Жібек жаз туса, ең көп тынығатын екі топ бар біздің елде. Бірі - депутаттар, енді бірі - ұстаздар. Мұғалімдер күні-түні көз майларын тауысып, қағаз жазумен қалжырап жүріп, бала оқытады. Халықтың қалаулылары заң қабылдап, «шаршайды».
Дегенмен, үш ай жаздың екі айын демалысқа арнайтын депутат мырзалар бұдан былай аз тынығады. Мемлекеттің басшысы осы сейсенбіде депутаттарға жазғы демалыс мерзімін қысқарту туралы ұсыныс айтты.
Парламенттің төртінші сессиясының ашылуына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев дәл қазіргі уақыт бейқам жүріп, жайбарақ жататын кез емес екенін ескертті. Себебі сіздерге де мәлім.
Жаһандық саясат - ұстараның жүзіндей қылпылдап тұр. Саяси жағдай тұрақсыз. Әрі заң шығарушы органның қоржынында жатқан құжаттардың салмағы да зіл батпан.
Жаз бойы демалған депутаттар алып ұшып қауышты. Арқа-жарқа амандасып, құшақ айқастырған соң Парламенттің 5-шақырылымының 4-ші сессиясы төтенше кезеңде ашылып отырғанын айтты Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Парламенттің жаңа сессиясы қиын жағдайда басталып отыр. Әлемдік экономикадағы тұрақсыздық, геосаяси жағдай, оның ішінде Украинадағы оқиғалар халықаралық қатынастардың күрделенуі түрлі тәуекелді тереңдете түсуде.
Әлемдік ІЖӨ-нің 60 пайызын өндіретін мемлекеттер бір-біріне қарсы санкция қолданды. Осының барлығы қалыптасқан экономикалық жағдай мен халықаралық қатынастарға айтарлықтай түзетулер енгізетін болады.
Рас, қазір дөңгеленген дүние сәт сайын өзгеруде. Таяу Шығыстағы шырғалаң мен Араб әлеміндегі ауыр жағдайды айтпағанда, Украинаның өзі уайым болып тұр. Ал төрткүл дүние осылай төңкеріліп жатқанда, аяқты аспанға асып, арқаны кеңге салу ешбір жұртқа жараспайды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз бәріміз – мен, Үкімет, Президент Әкімшілігі, барлық атқарушы органдар – күн сайын интенсивті режимде жұмыс істейміз. Сондықтан, сіздерге жазғы кезеңде де, сол сияқты жыл бойына да депутаттық каникулдың уақытын қысқарту туралы өтініш білдірмекпін. «Нұр Отан» партиясының фракциясы бұл мәселені сіздермен бірге мұқият зерттейді, деп ойлаймын.
Президент тынығып келгендерге тың ойлар тастады. Тыңдап алыңдар деп емес, тиянақты іс атқарыңдар деп. Ал Үкіметтегі өзгеріс өсек-аяңнан құтылу үшін жасалған. Оны сөз етудің қажеті жоқ. Үмітті ақтар деп Үкіметке көп құзырет берілді. Бірін-бірі қайталайтын қызмет жойылды. Енді тек жалтақтамай жұмыс істеу керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бір құжатты орындау қиямет-қайым. Төменнен жоғары қарай сегіз, жоғарыдан төмен қарай тағы да сегіз саты бар. Қағазбастылық үш-төрт есе көбейген. Министрліктер өздеріне жауапкершілікті алмайды. Жоғарыға сілтейді. Соңғы өзгерістер осының бәріне нүкте қоюы тиіс.
Қоғам дауына кедергі келтіріп отырған бір дерт – жемқорлық. Президент осы қылмыспен күресті күшейту үшін қажетті заңдарды қайта қарап, стратегиялық маңызы бар құжат әзірлеуді жүктеді.
Сосын халықаралық тәжірибеге сай арбитраж туралы заң қабылдап, көші-қон, агрокешенді дамыту, кәсіпкерліктің өрісін кеңейту, білім беру мен жер қойнауын пайдалануға қатысты заңнамаларды уақыт тезіне салып, қайта қарауды тапсырды.
Андрей Бегенеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бізде мемлекеттік бағдарламалар өте көп. Соның бәрі бірнеше сатылардан сұрыпталғанша уақыт өтіп кетеді. Президент бұл мәселені өте дұрыс және дер кезінде көтерді.
Асхат Күзеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Миграция жөнінде біз өткен сессияда да өзгерістерді қабылдағанбыз. Бірақ, оның бәрі толық емес. Біз өзіміз сол заңды қараған кезде де көп сұрақ туындап, кездесулерде де айтылған. Соны міне, Елбасы да ескеріп, өзінің қайта қарау керектігі туралы ұсынысын, тапсырмасын берді.
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Шағын бизнес, орта бизнес, барлық бизнеске жеңілдік жасау, оларға арналған құжаттардың өзін алдағы жылдары тағы да 50 пайызға қысқарту туралы мысалы мәселе көтерілді. Осының бәрі бір-бірімен байланысты.
Экономиканың өзі әлеуметтік мәселелермен байланысты. Қандай жағдай болмаса да, қандай қиындық болса да, әлеуметтік әл-аухатымызды осалдатып алмайық деген ойды айтты. Соған қажетті заңдардың бәрін қабылдау керек.
Партиялық тізіммен Парламенттің партасына жайғасқан депутаттардың бұл сессиясы қауырт болатын секілді. Өйткені, Президент жүктеген міндеттерге қатысты кейбір заңның алды Парламенттің қоржынына түсіп үлгерді.
Осы аптада депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заң мен «Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату туралы» екі бірдей жауапты құжаттың тұсауын кесіп, жұмысқа қабылдап алды.
Айбек ҚОБДАБАЙ