Біз бүгін жетімдер тағдырына тағы үңілеміз. «Жерде бір жетім жыласа, көкте мың періштенің налитынын» жиі ұмытатынды шығардық, себебі. Өзге елдер жетімін жебеп, шетке шашау шығармай, өзінде алып қалуға тырысып жатқан сонау 1999 жылдары біз 8 мыңнан аса панасыз балаларымызды мұхит асырдық.
Біздің құзыретті орындар: «Шетелдіктер асырап алған қазақ баласының ол елге барғанда азаматтығы ауыспайды. 18 жасқа толғанда бала қай елде қалатынын өзі шешеді. Егер Қазақстанға қайтып келгісі келсе, жолы ашық» дейді.
Дегенмен, сол жақта оң-солын танып, сол жұрттың тілі мен дінін бойына сіңірген қазақ баласы 18-ге келгенде еліне деген мейірімі жанын мазалар ма екен? Жоқ әлде, күні ертең сол мұхит асып кеткен балаға «мендей жетім баланы өз Отаным кезінде керексінбей шетке сатып жіберген» деген ой келіп, жүрегіне өшпенділік ұялап жүрмей ме? Біз осыдан қорқамыз.
Қазақтың жерінде, қазақтың ұғымында «жетімдер үйі» деген болмаған. Бала анасыз, панасыз қалса да, ағайынынан ажырамаған. Жетімін жылату - елдікке сын, сүйекке таңба болды. Осы күні еліміздегі арнайы мекемелерде 40 мыңнан астам жәутеңкөз тәрбиеленіп жатыр. Олардың 80 пайызға жуығы - тастанды балалар екен. Дегенмен, бір қуантатыны - жыл өткен сайын балалар үйлері де жабылып жатыр. Жетімдерді асырап алуға ықыластылар көп.
Ол Абайды сүйіп оқиды. Өлеңдерін жатқа айтады, мүдірмейді. Шынашақтай ғана орыс қызының қазақ тіліне, қазақ әдебиетіне деген ынтасы зор.
Лилия Гребенюк, балалар үйінің тәрбиеленушісі:
Мен сабағымды тек 4-5-ке оқимын. Маған қазақ тілі және әдебиет пәні ұнайды. Орысша білмеймін.
Лилия Гребенюк - балалар үйінің тәрбиеленушісі. 5 оқиды, 5-ке оқиды. Жайдары бала... Кіп-кішкентай болса да, арманы асқақ. Өзіне, алып шығар біліміне сенеді. Ұлы мамандық иесі - ұстаз болуды армандайды.
Лилия Гребенюк, балалар үйінің тәрбиеленушісі:
Менің арманым - мұғалім болу. Бимен айналысамын. Қобыз тартамын және ән айтамын.
Астана қаласындағы жетім балалар үйінде Лилия секілді 200-ге жуық жетім бар. Бірі - тұл жетім, енді бірі - тірі жетім. Олардың өз әлемі бар.
Арман Масин, балалар үйінің тәрбиеленушісі:
Бүкіл дүниежүзінде жетім балалар болмасын. Әр бала өз отбасында тәрбиеленсін.
Арманның тілегі - бұл. Жетімі жоқ ел бақытты. 2012 жылы ел бойынша - 14, 2013 жылы - 10 интернат жабылған. Өткен жылы жетімдер 1008 балаға азайды.
Арман қазір 9-шы сыныпта оқиды. Әнді жақсы айтады. Биыл қалалық «Шаттық» байқауына қатысып, үшінші орын алды.
Арман Масин, балалар үйінің тәрбиеленушісі:
Мен 9-шы сыныптан кейін политехникалық колледжге бағдарламашы мамандығына түспекшімін. Компьютер тілін жақсы меңгеріп, әншілікті де бірге алып жүргім келеді.
Жер бетіндегі әр баланың бақытты болуға құқы бар. Арманның жаны қайырымдылыққа құштар.
Арман Масин, балалар үйінің тәрбиеленушісі:
Балалар үйіне тапсырмаушы едім. Кедей-кепшікке көмегімді аямас едім. Кемтар болып туған балаларға көмек берер едім. Бұл өмірде балалар бақытты болуы үшін бәрін істеуші едім.
Арманның тұла бойы толған мейірім. Жасөсіпірім емес пе, ел туралы да ойлайды. Елдің ордасын мақтан тұтады...
Арман Масин, балалар үйінің тәрбиеленушісі:
2017-де Астанада EXPO өтеді. Сол үшін біздің қаланы таңдағанын мақтан етемін.
Лилия мұнда жалғыз емес. Оның Галия және Рамазан дейтін бауырлары бар. Бір анадан, бір күнде туған үшем үнемі бірге.
Лилия Гребенюк, балалар үйінің тәрбиеленушісі:
Бірге ақылдасамыз. Бір-бірімізді күлдіртеміз. Ойнаймыз.
Әр баланың қорғаны – ата-анасы. Бұл жердегі балдырғандардың қорғаны - мемлекет, әрине, әке-шешенің аялы алақанын ақша да, басқа да айырбастай алмайды. Дегенмен, жүйелі тәрбие көріп өскен бұл жасөсірім көкөрімнің де ертең ел тірегіне айналары анық.
Гүлжан МАРҚАБАЙ