Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркия жұртына ресми сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркия жұртына ресми сапармен барды

16.09.2018

Бай бейсенбіде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркия жұртына ресми сапармен барды. Бауырлас елдің басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен және түрік экономикасының тірегіне баланған 25 компанияның басшыларымен кездесіп, екі елге де олжа салатын біраз келісімге келді. Жалпы, қазақ пен түрік қарым-қатынасының қазығын қағып, байланыстың соқпағын салған қос тұлға бар. Оның бірі Нұрсұлтан Назарбаев болса, екіншісі Тұрғыт Озал, Түркияның сегізінші президенті. 1991 жылдың желтоқсанында алаш баласының азаттық тойына алыста жатса да, Анадолы елі бірінші болып қуанған еді. Тұрғыт Озал біздің Парламент тәуелсіздікті жариялаған соң, тура бір сағат өткенде өзінің әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевқа қоңырау шалып, қолдау білдірген. Азаттығымызды алғаш болып таныды, елдің алды болып, Алматыдан елшілігін ашты. Міне, ширек ғасырдан асты, Кіші Азия түбегіндегі Түркия мен Қазақстан арасында алыс-беріс тоқтаған емес. Экономикалық тұрғыда етене араласып, саяси тұрғыда серіктеспіз. Халықаралық алаңда бір-бірінің бастамасын қолдап-қуаттап, қолтықтан демеп, қолғабыс қылудан танған емес. Себебі, біздің түбіміз бір, тіліміз ұқсас, дініміз ортақ, мәдениетіміз жақын. Бауырлас қос мемлекеттің бір-біріне деген ізет-ілтипаты бәлкім осы рухани, тарихи жақындықтан болар? Жыл өткен сайын екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 20 пайызға артып отырады. Қазір ол 2 млрд. долларға жуық. Бұдан бөлек, екі ел арасында 24 бірлескен компания жұмыс істейді. Оған құйылған инвестиция көлемі 28 млрд. доллар.

 

Айдос ӘШІМҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу