыс табу қиын. Таныстар арқылы сол мамандыққа тұрасың. Атақты болу өте жақсы, бірақ күнінен бір адамға киім тігіп, біреуге бақыт сыйласаң, бұл одан асқан  бақыт, деп ойлаймын.

Кәсіби колледжден жылына 25 тігінші шығады. Бұл аудандағы фабрикаларға жеткіліксіз. Сондықтан, әлі талай кадр керек. Тобықтай сөздің түйіні.

Бізде банкир, заңгер, қаржыгер көп. Бірақ оларға жұмыс жоқ. Ал тігінші, дәнекерлеуші, аспазшы аз. Бірақ оларға жұмыс бар. Яғни, еңбек нарығында тепе-теңсіздік бар.

«Балалардың жұмысқа орналасуын бірде-бір мемлекеттік орган ойламайды. Сондықтан, мемлекеттік тапсырыспен оқыған балалардың жұмысқа орналасуы мемлекетке міндеттелсе», дейді депутаттар. Өйткені, кәсібі бардың нәсібі бар. Жұмыссыздық кету үшін, молшылық жету үшін Аян, Дулат, Болатқа жұмыс керек. 

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу