Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының кезекті саммиті өтті

14.09.2014
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының кезекті саммиті өтті

Шанхай ұйымында ынтымақтасқан алты мемлекеттің басшылары осы аптада Душанбеге жиылды. Бұл ұйымға биыл 13 жыл, 2001-ші жылы құрылған еді. Шанхай кеңесінде терроризмге қарсы күрес, шекара қауіпсіздігі, есірткі айналымын тежеу, сепаратизм мен экстремизм қаупінің алдын-алу секілді күрделі мәселелер талқыға түсті.

Бұлар бір елге ғана емес, халықаралық деңгейге көтерілген жарадай ушыққан кеселдер. Қазақстан Президенті 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын түзу - ұйым қуатына қуат қосып, ынтымақты мықтай түсерін айтты. Қазір құжат талқылау деңгейінде, бұйырса, бір жылдың шамасында қабылдануы мүмкін.

Нұрсұлтан Назарбаев ұйым шеңберінде қауіпсіздік мәселесінің ең маңызды басымдық екенін атай келе, шекара жөніндегі ынтымақ пен өзара іс-қимыл туралы келісімді ертерек бекіту қажетін айтты. Бұл келісім Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің шекараларында сенімді нығайтуға ықпал етер еді. 

Азия құрлығында террорлық шабуылдардың ең соңғысы Қытайда болды. Елді дүрліктірмеу үшін  билік мұндай деректерді құпия ұстайды. Бірақ, лаңкестердің амбициясы барған сайын күшейіп келеді. Мемлекет ішінен мемлекет құрғысы келеді. Тіпті, Қытай секілді азулы елдің билігі радикалды топтармен күресте – әлсіз.

Дмитрий Мезенцев, Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының  Бас хатшысы:

ШЫҰ-ға кіретін елдердің қай-қайсысы да лаңкестердің шабуылына тап болып отыр. Бірақ, біз қандай жағдайда да заңды жолмен күресуіміз керек.

Кейбір сепаратистік топтардың құрылымдану тарихы ғасырларға тартады. Тамыры құрлықтан құрлыққа жайылып кеткен. Сондықтан, алты мемлекет жаһандық қауіп-қатерге жұмыла  қарсы тұруға келісті, ШЫҰ құрды. Құрылым бір мүшелді еңсерді.

Алтылықтың құрамында азиялық төрттік Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан  мен Тәжікстан екі  ядролық алпауыт  Қытай мен Ресей бар. Бес ел -Ауғанстан, Үндістан, Иран, Моңғолия мен Пәкістан бақылаушы. Үш ел диалог жөніндегі әріптес. Бұл – Беларусь, Түркия, Шри-Ланка.  Жиыны 14 мемлекет Жер шары халқының тең жарымын құрайды. 

Төрағалық  мәртебесі биыл Тәжікстанда. «Алтылық» көшбасшылары Душанбеде бас қосты. 

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:

ШЫҰ  жыл сайын  аймақтағы  ықпалы күшейіп  келеді. Бірақ, біздің мемлекеттерімізге бетпе-бет келіп отырған қауіп-қатердің  сипаты да  өзгеріп, олармен күрес жолдары да  күрделеніп келеді.  

Ұйым бірінші кезекте әскердің  әлеуетін еселеуді көздейді. Дүркін-дүркін әскери оқу-жаттығуларын өткізеді. Мұны Батыс елдері  сес көрсету деп түсінгенмен, «алтылықтың»  ішкі түйіткілдері жетіп артылады.  

Душанбе саммитінде экстремизм, сепаратизм,  террорлық топтарды жою, кибер қылмыстар, ақпараттық шабуылдар,  есірткі тасымалын тыю жайы  талқыланды. Алайда, 6 президент оңаша отырып ақылдасқан  кеңестің толық нұсқасы таратылған жоқ.  Бірақ, Қазақ Президентінің бұл жиында шекара мәселесін көтергені белгілі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз шекара мәселелері бойынша ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы келісімге тезірек қол қойылуын күтеміз. Бұл құжат ШЫҰ-на  мүше мемлекеттер арасындағы шекаралар аумағында сенім шараларын нығайтуға септігін тигізеді.

Шанхай  алтылығы  «тұйық әскери блок» деген  қасаң түсінікті  тас-талқан етті. Душанбеде мемлекет басшылары құрылымға мүше болу тәртібін жеңілдетті. Ұйымға кіргісі келетін елдерге қойылатын талаптар тізілген типтік меморандум жаңа нұсқада  бекіді. 

Ендеше, Шанхай алтылығы  келер жылы жетілікке немесе бірден  сегіздікке айналуы мүмкін. Құрылым кеңейу арқылы геосаяси ықпалын  күшейте түспек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл шешім  ұйым құрамына   жаңа  мемлекеттерді қабылдауға  мүмкіндік береді.  Бүгінде Пәкістан мен Үндістан ресми түрде өтініш берді. Олар мүшелікке  алғашқы  үміткер бола алады.

Ал, Иран  альянс құрамына өту үшін  екі мәрте  өтініш берді.  Бірақ, алтылық БҰҰ-ы  Ислам еліне  салған  санкциядан аттап өтпейді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тегеран мен алтылық елдері  биылғы жылдың қараша айында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ұзақмерзімді келісімге келе алады деп үміттенеміз. Иран сол кезде  ғана  ұйым құрамына кіре алады.

ШЫҰ  жаһандық  экономикадағы   сәтсіздіктерге де лайықты жауап қатпақ. Ұйым  әскерилердің  әлеуетін біріктірумен қоса,  аймақтағы елдердің нарықтарын  қорғап қалғысы келеді.

Енді он жылдан кейін ауа райының  ауытқуынан тамақ  өндірісінің көлемі қысқарады. Мұндай беталыс ШЫҰ аясында  арнайы  «Ынтымақтастық» бағдарламасын  құруды қажет етеді. Өйткені, 14 елде   тұтынушылар  саны - 3 миллиард.

Қытай соңғы кезде  «алтылық»  ортақ экономикалық жобаларды қаржыландыруы үшін  Шанхай ұйымының даму банкін  құруды ұсынып  жүр. Бұл тұста Ресей кішкене шеткіншектейді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

ШЫҰ-ның  іскерлік кеңесінің  және банкаралық  бірлестіктерінің  жұмысын жандандыру керек. Ортақ  жобалардың жүзеге аса бастауы осы институттардың тиімді жұмысының көрсеткіші бола алар еді.

Қазақ Президенті Душанбеде халықаралық құрылым назарын екі   мәселеге аударды. Біріншісі,  ШЫҰ Энергетикалық клубының  жұмысын жандандыру. Клубқа биыл - Қазақстан төраға.

Сол мәртебені  пайдалана отырып еліміз «алтылық» назарын Астанада өтетін EXPO көрмесіне аудармақ. Екінші міндет - аймақты  су дауынан сақтандыру.  Бізді көктей өтетін трансшекаралық суқоймаларды  Қытай да,  Орталық Азия  елдері де таласа жаратып жатыр.

Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мен Тәжікстанның бір-біріне қырын қарауының   сыры да суды бөлісе алмауда жатыр. Тіршілік нәрін  тең жаратудың  Қазақстан үшін үлкен әлеуметтік, экономикалық, экологиялық астары бар.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шанхай  Ынтымақтастығы Ұйымының  аясында су комитеті  құрылғаны дұрыс.

Тәжікстанда көшбасшылар тарихи құжатқа қол қойды. «Наурыз»  сарайында  саммиттің басты құжаты Душанбе деклорациясы бекіді. Бұл мәлімдемеде президенттердің ортақ ұстанымы бар.

Кәсіби  құжатта Шанхай ұйымы аймақтағы ахуалға, халықаралық  жағдайға дипломатиялық ізетпен баға береді. Мемлекет басшылары Украинадағы ахуалды бейбіт реттеудің маңыздылығын айтады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Дағдарыстың ауқымы мен әсері әлдеқашан Украинаның шегінен шығып кетті. Шығыс Украинадағы ахуал кезек күттірмейтін шаралар мен әрекеттерді талап етеді. Түйткілді шешудің ұзақмерзімді бірден-бір жолы – саяси диалог.  

Ауғанстан төңірегінде  «алтылықтың» ұстанымы  сол күйінде. Елдер БҰҰ  орталық үйлестіру рөлін қолдайды және өз болашағын халық өзі айқындауы керек ойдан таймады.

Ал, Таяу Шығыс, Сирия, Ливия, Ирак, Палестина мен Израиль арасындағы алауыздыққа  Шанхай  ұйымындағы  елдер  ерекше алаңдайды.

Көшбасшылар  ұйымның  жиыны тоғыз  құжатын бекітті. Олардың дені  нормативтік базаны жетілдіруге бағытталған. Ал, үкіметтер деңгейінде халықаралық автокөлік тасымалына жағдай жасау жөнінде келісім бекіді.

Бұл құжат жүк  тасымалын бірден 2 есе  ұлғайтуға мүмкіндік береді.  Ұйымға төрағалық  тізгіні Ресейге өтті. Келер жылы 14  елдің туы Ресейдің Уфа қаласында  көтеріледі.

Осы сапарда  Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесті.  Екі көшбасшы сауда, инвестиция, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жайын талқылады. Екі елдің алыс-берісі алты айда 325 миллион долларды құраған. 

Саммит аясында Нұрсұлтан Назарбаев Ресей  президентімен де  пікірлесті.      Мемлекет басшылары   тамыз айында Минскіде өткен  Кеден одағы елдері мен  Украина және  Еуропалық одақ өкілдері  арасында болған   уағдаластықтардың орындалуын  сөз етті.

Ал,   Қытай Халық Республикасының төрағасымен   арадағы келіссөздер кезінде Қытаймен арадағы отын-энергетикалық,  көлік-транзиттік  ынтымақтастық  жайы қарастырылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинді Қытай Халық Республикасының 65 жылдығымен құттықтап көрші  халыққа бақ-береке тіледі.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу