Үстімдегі мына жейдеге қарап, Бразилияның жанкүйері деп ойлап қалмаңыз. Бұл қоңыртөбел экономикалық жағдайына қарамастан кемшілігін жасырып, кереметін асырып, төрт жылда бір келетін дүбірлі доп додасын абыройлы өткізген Бразилияға деген құрметім.
Ойқастап жүріп оқыста жарақат алып, миллиондаған жанкүйерінің үмітін ақтай алмаған Неймарға деген құрметім. Бір ай бойы футбол тойын сыйлаған, сіз бен біздің ұйқымызды «ұрлаған», бірімізді қуантқан, бірімізді жылатқан Әлем чемпионаты да аяқталуға тақау. Бір қимастық бар көңілде.
Бүгін түнгі 1:20-да жеңімпаз құрама анықталады. Германия мен Аргентина кездеседі. Қос команданың жанкүйерлері қазір баласы атқа шапқан адамдай алаңдаулы.
2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен Әлем біріншілігінде Германия құрамасы Аргентина футболшыларын 4:0 есебімен ойсырата ұтқан. Жарайды, тарихты қойып, дәл қазір Латын Америкасына аттанайық. Мықтылар жолығысқан соңғы жартылай финал ойындары қалай өтті?
Мейіржан Әлібекұлы, тілші:
Қазір Бразилияда қыс мезгілі. Қыс болғанда, әлбетте сақылдаған сары аязды Арқаның қысындай емес. Ағаштар гүлдеп тұр.
Белу-Оризонти қаласы. Биік мұнараларымен мен мұндалаған шаһар. Атлант мұхитының самал лебімен тыныстап жатыр. 2 миллионнан аса тұрғыны бар. Атақты «Крузейро» мен «Атлетика Минейро» клубының талай футболшысы шыңдалған «Минейрао» атты стадионы бар.
200 миллион түтіні бар Бразилия теңбіл допқа арбалған мемлекет. Ес білген баладан еңкейген қарияға дейін футбол жанкүйері. Мемлекетшіл. Әр көлікте елдің жалауы. Әр үйде футбол тойы.
Мейіржан Әлібекұлы, тілші:
Бразилиялықтарды патриот демей көріңіз. Орталықтарды айтпай-ақ қояйын, қалтарыс қуыстағы көше тұрғындарының өзі қабырғаларына өз елдерінің байрағын іліп қойған.
Бразилия-Германия матчы бастала қоймаған сәт. Мына жанкүйердің қуанышы көкке сыймай жүр. Болжам есептер жазылған қағаздардың бірін жасы үлкен кейуанаға суыртып еді, қарияның қолы «Бразилия Германияны 2:0 есебімен жеңеді» деген болжамды тапты. Жанкүйерлер қуанбай көрсін.
Бразилия жанкүйерлері көп, ал стадион жалғыз. Сондықтан, стадионға сыймағандары сүйікті футболшыларының ойынын мынадай барлардан тамашалап жүр.
Әрине, Белу-Оризонтиға жиналған сан мыңдаған жанкүйер де, билет таппай мына аядай дәмханада бас қосқан өзге тұрғындар да «Минейрао» стадионы өз футболшыларына сәтсіздік әкелетінін сезген де жоқ. Көкіректерін асқақ рух кернеп тұр. Албырт жүз бақыттан бал-бұл жанды. Бразилия – жеңеді деп сенді. Бірақ, арман атты арғымақ сүріне құлады.
Немістер кек қайтарды. 2002 жылы Жапония мен Оңтүстік Кореяда өткен Әлем чемпионатының финалында Бразилия Германияны 2:0 есебімен ұтқан еді. Немістер өкініштің запыранын жұтқан еді. Бұл жолы олар алаң иелерін аямай жазалады. Кек алды. Масқара қылды.
Жанкүйер:
Шыдамадым. Командамның масқара болғанына шыдай алмай, стадионнан ерте шығып кеттім.
Жанкүйер:
Бразилия бізді жерге қаратты. Футболшыларда ұйымшылдық болмады. Бәрі жан-жақта далақтап шауып жүрді. Қорғаныс өте әлсіз болды.
Жанкүйер:
Менің атам Бразилияның тағы да чемпион болғанын армандайтын. Бірақ, төрт жыл бұрын қайтыс болған еді. Өз елінің бұлай ұятқа қалғанын көрмей кеткені жөн болды.
Жанкүйер:
Мен енді немістерге жақ боламын. Мен үшін бұдан былай Бразилия қомандасы деген жоқ.
Жастардың өктем шыққан өкпе-реніші қақтығыстарға себеп болды. Трагедиялы матчтан соң Белу-Оризонти, Рио, Сан-Паулу секілді қалаларда ашынған жастар көліктерді өртеп, дүкендерді тонады. Команда жейделерін отқа жақты. Сорақысы - ұлттық байрақтарын өртеді. Футболшылардың көз жасы оларға тоқтау бола алмады
Давид Луис, Бразилия ұлттық құрамасының қорғаушысы:
Бүкіл Бразилия халқынан кешірім сұраймын. Бізді қара басты. Бүгін немістер өте жақсы ойнады. Біздің құрама үшін бүгін нағыз қайғылы күн.
Бразилияның ірі жеңілісінен соң, ғаламторда мазаққа толы бейнекөріністер де пайда болды. Онда омыртқасы сынып, төсекке таңылған Неймар, сары қағаз алып ойыннан шеттетілген команда капитаны Тяго Сильва, алаңда түк бітірмеген Халк пен еңірегенде етегі жасқа толған халық бейнеленген. Сөйтіп, елден алғыс емес, қарғыс арқалаған Бразилия футболшылары кеше үшінші орын үшін болған ойында Нидерланд құрамасынан да ұтылды.
Сан-Паулу. 11 миллион тұрғыны бар. Оңтүстік жарты шардағы ең ірі шаһар мұхиттан 70 шақырым жерде тұр. Екінші жартылай финал ойыны дәл осы қалада өтті.
Мейіржан Әлібекұлы, тілші:
Латын Америкасындағы азулы командалардың бірі - Аргентина. Ал олардың бүгінгі қарсыласы- Нидерланд. Осы екі команда айтылса, көз алдымызға ауыздығымен алысқан қос сәйгүлік елестейді. Бүгін қайсысы оза шабар, оны бірер сәттен кейін мына стадионнан көре аламыз.
Бұл - атақты «Арена Коринтианс» стадионы. 65 мың көрерменді емін-еркін сыйғызды. Әйгілі Мародонна мен Марко Ван Бастеннің інілері бұған дейін 9 рет кездесті. Төртеуінде Голландия басым түссе, біреуінде ғана Аргентина жеңген. Төрт рет тең түскен.
Жанкүйер:
Голландия жеңеді. Өйткені, біз мықтымыз. Үш рет финалист болған едік. Осы жолы қалайда чемпион атануымыз керек.
Жанкүйер:
Меніңше, бүгін Аргентина жеңеді. Марадонна солай айтты, біз оған имандай сенеміз. Әрі Месси бізді жерге қаратпас.
Мейіржан Әлібекұлы, тілші:
Стадионның ішіндегі футбол аурасы өте керемет. Жанкүйерлердің шуынан шыны керек құлақ тұнады. Дәл қазір Месси бастаған Аргентина және Роббен бастаған Голландия футболшылары матч алдындағы әзірлікке кіріскен. Ал менің соңымда Аргентина жанкүйерлері шулауда. Құлақ тұнады.
Ойын аса тартысты бола қоймады. Арғы жақтан Месси, бергі жақтан Роббен қарсыластың қақпасын торығанымен, есеп қосымша уақытта да ашылмады. Соңғы нүкте - пенальти.
Аргентина пен Нидерланд арасындағы ойынның пенальтимен аяқталуы алғаш рет емес. 1978 жылы Буэнос-Айресте өткен финалда Аргентина футболшылары Нидерланд құрамасын пенальти арқылы жеңіп кеткен еді. Бұл жолы Марадонна жерлестерінің бұл лотореяда тағы жолы болды. Сонымен, соңғы сәт те тақады.
Мейіржан Әлібекұлы, тілші:
Бүгін финал. Алайда алаң иелері - Бразилия үшін Әлем чемпионаты кешегі сейсенбіде-ақ аяқталып қойған. Олардың кеудесіндегі үміт оты өшті, алаңға апарар жол жабылды.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ