Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Корольдігіне ресми сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Корольдігіне ресми сапармен барды

12.10.2014
Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Корольдігіне ресми сапармен барды

Бүгінгі жаһан сахнасында болып жатқан саяси мәселелерге әлеммен сәлемің түзу, қабақ шытып қату болмай, өзге елдермен тату болу – бүгінгі бейбіт өмірдің берекелі жалғасы үшін қажет.

Сондықтан, «құшағыңды аш, Еуропа!», дедік осы аптада. Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Корольдігіне ресми сапармен барды. Қазақстан мен Еуропа одағы 4 жыл бойы әзірленген, 280 беттен тұратын экономикалық және саяси байланыс орнату туралы келісімге қол қойды.

Бұл Еуропалық одақ – 28 мемлекетті біріктірген, 373 миллионнан асатын халқы бар ірі саяси һәм экономикалық бірлестік. Ал бұл қадам - Брюссель мен Мәскеудің қазіргі бұйығы байланыстарына қарағанда, Қазақстан мен Еуроодақты бір-біріне етене жақындатпақшы, дейді саясаттанушылар.

Мәселен, Еуроодақ пен Ресейдің осыған ұқсас келісім жасау әрекеттеріне энергетикалық нарықтағы келіспеушілік, Украинадағы қантөгіс пен Мәскеудің Киевтің Брюссельге жақындауына қарсылық көрсетуі кедергі келтіріп тұр.

Еуропалық одақ – жаһандағы ең ірі әрі ықпалды, ынтымағы берік ұйым. Қазақстан – біздің мемлекет. Халқының саны өсіп, экономикасы да ілгері басып, сыртқы саясатын қажымай-талмай бүтіндеп келе жатқан ел.

Қазақстан үшін  Еуроодақ саяси һәм экономикалық негізгі әріптестердің бірі. Рас, тонның ішкі бауындай, бірге туған бауырдай тығыз араласып жатқанымыз жоқ. Бірақ, ынтымаққа қадамдап болмаса да табандап жылжып келеміз. Хош.

Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Мануэл Баррозу. Кездесті, қол алысты, пікір алмасты. Екеуара әңгіменің өзегі әрине, Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы жаңа келісімнің мәні. Бір сөзбен айтсақ, ұйыммен Қазақстан өзара ынтымақты кеңейтіп, мықтай түспек.

Бұл – Қазақстан мен Еуропалық одақтың кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық  туралы келісімді түзу үшін жүрген келіссөздердің аяқталғанын білдіретін құжат.

Сондай-ақ, Қазақстанның ДСҰ-на кіруі жөніндегі Еуроодақпен келіссөздері аяқталды. Нәтиже бар. Ол туралы сәл кейінірек. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Еуропалық одақтың дипломатиялық қатынас орнатқалы жиырма жыл өткенін, жемісті болғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанның сыртқы саудасының 50 пайызы мен елімізге келген және экономикамызды көтерген тікелей шетелдік инвестициялардың 50 пайыздан астамы ЕО елдерінің үлесіне тиеді. Қазақстан өз кезегінде біріккен Еуропаның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды.

Сол ірі серіктеспен енді жаңа келісім түзіліп отыр. Ынтымақ тереңдей түспек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан – Еуропалық одақпен екінші буын келісіміне қол қоятын Орталық Азиядағы бірден бір мемлекет. Бұл біздің Еуропалық одақпен диалогтың жаңа сапалы деңгейге шыққанын айғақтайды және серіктестігіміздің стратегиялық сипаты мен кемелденгенін көрсетеді.

Президент ұйым мен Қазақстан ынтымағының қыр-сырын түгел қамтыған мықты заңнамалық базаның қалыптасқанын да атап өтті. Халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін саяси диалог, білім, денсаулық, мәдениет, инновациялар, құқықтық сала, терроризмге қарсы тұру, ұйымдасқан және трансұлттық қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен күресте ынтымаққа ниет бар.

Жаңа келісім өңірлік қарым-қатынасты да айналып өтпеген. Сауда-саттық мәселесі жаңа келісімнің негізгі мәндерінің бірі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ол Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі аясында қабылдайтын, сондай-ақ, Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт аясында қабылданған міндеттемелерін ескерген.

Тараптар арасында виза режимін жеңілдету туралы келісімді Реадмиссия туралы келісіммен бір мезгілде әзірлеу мүмкіндігі туралы уағдаластық Қазақстан мен ЕО қарым-қатынасындағы нағыз серпілістің бірі болғанын айрықша атап өткім келеді.

Бұл келісім – Қазақстан мен Еуропа кәсіпкерлерінің табысты қызметіне  қажет жағадай жасайтын практикалық құрал.  Президенттің тұжырымы осындай. Біздің елмен байланыстың тереңдеуіне Еуропалық комиссия да ынталы. Жозе Мануэл Баррозу былай деді:

Жозе Мануэл Баррозу, Еуропалық комиссия төрағасы:

Қазақстан қазіргі кезде Еуропалық одаққа сауда-экономика саласында ғана емес, өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту саласында да маңызды серіктес болып саналады. Және біздің ынтымақтастығымыз кеңейіп келеді.

ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісім барынша берік саяси, экономикалық және стратегиялық өзара іс-қимылға едәуір септігін тигізеді, сондай-ақ, тауар айналымы мен тараптар арасындағы инвестицияларды қамтитын болады.

Жозе Мануэл Баррозу Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинадағы ахуалды реттеудегі рөлін де атап өтті. Соңынан бұл сапардың маңызды болғанына тоқталып, қазақ Президентіне алғысын білдірді. Енді бекіген екі келісімнің мән-маңызы туралы қысқа да нұсқа.

Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Бұл келісімнің сауда-саттыққа қатысты бөлімі елеулі түрде жаңартылғанын ерекше айтып өткім келеді. Ол тек қазіргі ахуалды ғана ескеріп қоймай, болашаққа да жол бастайды. Тұтастай алғанда Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісім Қазақстанның 2050-ші жылға дейінгі стратегиялық жоспарды жүзеге асыру үшін қажет қимылдарға жаңа сала ашады.

Жанар Айтжанова, ҚР Интегрциялық даму істері жөніндегі министрі:

Екінші құжат ол осы Қазақстан мен Еуроодақтың арасында екіжақты келіссөздердің бүгін аяқталуы туралы. Ол біздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру бойынша өткізіп жатқан келіссөздеріміздің ең бір маңызды бөлігі болып саналады. Және біздің осы келіссөздерді жылдың соңына дейін бітіруге ықпал етеді.

Еуроодақпен біз, атап айтқанда экспорттық баждарды, импорттық баждарды сауда саласында қандай шаралармен қолданатынымызды, қандай деңгейде қолданатымызды және қызмет көрсету саласында мысалы қаржы саласы, телекомуникация саласы еуропалық компаниялар қандай жағдайда біздің еліміздің экономикасына инвестиция жасай алады, сол туралы шарттар туралы келісімге келдік. 

Қазақтың Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы үшін қажет келіссөздер әлі де жалғасады. 30 мемлекет тұр. Министр ханым бұл келісімдер жыл соңына дейін техникалық деңгейде дайын болады деп пайымдайды. Еуроодақ секілді үлкен ұйыммен ымыраға келген Қазақстанның бұл міндетті де еңсереріне күмән жоқ.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу